Түркістан қаласында құрылыс жұмыстары аяқталған нысандар ел игілігіне берілуде

Oinet.kz 19-09-2025 41

Түркістан қаласындағы құрылыс саласында оң серпіліс бар. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының айтуынша, инвесторлардың күшімен қалада көп құрылыс нысандары өз шешімін табуда. 

Screenshot_18.jpg

Сондай-ақ қала басшылығы шетелдік инвесторларды тарту арқылы өнеркәсіп өндірісін де жолға қойып отыр. Мәселен, Түркия Республикасының «Sensemi» компаниясының өкілдерімен кездесу барысында Түркістан қаласында заманауи газ, электр және су өлшеуіш құрылғыларын өндіру жобасын іске асыру келісілді. 

Инвесторлардың айтуынша, аталған жобаның құны бірінші кезеңде 5 миллион АҚШ долларын, екінші кезеңде 10 миллион АҚШ долларын құрайды. Жоба толық жүзеге асқан жағдайда шамамен 450 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Өндіріс орны Түркістан қаласының арнайы экономикалық аймағында орналаспақ.

Сонымен қатар Түркістан қаласында жол, көпір, жаяу жүргіншілері жолын салу сынды халық тарапынан көтерілген мәселелер де шешімін табуда. Атап айтсақ, 2023 жылы қаладағы «Бекзат» секторын «Сауран» және «Шавгар» секторларымен байланыстыратын екі темір жол өткелінің құрылысы басталды. Осы салаларға жауапты мекеме өкілдерінің айтуынша, құрылыс жұмыстары 2023 жылы басталып 2025 жылдың соңында пайдалануға берілуі тиіс. Бұл жұмыстың барысы қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының да бақылауында тұр. 

Түркістан қаласында тұратын халық саны шамамен 240 мың адам. Оның төрттен бір бөлігі «Бекзат» секторында тұрады. Бұл секторды аталған күре жол қала орталығынан бөліп тұр. Осынша халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігі орталықпен байланыссыз болмайтыны белгілі. Ол үшін шаһардың бас қақапасы – темір жол вокзалы аумағында бір ғана жаяу жүргінші өткелі бар. Бүгінгі күні «Бекзат» пен «Сауран» секторларын жалғайтын ұзындығы 46 метрді құрайтын көпір құрылысы аяқталуға жақын. Құрылыс талаптарына сәйкес құрылыс жұмыстарының шамамен 10-15 пайыз жұмысы қалған. Мұндағы құрылысқа «Алемтрансжол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауапты. Серіктестік өкілі Нұржан Файзуллаевтың айтуынша, жалпы құны құны 334,5 миллион теңгені құрайды. Нысанды осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру көзделуде. 

Ал «Бекзат» пен «Шавгар» секторларын жалғайтын 117 метрлік екінші көпірдің құрылысы шамамен алдағы жылдың ақпан айларында пайдалануға берілмек. Себебі аталмыш құрылыс мекемесі өкілінің айтуынша 550 миллион теңгенің о жақ, бұ жағындағы қаржыны құрайтын жобаның көлемі үлкен және негізгі магистральді темір жолдың жиегінен ұстын орнату керек. Сол үшін «Қазақстан темір жол» АҚ басшылығынан рұқсат алуы тиіс екен. Осы мәселе қолбайлау болып тұрғанын айтады. Ал бүгінгі күні «Бекзат» пен «Сауран» секторларындағы бірінші нысанда 20, екінші нысанда 30-дан астам құрылысшы еңбек етуде. 

Сонымен қатар Түркістан қаласындағы мәдениет және спорт саласында құрылысы жүріп жатқан нысандар аз емес. Соның бірі Сауран секторында орналасқан құны 600 миллион теңгені құрайтын жаңа спорт кешені. Кешен жақында ел игілігіне берілді. Сөйтіп Түркістан топырағында кіндік қаны тамған даңқты боксшы, қазақ боксының қара нары Әбдісалан Нұрмаханов атымен аталатын облыстық олимпиада резервін дайындайтын спорт мектебі осы ғимаратқа орналасыпты. Талай жасты қанаттандырып, спорт әлемінде ел намысын қорғайтын жігерлі жастарды тәрбиелеп жүрген бұл мектеп соңғы жылдары әржерді паналап келген екен. Мұндағы бір ғимаратта екі спорт залы қарастырылған. Оның бірінде күрестің бірнеше түрінен жаттығу жасалса, екінші қабатында орналасқан залда бокс үйірмелері жұмыс істейтін болады. Сонымен бірге, спортшылардың жуынатын бөлмелері, әкімшілік бөлмелерге де ден қойылған. Ал, спорт ғимаратының сыртқы ауласында шағын футбол алаңы, белтемір құрылымдары секілді орындар қарастырылған. Айта кетерлігі, спорт нысандарын салуды Түркістан қалалық мәслихат депутаттары бастама етіп көтерген болатын. Нәтижесінде әкімдік ұсынысты қолға алып, игі бастама іске асып ел игілігіне беріліп отыр. 

Бұл – жоба бұқаралық спортты дамытуда таптырмайтын мүмкіндік десек болады. Себебі, бұған дейін орталықтағы спорт кешендеріне, спорттық үйірмелерге қаланың әр аймағындағы балғын балалардың қолы жете бермейтін. Салдарынан ата-аналар яғни, шаһар тұрғындары осындай мүмкіндігі жоғары спорт нысандары көптеп салынса деген тілегін әр жиындарда көтеріп, билік өкілдеріне мәселе жолдап отыратын. 

Бұдан бөлек, Түркістан қаласында 500 орындық көрермен залы бар мәдениет үйі қолданысқа берілді. Жалпы алаңы 3 мың шаршы метр шамасындағы ғимаратта концерт залы, шағын мәжіліс залы және арнайы қызметтік бөлмелері мен асхана қарастырылған. Жобаның жалпы құны 1 миллиард 600 миллион теңгені құрайды. Жалпы жаңа мәдениет үйінде келушілерге қажетті жағдайлар толық ескерілген. Концерт залында дыбыс құрылғылары, бейнеэкран секілді өзге де жабдықтар қамтылған.

Сонымен қатар қала тұрғындарының өмір сапасын жақсарту және балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау мақсатында Түркістан қаласында жаңа ойын және спорт алаңшаларының құрылысы жүргізіліп, кезекпен пайдалануға берілуде. Қала әкім Әзімбек Пазылбекұлының тапсырмасымен биыл 9 заманауи алаңша салынып, халық игілігіне ұсынылды. Бұл бастама қала басшысының тұрғындармен кездесуі кезінде көтерілген ұсыныстарды жүзеге асыру нәтижесінде қолға алынған болатын. 

Түркістан қаласында құрылыс жұмыстары аяқталған жаңа спорт алаңдары Қазақбай, Алтай, М.Әбенова, А.Жангелдин, Мұғалжар, Ш.Уәлиханов, Р.Дастанова көшелерінде орнатылған. Бұған қоса, Хақназар хан және Ш.Ниязов көшелерінде футбол алаңшалары салынды. Құрылыс жұмыстары биыл ақпан айында басталып, бүгінде толық аяқталды. Барлық нысандар сапа мен қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталған. Сонымен бірге, аумақ абаттандырылып, көгалдандырылды. Тұрғындар үшін инженерлік инфрақұрылым да қарастырылды. Айта кетсек, қазіргі таңда Түркістан қаласында 250-ге жуық ойын және спорт алаңшасы жұмыс істеп тұр.

Бұдан бөлек, бүгінгі күні Түркістан қаласында жаңа ипподром мен қолөнершілер орталығының коммуналдық-инфрақұрылым бағытындағы құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жалпы аумағы 99 гектарды құрайтын ипподром кешенінде ұзындығы шамамен 4 шақырым болатын бәйге жолы, 1500 орындық ашық трибуна, 120 орындық жабық манеж, 100 жылқыға арналған атқоралар және жаттығу алаңдары қарастырылған. Жоба ат спортын дамытуға, сондай-ақ көрермендерге қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Жаңа ипподромды 2026 жылдың қаңтар айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. 

Сонымен қатар, қыркүйек айында пайдалануға берілетін «Қолөнершілер қалашығы» кешенінің жалпы аумағы 2,3 гектарды құрайды. Нысанның құрылыс жұмыстары 1,5 гектар аумақта жүргізілуде. Туристік және мәдени бағыттағы кешен 8 негізгі функционалды бөліктен тұрады. Мұнда 20 шеберхана, 2 шоурум, көрме залы, мейрамхана, қонақүй және өзге де қажетті инфрақұрылым қарастырылған. Сондай-ақ, өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, арнайы брендтік каталог әзірленіп, ұлттық кәдесыйлар нарыққа шығарылатын болады.

Түркістан қаласында 7 ай қорытындысы бойынша салық түсімі толық орындалған
Түркістан қаласының әкімі салық түсімдерін арттыруды тапсырды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу