Түркістан – түркі әлемінің келіссөз орталығы
23-04-2025
Түркістан қаласында кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп, көптеген бағдарламалар қолданысқа еніп, кәсіп иелерінің игілігіне жаратылуда. Мұның барлығы өнеркәсіп, шағын және орта бизнес, бөлшек сауда, ауыл шаруашылығы саласында көрініс табуда.
Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты тиісті сала мамандарының айтуынша, өз кәсібін ашамын деушілерге бүгінде мол мүмкіндіктер берілген. Қазіргі таңда өнеркәсіпте, шағын және орта бизнес түрлерінде жетістіктерге жетіп жатқан азаматтар аз емес.
Атап өтерлігі, Түркістан қаласында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы қарқынды түрде жүргізілуде. Түркістан қаласы халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, жүйелі жұмыстар нәтижесінде «Еңбек» бағыты бойынша 7143 азамат жоспарланса, 6501 азамат белсенді шараларға тартылды. Атап айтсақ, 3679 азамат тұрақты бос жұмыс орындарымен қамтылса, 201 азамат уақытша ұйымдастырылатын әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды. Сондай-ақ, 535 жас түлек «Жастар практикасымен», 102 жас алғашқы жұмыс орындарымен, 175 азамат – «Күміс жас» жобасы аясында жұмыспен қамтылса, 1242 тұрғын ақылы қоғамдық жұмыс орындарына жолданды.
Сонымен бірге Түркістан қаласы мен облыста ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп қатар дамуда. Соңғы жылдары бұл өңірде агроөнеркәсіп кешенін қайта өңдеуге басымдық беріліп, жаңа өндірістік қуаттар іске қосылуда. Соның бірегейі – Түркістандағы «Түркістан Текстиль» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған маңдайалды мақта-мата кластері. Жобаның құрылыс барысымен облыс әкімі Нұралхан Көшеров те арнайы барып танысқан болатын. Өңір басшысы кластердің экономикалық мән-маңызын атап өтіп, сапалы әрі жедел іске асыруды тапсырды.
Бұл еліміздегі ең ірі тоқыма кластерлерінің бірі болмақ. Жалпы құны 86,5 миллиард теңгені құрайтын өндіріс кешенінде 2345 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Өз шикізатына негізделген ішкі өндіріс тізбегі қалыптасады және экспортқа бағытталған дайын өнімдер шығарылады. Жергілікті мақта өндірушілер үшін тұрақты өткізу нарығы пайда болады.
– Біз шикізатты тек өсіріп қана қоймай, оны толық өңдеп, қосылған құны жоғары өнімге айналдыруымыз қажет. Бұл – Президент тапсырмасы. Түркістан облысы мақта егетін жалғыз өңір. Ендеше, тоқыма кластері осы саланың болашағын анықтайтын маңызды тетік болады. Біз бұл жобаны жіті бақылауда ұстаймыз, – деген еді облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласындағы мақта-тоқма кластерін аралаған кезде.
Жалпы Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін құру жобасы әзірленген. Ос іске асқанда 75 кәсіпорын салынбақ. Жобаны толық іске асыру кезінде 41,9 мың жаңа жұмыс орны құрылады, жыл сайын бюджетке түсетін түсімдер сомасы 26,2 миллиард теңгені құрайды. Жобаны толық іске асыру үшін инвестиция қажет. Осыған байланысты мақта-тоқыма кластерін құру бойынша салалық бағдарлама қабылдау жөнінде ҚР Үкіметіне ұсыныс енгізілген. Оған қоса, мақта алқаптарын қысқарту, егістікті әртараптандыру бойынша да жұмыстар басталған. Жүгері, маш өнімін егуге ұсыныс берілген. Бүгінде диқандар бұл бағытта да жұмыс жүргізуде. Сарапшылардың айтуынша, аталған дақылдардан түсетін табыс мол әрі сұраныс та жоғары.
Осы тұста айта кетерлігі, 2022 жылдың басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мақта саласы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу және «Мақта саласын дамыту туралы» Қазақстан Республикасы заңының күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойған еді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бүгінде Түркістан облысында мақта кластерін құру жобасы әзірленді.
Мақта дақылын өсіретін еліміздегі бірден-бір өңір – Түркістан облы-сының шаруалары соңғы жылдары баға мә¬се¬лесін жиі көтеріп жүргені де жасырын емес. Облыстың өзіндік табысын арттыру үшін жаңа жұмыс орындарын ашу керектігі бұрыннан айтылып жүр. Бұл ретте мақта кластерін дамытудың маңызы зор. Облыс билігі осы салада ірі фабрика, зауыт ашамын дейтін азаматтарға қолдау көрсетуге дайын. Екіншіден, мақта өсіруде су үнемдеу технологиясын мейлінше жетілдіру қажет. Жалпы мақта шаруашылығы үлкен ізденістер мен зерттеулерді талап етеді. Облыс әкімдігі тарапынан мақта кластерін дамытуға жағдай жасалуда. Осы бағытта өңір басшылығының жоспарлары да бар.
Бүгінде Түркістан облысы кәсіпкерлікке қолдау көрсету және бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасау жөнінен еліміз бойынша жетекші орында тұр. Өңірде өндірісті дамытуға мүмкіндік мол. Арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар бар. Оның ішінде мақта шаруашылығын, мақта кластерін дамытуға облыстың әлеуеті толық жетеді. Бүгінгі таңда Түркістан облысының шаруалары 100 мың тонна мақта талшығын өндіре алады. Оның көп бөлігі экспортталады. Тек 15 пайызы ғана терең өңделеді. Терең өңдеу бойынша көрсеткішті ұлғайту – өңір басшыларының бүгінгі таңдағы басты міндеттерінің білі. Бірлескен жобаларды іске асыруда, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп саласында өзара тиімді тәжірибе алмасуда Түркістан облысының болашағы зор деп айтуға әбден негіз бар.
Алдыңғы жылдан бері облыс басшылығы 10 елдің 80-ге жуық өкілімен кездесті. Атап айтқанда, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Германия, Италия, Жапония, Корея, Чехия, Грузия өкілдерімен келіссөздер жүрген. Оның ішінде инвестиция тарту бағытында сыртқы байланыстарды орнату мақсатында 30 шетелдік инвестормен және 10 ресми делегациялармен кездесулер өткен. Қытай Халық Республикасына іссапар аясында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту және қытайлық инвесторларды облысқа тарту мақсатында 11 компаниямен 2,6 триллион теңгені құрайтын келісімдерге қол қойлыған. Облыстың кәсіпкерлері Қытайдан инвестиция тартып, жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын бастап кеткен.
Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін бірнеше маңызды жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 30,2 миллиард теңге болатын 20 жоба іске асырылып, 594 жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Бүгінде 384 жаңа жұмыс орнымен жалпы құны 11 миллиард теңге 10 жоба іске қосылды. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады. Өңірде ірі жобаларды іске асыру есебінен өзіндік кірістерді алдағы 5 жылда қосымша 100 миллиард теңгеге көбейту көзделіп отыр. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, бүгінгі таңда 10 жоба іске қосылды (11 млрд теңге, 384 жұмыс орны).
Облыс экономикасына тартылған инвестиция көлемі 1,4 есе артып, 751 миллиард теңгеден асты. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 225,3 миллион АҚШ долларына жетті. Жалпы құны 3,3 триллион теңге болатын 194 инвестициялық жобалардың пулы қалыптасты. Олар 2023-2026 жылдар аралығында іске қосылып, 16467 жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Былтыр 51 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып, жыл соңында 39 жоба іске қосылды. 1230 жұмыс орны ашылған. Жиһаз өнеркәсібіне инвестиция тарту бойынша айтар болсақ, алдыңғы жылы осы өңірдің жиһаз өнеркәсібіне 13,2 миллиард теңге инвестиция салынып, республикалық деңгейдің 76,8 пайызын құрады.
Инвестиция тартудың өсім динамикасы бойынша облыс республикада 3-орында тұр. Үкіметпен бекітілген жоспар (908,2 млрд. теңге) 107 пайызға орындалды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірді дамытуда инвестиция тарту, ауыл шаруашылығын дамыту, өндірісті дамыту және туризм саласына басымдық беріп отыр. Оның ішінде инвестиция тартуға айрықша көңіл бөлінген. Өңірлік инвестициялық штаб тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Штаб отырысында инвесторлармен тікелей байланыс орнатылып, нақты келісімдер жасалады.
Ал Түркістандағы «Turkistan Textile» жобасы толық өндірістік циклге негізделген. Яғни, жоба аясында элиталық сұрыпты мақта тұқымын жергілікті жерде өсіру, жіп иіру, мата тоқу, киім тігу және дайын өнім өндіру мен ішкі нарық пен экспортқа шығару көзделген. Бұндай жүйе өңірдің ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсібін тоғыстырып, макроэкономикалық көрсеткіштерді жақсартуға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде облыстың ішкі жалпы өндірісінің өсуіне, салық базасының кеңеюіне және жұмыссыздықтың төмендеуіне мүмкіндік береді.