Түркістан – түркі әлемінің келіссөз орталығы
23-04-2025
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында елде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, шетелдік инвестиция тарту арқылы отандық кәсіпорын қуатын арттыруға көңіл бөлініп келеді.
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының айтуынша, Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында берілген тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында Түркістан облысында кәсіпкерлік саласын қолдау мен дамыту жұмыстары қарқынды жалғаспақ. Қала әкімінің төрағалығымен өткен жиында да осы мәселелер қаралған болатын.
Жиын барысында қала әкімі кәсіпкерлікті дамытудағы өзекті мәселелерге тоқталып, шағын және орта бизнесті қолдау мен инвестиция тарту бағытында атқарылған жұмыстардың есебін тыңдады. Кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы Мұхтар Ақжігітұлының айуынша, осы жылдың алғашқы сегіз айында Түркістан қаласы аумағында жалпы құны 5,3 миллиард теңгені құрайтын 17 жоба іске асырылып, нәтижесінде 193 жаңа жұмыс орны ашылған. Кәсіпкерлікті қолдау аясында өнеркәсіп, білім, логистика, медицина, жеңіл өнеркәсіп және өзге де салалар бойынша жобалар екінші деңгейлі банктер арқылы қаржыландырылуда.
– Түркістан қаласында мемлекет тарапынан қабылданған көптеген жобалар мен бағдарламалар кәсіпкерлер тарапынан өз жалғасын табуда. Бұл – ең алдымен, өңірімізде қолға алынған жобалардың табысты жүзеге асуына жол ашқаны белгілі. Мемлекеттік бағдарламалардың басты мақсаты – кәсіпкерлерді қолдап, кәсіпорындардың әлеуетін арттыру. Бағдарлама қаржылық қолдаудан басқа, инфрақұрылымды дамытуға да бағытталған. Осының аясында жүзеге асырылып жатқан индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы – ел экономикасын түбегейлі жаңа сапалы деңгейге көтеріп, шетелдік инвесторларды көптеп тартуға мүмкіндік беруде. Ең бастысы – сан тараптан инвестициялар тартылуымен сан салада баламасы жоқ бірегей кәсіпорындар бой көтеруі, жүздеген жаңа жұмыс орындарының ашылуы Түркістан жұртшылығының тұрмысы түзеліп, бақуаттана түсуіне, шағын және орта кәсіпкерлік нысандарды көптеп ашуларына өз септігін тигізуде. Түркістан қаласының бар байлығы ел игілігін еселеу үшін кәдеге жаратыла бастауы қуантады, – дейді ол.
Елімізде шағын және орта кәсіпкерлік саланы дамытуда бірқатар кедергілердің барын жеке кәсіпкерлер жоққа шығармайды. Бұл ретте Президентіміз өткен Жолдауында айтқандай шағын және орта кәсіпкерлікке кедергі келтіретін қаулыларға түзетулер енгізіліп, Мемлекет басшысының пәрменімен құзық бұзушылықтардың 29 түрі бойынша кәсіпкерлерді қамауға алу жазасына тыйым салынуының өзі көп нәрсені аңғартады. Өкінішке қарай елде кәсіпкерлерге болыспайтын, олардың дамуына кедергісін тигізетін себептер азаймай отырғаны белгілі.
Ал Түркістан облысында жергілікті кәсіпкерлерді қолдау бағытында жалпы құны 5 миллионнан 500 миллион теңгеге дейінгі жобаларды сүйемелдеу жұмыстары қарқын алып, кәсіпкерлік саласының дамуына оң ықпал етуде. Мәселен, 2025 жылдың басында сүйемелдеуге алынған 343 жобаның 205-і бүгінде іске қосылды. Жалпы құны 31,3 миллиард теңгені құрайтын бұл жобаларды іске қосу арқылы 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Қалған жобаларды жыл соңына дейін толық іске қосу жоспарланып отыр.
Түркістан облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының мәліметіне сүйенер болсақ, шағын және орта кәсіпкерлік саласында негізгі индикаторлық көрсеткіштер бойынша өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 7 айдың қорытындысымен оң өсімге қол жеткізілген. Шағын және орта бизнесті дамыту бойынша негізгі 4 бағыт арқылы жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, шағын және орта кәсіпкерлік саласында бизнес жобаларды жүзеге асыру, шағын және орта бизнесті қаржылай қолдау, индустриялды аймақтарды дамыту, өндірістік парктерді дамыту бағытында жұмыстар қарқын алды. Бұл жұмыстар Түркістан қаласында жақсы жолға қойылып келеді.
Жалпы Түркістан облысында кәсіпкерлерді сүйемелдеу жұмыстарының нәтижесінде, биыл облыста 205 жоба іске қосылды. Таратып айтар болсақ, Шардара ауданында 500 миллион теңгеге «Наурызбай» шаруа қожалығының күріш өнімдерін өңдеу жобасы, Жетісай ауданында 500 миллион теңгеге «Kasym ASES» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мия тамырын қайта өңдеу зауыты, Жетісайда «Төрегелды» медициналық мақта өндірісі, Қазығұрт ауданында «Түркістан Агросервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сүтті қайта өңдеу зауыты, Ордабасыда «Steel Frame» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің металл өндірісі, Ордабасыда «Түркістан Агросервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сұйық мақта майын өндіру жобасы, Арыста «ЮГ транс сервис» ЖШС-ның вагондардың арнайы құрамдарын жөндеу кәсіпорны, Бәйдібекте жеке кәсіпкердің қымыз және сүт өнімдері цехы және басқа да кәсіпорындар өз жұмысын бастады.
Сондай-ақ алдағы уақытта облыстың аудандары мен Түркістан қаласында алдағы уақытта мақта тұқымын өңдеу зауыттары, түйіршіктелген жоңышқа өндірісі, ойын алаңын жинау зауыты, ауыл шаруашылығы техникаларына агрегаттар шығаратын кәсіпорындар, пластикалық құбырлар өндірісі, полистер және бетон бұйымдарын шығаратын кәсіпорын, балық шаруашылығы, микробиологиялық тыңайтқыштар өндірісі, сүт өнімдерін өңдеу цехі, кондитерлік цехті іске қосу жоспарлануда.
Облыста шағын және орта бизнесті қаржылай қолдау шаралары тұрақты жүргізіліп келеді. Бірыңғай кешенді бағдарлама аясында биыл 181 жобаға жалпы 22,8 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бұдан бөлек, осы жылдың шілде айында кәсіпкерлер үшін «Өрлеу» бағдарламасы іске қосылды. Бүгінде бағдарлама арқылы кәсіпкерлерді қаржыландыру жұмыстары басталған.
Шағын және орта бизнесті дамыту жолында облыс көлемінде 20 индустриялды аймақ құрылған. Сонымен қатар шағын өндірістік парктер қызмет атқарады. Бүгінгі таңда Сауран ауданында жеке кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен 148 өндірістік ғимарат құруда. Облыс әкімі Сауран ауданы тәжірбиесін пайдалана отырып, барлық аудан және Түркістан қаласы аумағында кемінде 5 өндірістік ғимарат құруды тапсырған болатын. Қазіргі таңда Шардара ауданы мен Түркістан қаласында нақты өндірістік парктердің құрылыс жұмыстары басталды. Қалған әкімдіктер тарапынан жер телімдерін бөлу және әлеуетті кәсіпкерлермен келіссөз жұмыстары жүргізілуде.
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының айтуынша, арнайы экономикалық аймақта қазіргі таңда 9 жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде 2956 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Сонымен қатар, индустриалды аймақта 23 жоба іске қосылып, 961 адам жұмыспен қамтылды. Жоспарланған жобалар шеңберінде шетелдік және отандық инвесторлардың қатысуымен ірі кәсіпорындар құрылуда.
Жиын қорытындысында қала әкімі осы жылдың қаңтар-тамыз айларында белсенді шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 22010-ға жетіп, онда 34 500 адам жұмыспен қамтылғанын айтты. Сондай-ақ шағын және орта бизнестің үлесі жалпы өңірлік өнімнің 65-68 пайызын құрайды. Бизнесті қолдау шеңберінде 30 жобаға 4,2 миллиард теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілген.
«Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында: «Кәсіпкерлер – еліміздің цифрлық дамуының қозғаушы күші болуы тиіс» деп атап өткен болатын. Осыған сәйкес Түркістан қаласында кәсіпкерлерге қолдау көрсетілуде» дейді Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы.