Түркістан қаласында жол құрылысы жалғасын табуда

Oinet.kz 16-09-2025 21

Президентіміздің жаңа Жолдауында мемлекеттің барлық саласына қатысты маңызды бастамалар қамтылды. Әсіресе, көлік-логистика саласын дамытуға, транзиттік әлеуетімізді тиімді пайдалануға ерекше назар аударылды. 

Screenshot_8.jpg

Қазақстан Еуразия мен Азияны жалғайтын ірі дәлізге айналып келеді. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеуде жасанды интеллектіні енгізу қажеттігі айтылды. Бұл заманауи талапқа сай, дұрыс шешім болды. 

Бүгінгі күні Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан 2025 жылға жоспарланған жол жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен қарқынды жүзеге асырылып келеді. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының айтуынша, қазіргі таңда Түркістан қаласы аумағында жалпы ұзындығы 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. Жол сапасын арттыру және тұрғындарға қолайлы инфрақұрылым қалыптастыру мақсатында 2025 жылы қосымша 138,5 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Аталған жұмыстар толығымен іске асқан жағдайда, қаладағы жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 70 пайызға жетпек. 

Ал бүгінгі күні Шауғар секторына қарасты М.Абенова көшесінде жол құрылысы аяқталуға жақын. Жоба аясында екі жақтама жиектас орнатылып, ені 10 метр болатын жаңа асфальт жабындысы төселеді. Жөндеу жұмыстары қыркүйек айының соңына дейін аяқталуы жоспарлануда. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында көлік-логистика саласына және ел өңірлерінде инженерлік-инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне айрықша көңіл бөліп келеді. Инфрақұрылымдық жүйелердің дамуы айналып келгенде, ел ішіндегі алыс-беріс пен барыс-келісті арттырумен қатар, тұрғындардың тұрмысымен қатар, көлік қатынасы мен жолаушылар тасымалын жақсартуға да үлкен сеп. Заман өзгеріп, еліміз өркениетке құлаш ұрып дамыған жаңа кезеңге аяқ басқан қазіргідей кезде ел өңірлерінде, әсіресе қалалы және ауылды жерлерде тұратын тұрғындар үшін инженерлік-инфрақұрылымдық даму, оны жақсарту мәселелерінің өзекті болып отырғаны жасырын емес. 

Сонымен қатар, Президентіміз шекаралық аймақтардағы бақылау бекеттерін жаңғыртуға мән берді. Бұл өте орынды, себебі еліміздің Қытаймен, Ресеймен, Өзбекстанмен арадағы өткізу бекеттері халықаралық стандарттарға сай болуы керек. Президенттің 34 шекаралық бекетті жаңғырту туралы тапсырмасы халық күткен шешім. Өйткені ол жерден күн сайын мыңдаған адам мен тонна-таған тауар өтеді. Тағы бір маңызды мәселе – туризм саласы. Мемлекет басшысы еліміздің туристік әлеуеті жоғары болғанымен, қызмет көрсету сапасының төмендігі мен инфрақұрылымның жеткіліксіздігін ашық айтты. 

Ал Түркістан қаласында жол құрылысы қаланың бас жоспарына сәйкес атқарылуда. Мәселен, Отырар секторындағы Яссы – Гаухар ана көшелері аралығындағы жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мұнда асфальт төсеу және бір жақтама аяқжол салу жұмыстары қарастырылған. Бұл жұмыстар да қыркүйек айының соңына дейін толық аяқталмақ.

Түркістан қаласы әкімдігі жол жөндеу жұмыстарының сапасына тұрақты бақылау жүргізіп, жобалардың уақытылы әрі талапқа сай орындалуы қала билігі тарапынан бақылауға алынған. 

Түркістан қаласында кәсіпкерлік салада атқарылған жобалар аз емес
Түркістан қаласында қоғамдық көліктерде жеңілдіктер де қаралған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу