Түркістан қаласының әкімі салық түсімдерін арттыруды тапсырды

Oinet.kz 19-09-2025 42

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен кезекті мәжілісте жергілікті бюджетке түсетін салық түсімдері, индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы және орындаушылық тәртіп мәселелері қаралды. 

Screenshot_19.jpg

Жиынға Түркістан қаласы мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Ш.Жаңбырбаев, білім бөлімінің басшысы Б.Төлімбет, қалалық полиция басқармасының өкілдері, сала басшылары, сондай-ақ мониторинг және жедел әрекет ету орталығының өкілдері қатысты.

Жиын барысында биылғы жылдың үшінші тоқсанына қатысты түйінді индикаторлар бойынша болжамды мәліметтер ұсынылып, бөлімдердің осы бағытта атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Шакен Жаңбырбаевтың айтуынша, 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында Түркістан қаласы бойынша мемлекеттік кірістер жоспары толығымен орындалған. Сонымен қатар, кәсіпкерлік мақсатындағы жылжымайтын мүлікті қайта бағалау нәтижесінде оң өзгерістер байқалады. 

Бағалаудан өткен 685 нысанның бұрынғы құны 16,9 миллиард теңге болса, қайта бағалау нәтижесінде олардың құны 81,9 миллиард теңгеге жеткен. Бұл алты есеге артып, жергілікті бюджетке қосымша 366,5 миллион теңге мүлік салығының түсуіне мүмкіндік беретінін жеткізді. 

Қала әкімі салық түсімдерінің әлі де төмендігін атап өтіп, салықтық берешегі бар мекемелермен жұмысты күшейтуді, өтеу кестелерін жасап, әр екі апта сайын берешек көлеміне тұрақты талдау жүргізіп, POS-терминалдар мен фискалды чектерді қатаң бақылауға алу жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. 

Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағында заңдылықты қамтамасыз ету және салық базасын кеңейтуге бағытталған бірқатар міндеттемелерді жүктеді. Атап айтқанда, мемлекеттік және жекеменшік мектептер мен балабақшаларда жұмыс істейтін қызметкерлердің, сондай-ақ ауруханалардағы мамандардың тізімін жинақтап, кірістер басқармасына ұсынуды тапсырды. Сонымен қатар, өзге өңірлерде орналасқанымен, Түркістан облысына қарасты мекемелерді қалаға тіркеу және құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компанияларды заң аясында есепке қоюды міндеттеді. 

Сонымен қатар, индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы бойынша экономика және қаржы бөлімінің басшысы Олжас Булегенов баяндама жасап, әлеуметтік көрсеткіштердің жүзеге асырылу барысын баяндады. 

Сондай-ақ, қала аумағындағы қонақ үйлердің қызметін талдап, кәсіпкерлік мақсатта пайдаланылып отырған ғимараттардың мемлекеттік қабылдау актілерін қайта зерделеу, заңсыз жұмыс істеп жүрген шетел азаматтарын және рұқсатсыз құрылыс жүргізіп жатқан жеке кәсіпкерлерді анықтап, оларға қатысты заңға сәйкес шара қабылдауды тапсырды. 

Жиынды қорытындылаған Әзімбек Пазылбекұлы мемлекеттік сатып алулар мен қаржы тәртібінде кемшіліктерге жол бермеуді, барлық тапсырмалардың сапалы әрі уақытылы орындалуын талап етті. «Мерзімінде және сапалы орындалмаған әр іс-қаладағы жағдайға кері әсер етеді. Сондықтан тәртіпті күшейтіп, барлық мәселені дер кезінде шешуді талап етемін. Бүгін жүктелген барлық тапсырмалардың орындалуы – жеке бақылауымда болады. Баяу қимылдауға, формализмге жол берілмейді, – деп атап өтті. 

Түркістан қаласында құрылыс жұмыстары аяқталған нысандар ел игілігіне берілуде
Түркістан қаласында азық-түлік бағасы тұрақты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу