Түркістан – түркі әлемінің келіссөз орталығы
23-04-2025
Түркістан қаласындағы «TURKISTAN» және «TURAN» арнайы экономикалық аймақтарында инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашуға басымдық берілген.
Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы өкілдерінің айтуынша, 2019-2025 жылдардың қорытындысы бойынша «TURAN» арнайы экономикалық аймағының инвестициялық портфелі жалпы құны 751,6 миллиард теңге болатын 221 жобаны құрады. Оның ішінде 253,9 миллиард теңгені құрайтын 39 жоба жүзеге асырылып, 1353 тұрақты жұмыс орны құрылған. 464,6 миллиард теңгеге 137 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек арнайы экономикалық аймақ аумағында 34,1 миллиард теңгеге 45 жоба жүзеге асып, қонақүйлер, туристік кешендер, сауда ойын-сауық орталықтары елге қызмет көрсетуде.
Қатысушы есебінде тіркелген жобалардың құрылысы барысында жаңа 11236 жұмыс орындарын құру жоспарланған. Жыл соңына дейін 46,5 миллиард теңгеге 1360 тұрақты жаңа жұмыс орнын құратын 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Қазіргі таңда жаңадан қосымша 104 миллиард теңгені құрайтын 11 әлеуетті жобаны іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен бірге арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылымын жетілдіру, инвесторларға қолайлы жағдай жасау бағытында да тиісті тірліктер атқарылып келеді. Өнеркәсіптік аймақтар газбен, қоршаумен, абаттандыру, су және кәріз жүйелерімен қамтылуда.
Бүгінгі күні осы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында жұмыс істеуге ниетті инвесторлар қатары артуда. Соның бірі – «Караван-Темір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Кешегі күні серіктестік өкілдері Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлымен кездесіп, алдағы жоспарды бірлесе талқылады. «Караван-Темір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен болған кездесуде қаладағы құрылыс индустриясын дамытуға бағытталған маңызды инвестициялық жобаларды талқылап, микрокристалды тас пен декоративті қаптама материалдарын өндіретін кәсіпорын ашу мәселесі қаралды.
Қала әкімі инвесторларға Түркістанның инвестициялық мүмкіндіктері мен туристік әлеуеті жөнінде кеңінен сөз қозғап, бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасалғанын және жергілікті билік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті. Сөйтіп қала әкімдігі мен «Караван-Темір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жалпы құны 6,4 миллиард теңгені құрайтын өндіріс орнын ашу бойынша келіссөздер жүргізді. Жоспар бойынша кәсіпорын жылына 120 мың шаршы метрге дейін микрокристалды тас және 150 мың шаршы метр декоративті қаптама материалдарын шығаруға қауқарлы. Жаңа зауыт «TURAN» арнайы экономикалық аймағында орналасып, 80-нен астам жаңа жұмыс орны ашпақ ниетте.
Кездесу аясында тараптар өзара ынтымақтастықты нығайтуға және жобаның сәтті жүзеге асуына қажетті шаралар қабылдайтындықтарын жеткізді.
Ал «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы 365 гектарды құрайды. Бұл өнеркәсіптік аймағының инфрақұрылым жүйелерінің І және ІІІ кезеңдерінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мұнда бірнеше жоба жүзеге асыру бойынша нақты келісімдер бар. Алдағы уақытта арнайы экономикалық аймаққа ірі инвесторларды тарту көзделіп отыр.
Түркістанда Қазақстан мен Өзбекстан бірлесе тігін фабрикасын ашты. Тігін фабрикасы Түркістанның индустриалды аймағында салынған. Жобаны іске қосуға 700 миллион теңге жұмсалды. Өндірістің қуаттылығы айына 13 мың тоқыма бұйымдарын шығаруға бағытталған. Кәсіпорын әйелдер үшін 1000-нан астам жаңа жұмыс орындарын ашады. Сонымен қатар, үкімет басшылары екі ел арасындағы сауда ынтымақтастығын талқылау барысында ондағы жылдық тауар айналымын 10 миллиард долларға дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Сондай-ақ, көрші елдің инвесторлары Түркістанның индустриалды паркінде газ плита мен су жылытқыш құрылғылар өндіруге ниетті. Қала әкімінің айтуынша, бүгінде арнайы экономикалық аймаққа коммуналдық желі толықтай тартылған. Енді осы жерге іргедегі көршілер зауыт салатын болса, шарапатын қос тарап бірдей көрмек. Біріншіден, 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Әрі тұрмыстық техниканың бағасы тұтынушылар үшін әлдеқайда арзандауы мүмкін.
Бүгінде Түркістан қаласында шағын және орта кәсіп экономиканың дамуында айрықша рөл атқарып жатқаны аңғарылады. Цифрларды сөйлетсек, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қаланы сипаттайтын басты көрсеткіш – жалпы өңірлік өнім көлемі 222,6 миллиард теңгеге жетіп, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 15 пайызға артты. Қазіргі таңда аймақта шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен өнім шығарылымы 82,8 миллиард теңгені құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 11,3 пайызға артқан. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айына 22292 бірлікті құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 25,5 пайызды құрады. Ал өңірдің экономикалық дамуын анықтайтын басты сала – өнеркәсіп саласында 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айына 18,8 миллиард теңгенiң өнімі өндіріліп, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 4,3 пайызға артты.
Сала мамандары былтыр инвестиция саласы бойынша көрсеткіште оң динамика қалыптасқанын айтады. Яғни, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 245,8 миллиард теңгені құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 23,3 пайызға артқан. Оның ішінде: жеке инвестиция көлемі 154,6 миллиард теңгені құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 55 пайызды құрады. «Соңғы бес жылдағы өзгерістер қала дамуына жаңа мүмкіндіктер ашқанын ерекше атап өткен жөн. Халық табысының өсуіне және олардың әл-ауқатына оң әсерін тигізетін жобаларды жүзеге асыруға облыс орталығында барлық жағдайлар қарастырылған. Сол себепті, қазір жекеменшік секторды нығайтуға арналған ауқымды реформаларды жүзеге асыруға басымдық беріліп отыр. Бұл өз кезегінде бәсекелестікті арттыруға, жалпы, экономиканың өсуіне ықпал етері сөзсіз» дейді қала басшысы.
Расында, халық табысының өсуі үшін көптеген жағдайлар жасалғандықтан, қаламызда кәсіпкерлікпен айналысатын адамдар саны артып келеді. Кәсіпкерлікті жүргізу үшін өңірде қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Бизнес үшін қаржылай қолдау шаралары қолжетімді. «Бизнестің жол картасы 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары кәсіпкерлерге айтарлықтай ықпалын тигізіп жатыр. Осы бағдарламалар арқылы кәсіпкерлер 17 миллиард теңгеге жеңілдетілген несиелерді пайдаланды. Жалпы, бағдарламаларды орындау бойынша өңір республикада алғашқы үштіктің қатарында келеді. Бұдан басқа жергілікті деңгейде жас кәсіпкерлер және стартап жобаларды қолдау үшін қажетті бағдарламалар қабылданған. Мәселен, кәсіпкерлер жаңадан құрылған «Атамекен-Түркістан» микроқаржы ұйымы арқылы жеңілдетілген 6 пайызбен несие ала алады. Бүгінде бұл мүмкіндікті кәсіпкерлер ұтымды пайдаланып, 1,8 миллиард теңгеге қаржыланып отыр.
Осы орайда облыс орталығы Түркістан қаласында кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп, көптеген бағдарламалар қолданысқа еніп, кәсіп иелерінің игілігіне жаратылуда. Мұның барлығы өнеркәсіп, шағын және орта бизнес, бөлшек сауда, ауыл шаруашылығы саласында көрініс табуда. Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты тиісті сала мамандарының айтуынша, өз кәсібін ашамын деушілерге бүгінде мол мүмкіндіктер берілген. Қазіргі таңда өнеркәсіпте, шағын және орта бизнес түрлерінде жетістіктерге жетіп жатқан азаматтар аз емес.