«Қауіпсіз жол»-- Сайрам ауданында

Oinet.kz 24-09-2025 760

ojWyMALy4gZv.jpg 

Республика деңгейінде ұйымдастырылып жатқан «Қауіпсіз жол» жедел‑профилактикалық іс‑шарасы Сайрам ауданы аумағында да қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Бұл іс‑әрекеттердің мақсаты – жол-көлік оқиғаларының санын қысқарту, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жауапкершілігін арттыру, жол қозғалысы тәртібін күшейту. Осы тұста аудан полициясы аталған шараларды нақты көрсеткіштермен толықтыра отырып жүзеге асырды.

Іс‑шарада 520-дан астам жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталды. Олардың ішінде:

22 көлік құралы айып тұрағына қойылды;

2 жүргізуші мас күйде көлік басқарған;

4 жүргізуші қарсы қозғалыс жолағына кеткен;

12 жағдайда жолаушыларды тасымалдау ережелері бұзылған;

23 жүргізуші жаяу жүргіншілерге жол бермеу фактісі үшін жауапқа тартылған;

127 жаяу жүргінші жолды кесіп өту ережелерін сақтамаған.

Аталған құқық бұзушылықтар бойынша кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, тиісті шара қолданылуда. Сонымен бірге, Сайрам ауданы Полиция басқармасы азаматтарға есірткі қылмыстарының түрлері, олар үшін қарастырылған заңнамалық жауапкершілік, сондай-ақ интернет алаяқтықтың алдын алу жолдары туралы профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Полицейлер күдікті жағдайларды байқаған жағдайда қалай хабарласу керек, қандай әрекет ету қажет деген ақпаратты да жеткізіп, қоғамдық бақылау механизмдерін күшейтуге шақырды.

Есірткіге қарсы бағыттағы бұл кешенді үгіт-насихат жұмыстары қоғамда нашақорлықтың әлеуметтік-экономикалық және құқықтық зардаптарын ашық көрсетуге бағытталған. Өйткені есірткі – жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның қауіпсіздігіне қатер төндіретін індет. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым‑Жомарт Тоқаев есірткіге қарсы күресті саясаттың бас басымдығы ретінде алатындығын бірнеше рет мәлімдеді. Мысалы, 2025 жыл тамыз айында ол:

«Мемлекеттік саясат нашақорларға кеңшілік танытып, ал есірткі саудасына қатаң және мүлде төзбеушілік ұстанымда болуға тиіс. Есірткіге тәуелділерді емдеу-сауықтыру шараларымен жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету қажет» — деп тапсырды.

Сонымен бірге, Үкімет пен Ішкі істер министрлігінің құрамындағы орталық деңгейдегі штаб құрылды. Бұл штаб есірткіге қарсы профилактиканы, қылмыстарға қарсы іс-қимылды үйлестіру мақсатында қызмет етеді.

Жол апаттарын азайту да Президенттің маңызды міндеттеріне жатады. Бүгінгі күні елімізде жыл сайын бірнеше мың адам жол қозғалысы оқиғаларыннан зардап шегеді немесе қаза табады. Жол қауіпсіздігін жақсарту — тек полицияның ғана емес, барлық мемлекеттік органдардың, тұрғындардың ортақ міндеті. Жол қауіпсіздігіне қатысты Жолдауында: «Адамның өмірі мен денсаулығы – басты құндылық, жолда абай болу — әрбір азаматтың парызы» деген тапсырмалар берілді.

Сайрам ауданында жүргізілген бұл іс‑шаралар — жол қозғалысының қауіпсіздігін нығайту, құқық бұзушылықтың алдын алу, тұрғындарды заң талаптарын сақтауға шақыру бағытында нақты қадам. Жолда әрбір жүргізуші мен жаяу жүргінші жауапты болу керектігін ескере жүрсе, ортақ мақсат – адам өмірін қорғау — бірлескен күшпен жүзеге асады.

 

 


«Әділ жастар – елдің ертеңі»
Түркістан қаласында кәсіпкерлерді қолдау аясы кеңейіп келеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу