Түркістан қаласында жылыту маусымына дайындық тұрақты бақылауда

Oinet.kz 18-09-2025 37

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен аппараттық жиында шаһардың жылыту маусымына дайындық барысы қаралған еді.

Screenshot_14.jpg

Жалпы жиын 2025-2026 жылғы жылу беру маусымына дайындық барысы және қала әкімдігі тарапынан орындалуға тиісті негізгі міндеттердің жүзеге асуы талқыланды.

Алдағы қысқы маусымға дайындық жұмыстары бойынша Коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Арман Оспан мен «Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Ерғазы Рысбеков баяндама жасап, нақты көрсеткіштерді ортаға салған болатын. 

Бүгінгі таңда Түркістан қала аумағында жалпы ұзындығы 56,2 шақырымды құрайтын жылу жүйесі бар. Оның ішінде 6,9 шақырым магистральдық, 49,3 шақырым ішкіорамдық құбырлар қамтылған. Қала бойынша 18 қазандық бөлімшесінде 77 қазан орнатылған. Орталық жылу жүйесіне 223 көпқабатты тұрғын үй, білім, денсаулық сақтау және мәдениет салаларындағы 18 бюджеттік мекеме, сондай-ақ кәсіпкерлік нысандар мен жеке тұрғын үйлер қосылған.

– Өздеріңіз жақсы білетіндей, бұл жылыту маусымына дайындық барысын облыс әкімі Нұралхан Көшеров өзінің жіті бақылауына алған. Жуырда айақ басшысының төрағалығымен өткен жиында облыс басшысы білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік және мәдениет, спорт салаларындағы нысандардың жылыту жүйелері түгелдей тексеріліп, жөндеу жұмыстары уақытылы аяқталуы керектігін атап өтті. Сондай-ақ жылыжай иелері мен жеке тұрғын үйлердің иелері қыс түспей тұрып, алдын ала қамдану қажеттігі айтылды. Сондай-ақ облыс әкімі білім беру мекемелеріндегі жылыту жүйесіне ерекше көңіл бөлуді тапсырды, - деп атап өтті қала әкімі. 

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиевтің мәлімдеуінше, өңірдегі дайындық жұмыстары өңірлік штабтың тұрақты бақылауында. Қазіргі таңда облыста жылумен қамтамасыз ететін 7 кәсіпорын қызмет көрсетуде. Оның ішінде 1 жылу энергетикалық кешен, 36 орталықтандырылған қазандық, 2 083 автономды қазандық бар. Бұл нысандарда жылыту маусымына дайындық аясында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Электрмен қамтамасыз ету бағытында 1239 шақырым электр беру желісі, 26 қосалқы станция, 465 трансформатор қондырғысына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. «Qazaq Gaz» АҚ тарапынан 2025-2026 жылдарға арналған жөндеу жұмыстары толық аяқталған.

Орталық жылу беру ұйымдарының дайындығына 7,8 миллиард теңге қарастырылған, оның ішінде 7,7 миллиард теңге бюджет есебінен бөлінген. Түркістан қаласындағы 18 орталықтандырылған қазандықтың барлығында қысымдау жұмыстары толық жүргізілген. Сонымен қатар орталық қазандықтарға резервтік отын түрлерін орнату жұмыстары жүріп жатыр.

Сондай-ақ әлеуметтік нысандардың жылу жүйелеріне де қысымдау жұмыстары жүргізілген. Облыс бойынша көмір отынына деген жалпы қажеттілік – 600,1 мың тонна. Бюджеттік мекемелердің қамтамасыз етілуі кестеге сай жүргізілуде. Сонымен қатар жеке тұрғындар мен жылыжай иелеріне де қажетті отынды алдын ала сатып алып, қамдану қажеттігі ескертілді.

Бұл салаға жауаптылардың айтуынша, биыл Түркістан қаласында көктем айларында барлық қазандықтар мен жылу жүйелерінде қысымдау және шаю жұмыстары жүргізіліп, анықталған ақаулар толық жөнделді. Қазіргі таңда ыстық сумен қамту тұрақты түрде жүзеге асуда. Жылу маусымы басталар алдында қазандықтар тағы да тексерістен өтеді.

Қала әкімі осы қыркүйекте барлық мектептер, ауруханалар мен балабақшалардың дайындық актілерін бекітуді тапсырды. Сонымен қатар, электр және газ жеткізушілер алдындағы берешектерді өтеу үшін нақты іс-шара жоспарын әзірлеуді, дебиторлық қарыздарды өндіріп алу жұмыстарын күшейтуді және ай сайын қарызды азайту динамикасын көрсетіп отыруды міндеттеді.

Түркістан қаласында өнеркәсіп өндірісі қолдау табуда
Түркістан қаласындағы арнайы экономикалық аймақтарда жаңа жобаларға қолдау бар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу