«Әділ жастар – елдің ертеңі»

Oinet.kz 23-09-2025 187

images.jpg 

Түркістан облысы Келес ауданында «Әділ жастар – елдің ертеңі» ұранымен өткізілген кездесуде белсенділер жастарды нашақорлықтан сақ болуға үндеді. Аудан әкімдігі мен полиция бөлімінің ұйымдастыруымен өткен шараға жиналғандар жастардың болашағы жайындағы пікірлерімен бөлісіп, қоғам үшін нашақорлықтың қауіптілігіне кеңінен тоқталды.

Кездесудің модераторы блогер Бақдәулет Жаманқұлов жастардың қоғамдық өмірге араласуы, жауапкершілікті сезіну маңызын атап өтті. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев өз сөзінде Келес ауданында әлеуметтік‑маңызды жағдайлардың жақсарғанын айтып, жастардың даму жолында тұрған кедергілерді жоюға ниетті екенін білдірді.

Сөйлегендер қатарында Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев, «Азартник» фильмінен танымал актер Нұрсұлтан Мейірбеков, тележурналист Ләйлә Сұлтанқызы және спортшы, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, әлем чемпионатының жүлдегері Сәкен Бибосынов бар. Олар:

жастардың денсаулығына нашақорлықтың тигізетін зиянын түсіндірді: есірткілер жүрек, жүйке жүйесі, өкпе, бауыр сияқты мүшелерге кері әсер ететіні, психикасына ауыр салмақ түсіретіні, адамның мінезін, ойлау қабілетін бұзатыны, отбасына, қоғамға зиян әкелетіні туралы нақты мысалдар келтірді;

интернет, әлеуметтік желілер негізінде нашақорлықты насихаттайтын контенттің белең алғанын айтып, медиа мен блог үрдістеріне назар аударуды, мемлекеттік органдар мен ақпарат құралдары осы бағыттағы теріс мазмұнға тосқауыл қою қажеттігін айтты;

жастарды таза өмір салтын ұстануға шақырып, спортпен, өнермен айналысу, бос уақытты пайдалы іс‑шараларға бағыттау, достық ортаның әсеріне мән беру қажеттігін атап өтті.

Нашақорлық – қоғам үшін аса қауіпті әлеуметтік, құқықтық және психологиялық індет. Бұл тек жеке адамның ғана емес, отбасының, қоғамның адамдық, әлеуметтiк және экономикалық әлеуетін әлсіретеді, қылмыстың, құқық бұзушылықтардың көбеюіне соқтырады. Сондықтан, қоғамда нашақорлық таралуының алдын алу – жастарды қорғау, ұлт денсаулығын сақтау мәселесі.

Президент Қасым‑Жомарт Тоқаев нашақорлық мәселесіне қатысты бірнеше мәрте нақты тапсырмалар берді. Мысалы, 2025 жылғы ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында мемлекет басшысы нашақорлықтың алдын алу шараларын күшейтуді, білім беру мен ақпарат саласында кең көлемді жұмыс жүргізуді міндеттеді.

Сонымен қатар Тоқаев:

«Нашақорлық – ұлт саулығына зор қауіп төндіретін кесел. Есірткі жастардың жанын да, тәнін де улап жатыр. Біз есірткіні қолданудың, дайындаудың және таратудың жолын кесіп, тамырына балта шабуға тиіспіз,--деп атап өткен болатын.

Облыс бойынша да нашақорлыққа қарсы нақты шаралар қолға алынуда. Жалпы профилактика, психологиялық қауіпті топтарды анықтау, жастар арасында сауалнамалар, ақпараттық насихаттау, спорт‑шығармашылық іс‑шараларын ұйымдастыру арқылы зиянды әдеттерге балаша тосқауыл қою бағытында жұмыс жүргізілуде.

500‑ге жуық жас қатысқан кездесуде спикерлер жастарды нашақорлықтың әсерінен сақ болуға, интернет‑алаяқтық пен зиянды психотроптық заттар туралы қауіпті ақпарат көздерінен аулақ болуға үн қойды. Жастарға жақын орта мен отбасы жауапкершілігі, сенім мен тәрбие маңызды екені, болашақ еліміздің жарқын болуына жастардың таза жүрісі шешуші рөл атқаратыны айтылды.

Ұйымдастырушылар жастардың өзекті сұрақтарына ашық жауап беріп, мектептер, студенттік қауымдар, ауылдық жерлерде нашақорлықтың алдын алуға бағытталған жобаларды кеңейту керектігін, белсенді жастардың рөліне сенім артылғанын жеткізді.


Көлік жүргізу мәдениетін қоғам болып қалыптастыру қажет
«Қауіпсіз жол»-- Сайрам ауданында
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу