Түркістан қаласының инфрақұрылымы жақсарып келеді

Oinet.kz 19-09-2025 42

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен қала құрылысы кеңесінің кезекті мәжілісі өтті. Жиынға қала әкімінің құрылыс және сәулет саласына жетекшілік ететін орынбасарлары, облыстық және қалалық басқарма, бөлім басшылары, сәулетшілер, жобалаушы ұйым өкілдері мен инвесторлар қатысты.

Screenshot_16.jpg

Мәжілісте қала аумағындағы құрылыс және сәулет жобаларына қатысты 10 өзекті мәселе талқыланды. Атап айтқанда, 5 қабатты 8 блоктан тұратын тұрғын үй кешені, коммерциялық нысандар, қонақ үйлер құрылысы, мейрамхана мен SPA орталығы, жиһаз салоны және асханалар жобалары талқыланды. Сонымен қатар, қаладағы Рәміздер алаңын жандандыру мәселесі де кеңес мүшелерінің назарында болды. Сондай-ақ жол инфрақұрылымын дамыту жоспарының орындалу барысы және мердігер ұйымдардың жұмысына бақылау мен қаланың 6 секторы бойынша өзекті мәселелер қаралды. 

Жиында Әзімбек Пазылбекұлы Түркістан қаласының экономикалық өсімі үшін жол мен инфрақұрылымды дамытудың маңызы аса зор екендігін баса айтты. Жалпы қалада 845 шақырым жол мен 875 көше бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша олардың 50,3 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Биыл 138,5 шақырым жол жөнделуде. Жалпы жол құрылысын жыл соңына дейін жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 66,7 пайызға жетеді деп күтілуде. Қала әкімі орындалып жатқан жұмыстардың сапасы мен қарқынына байланысты бірқатар сын-ескертпелер айтты. Атап айтқанда, жөндеу жұмыстарының баяу жүргізіліп жатқаны, ішкі көшелердің назардан тыс қалуы және жобалық-сметалық құжаттар мен бюджеттеу барысында жүйелі кемшіліктердің бар екендігі айтылды.

 – Қала тұрғындарынан түскен әр үшінші шағым жол сапасына байланысты болады. Дегенмен көшелер жөнделіп жатыр, жобалар жасалуда – бірақ тұрғын сұранысы мен жоспардың арасында байланыс жоқ. Қала аумағында жаңадан асфальт төселіп жатқан көшелерге жол белгілері уақытылы орнатылмай отыр. Бұл – ең алдымен жол-көлік оқиғаларына алып келетін тікелей қауіп. Бұдан былай жол жөндеу мен жол қауіпсіздігі шаралары – біртұтас процесс ретінде қаралуы тиіс. Жол бар, бірақ белгі жоқ деген жағдайға мүлде жол берілмесін, – деді қала әкімі.

Сонымен қатар, мониторинг және жедел әрекет ету орталығының жұмыс нәтижесінде анықталған өзекті мәселелер талданып, қала аумағындағы ретсіз сауда мен жарнамаларды ретке келтіру, салық төлемдерін өндіру, кәсіпкерлермен жүйелі жұмыс жүргізу, сондай-ақ депутаттық сауалдарға берілетін жауаптардың тұрғындарға да қолжетімді болуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы барлық берілген тапсырмалардың орындалуын жеке бақылауына алатынын, жол-көлік инфрақұрылымы, қоғамдық қауіпсіздік және қала тазалығы тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін негізгі басым бағыттар екенін атап өтті. 

Сондай-ақ, мәжіліс барысында «Turan» арнайы экономикалық аймағы» АҚ төрағасының міндетін атқарушы Нұрлан Серікқалиұлы мен қалалық сәулет бөлімінің басшысы Мұхит Қадірұлы баяндама жасады. Мұхит Қадірұлының айтуынша, Түркістан қаласында бой көтеретін нысандардың сәулеті бекітілген дизайн кодқа сәйкес салынуы шарт. Әрбір нысанның құрылысы қатаң бақылауда тұр. Жиында тұрғын үй, туризм, мәдениет бағытындағы жаңа нысандардың жобалары ұсынылды. 

– Түркістанның туристік әлеуеті өте жоғары. Әсіресе, туризм кластерінің басым бағыты, көлік инфрақұрылымы жақсы жолға қойылған. Облыс орталығы – Түркістан қаласы – тарихи туризмнің алтын ұясы. Қалада туристер мен қонақтарға, тұрғындарға қажетті ойын-сауық орталықтары, заманауи қонақ үйлер, мәдени-тарихи ошақтар, драма театры, мейрамханалар, салтанат үйлері, аквапарк, спорттық-демалыс нысандары, базарлар мен супермаркеттер толықтай талапқа сай салынып, халықтың игілігіне жарауда. Сондықтан Түркістанда толықтай туристерге қызмет көрсете алатын орындар баршылық, – дейді Мұхит Қадірұлы.

Қала әкімі әрбір жобаның сапасына, қолданылатын материалдарға, абаттандыру жұмыстарына ерекше назар аударуды тапсырды. Сонымен қатар жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобаларда функционалдық пен қолжетімділік маңызды екенін атап өтті. Жауапты тұлғаларға ұсынылған жобаларды нақтылап, бекітілген мерзімге сәйкес жүзеге асыруды тапсырды.

Жиын соңында тиісті шешімдер қабылданып, ұсыныстар талқыланды. 

Түркістан қаласындағы арнайы экономикалық аймақтарда жаңа жобаларға қолдау бар
Түркістан қаласында 7 ай қорытындысы бойынша салық түсімі толық орындалған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу