Облыстық фракцияның жиынында қысқы маусымға дайындық мәселелері пысықталды

Oinet.kz 18-09-2025 10

Бүгін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық мәслихатындағы депутаттық фракцияның кезекті жұмыс жиыны өтті. 

1000476978.jpg

Фракция жетекшісі, партияның облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиевтің модераторлығымен өткен жиынға Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, фракция мүшелері санатындағы облыстық мәслихат депутаттары, партия филиалының жауапты қызметкерлері қатысты. 

Жиында қаралған тақырып шеңберінде фракция мәжілісіне Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, мәдениет, ауылшаруашылығы басқармаларының басшылары, облыстық төтенше жағдайлар,  санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінің басшылық құрамы, Кентау қаласының әкімі, «QazaqGaz Aimak» АҚ-ы Түркістан өндірістік филиалының бас инженері, «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ы «Шымкент магистральдық газ құбырлары» басқармасының басшысы, «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ-ы Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-гі бас директоры, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары мен аумақтық партия филиалдарының төрағалары мен атқарушы хатшылары шақыртылды.

1000476981.jpg

Фракция жиынын ашқан Алтынсары Дүйсенбекұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы ел дамуының жаңа кезеңін айқындап бергенін айтты. Президент Жолдауында жасанды интеллект және цифрлық даму, инвестиция тарту, туризмді дамыту, су және инфрақұрылым, спорт және тағы басқа салалар қамтылғанын жеткізе отырып, маңызды құжатта көтерілген бұл мәселелердің барлығы қазақстандықтардың табысын арттыруға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға және олардың өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыруға бағытталғаны мәлімделді.

«Мемлекет басшысы Үкіметке инвестиция тарту жүйесін түгел жаңғырту жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды. Өңдеу саласына көбірек қаражат тарту мәселесі айқындалып, қажет болса, жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдік беру мәселесі қарастырылмақ. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласына тың серпін беретін мемлекеттік реформалар жүргізілуде. Қомақты қаражат бөлінуде. Биыл шаруаларды қолдауға бір триллион теңге жұмсалды. Қажетті несиелер уақытында берілді. Мұндай ауқымды қолдау елімізде бұрын-соңды болмаған», - деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.

Мемлекет басшысының Жолдауыда айтылған негізгі басымдықтар туралы Халықаралық Туризм және меймандостық университеті Қонақжайлылық мектебінің қауымдастырылған профессоры Сәбит Баймағанбетов та кеңінен тоқталды. «-  Ел дамуының жеті бағытын айқындап берген бұл құжат мемлекеттің болашаққа жасалған сенімді қадамы, ұлттың өркендеу жолындағы нақты бағдары. Жасанды интеллект Қазақстан экономикасын алға шығаратын тың мүмкіндік. Елімізде инвестиция тарту бойынша жаңа механизмдер іске қосылады. Жасанды интеллектінің әлеуеті білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтереді, медицинаға серпін береді, өндірістің тиімділігін арттырады», - деді Сәбит Баймағанбетов.

1000476987.jpg

Жолдаудан туындайтын міндеттер шеңберінде қоғам болып бірлесе атқарылуы тиіс мәселелер жайлы облыстық мәслихат депутаттары, фракция мүшелері Ғалымжан Елшібай, Алмас Салимов, Дулат Әбіш өз ойларымен бөлісіп, қоғамдағы масылдық пен патерналистік көзқарасты өзгерту, озық ойлы ұлт болудың құндылықтарын ілгерілету, жұртшылықты адалдыққа тәрбиелейтін жобаларды іске асыру, Президент Жолдауында айтылған басымдықтарды іске асырудың нақты қадамдарын белгілеу, экологиялық тазалық мәдениетін жалпыұлттық қасиетке айналдыру жөніндегі пікірлерін айтты.

Фракция отырысының негізгі тақырыбы – жылыту маусымына дайындық мәселелері бойынша Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың хабарламасы тыңдалды. Қала әкімі №5 Жылу энергоорталығының дайындығы жөнінде есеп беріп, барлығы 6 қазандықты қайта құру жұмыстарының нәтижесінде қазандықтардың тозу деңгейі 87,2 пайыздан 25 пайызға дейін төмендегенін мәлімдеді. Станциядағы ағымдағы жөндеу жұмыстарына 667 млн. теңге көлемінде жоба-сметалық құжаттама түзілгенін айтты. Кәсіпорынның жылыту маусымына дайындық жұмыстары техникалық тұрғыда ғана емес, қаржылық тұрақтылыққа да тәуелді екенін айтып, тұтынған жылу энергиясы үшін төленген қаржы туралы мағлұмат берді. Жылу құбырларының дайындығы, магистральді және орамішілік жылу жүйелерін қайта құру, оларды сығымдаудан өткізу жұмыстары, бюджеттік мекемелердің дайындығы туралы толық ақпарат берді.

1000476984.jpg

Күн тәртібінде қаралған мәселе бойынша «Кентау Сервис» МКК директоры Саяхат Ыбышев жылу энергоорталықтың қалыпты жұмысын ұйымдастыру, оның қаржы шаруашылық қызметі, жұмысшылармен қамтылу жағдайы, қазандықтар мен жылу жүйелерінің дайындығы туралы қосымша мағлұмат берді. 

Фракция мүшелері тарапынан қаралған мәселе төңірегінде қызу талқылау болды. Депутат Мағауия Тұрысбеков стратегиялық маңызы бар нысанның қайта құру жұмыстарына 13 млрд. теңгеге жуық қаржы қаралып, игерілгенін атып,  оның ағымдағы жөндеуіне тағы 667 млн. теңге қажет болып отырғанын қаншалықты объективті екенін сұрады. Фракция мүшесі Талғат Қаржауов кәсіпорын ағымдағы шығындарын неліктен өзінің кіріс көздерінен жаба алмайтынын көтерді. Бұл мәселе жөнінде түсінік берген қала әкімі мен кәсіпорын басшысы, ағымдағы жөндеу жұмыстары агрегаттарды, қазандықтар мен жылу жүйелерінен бөлек, энергокешеннің қалыпты жұмыс істеуіне қосымша құрылымдарды жөндеуге қажет екенін түсіндірді. Ал кәсіпорында өндірілген қуаттан түскен табыс шығындарды толық жаппайтыны, тарифті көтеруге тура келетіні айтылды. Кентау қаласында жылу қуатының тарифі шаршы метрге шаққанда 100 теңгені құрап, Қазақстандағы ең төменгі тариф болып отырғаны назарға жеткізілді. Қарағанды облысындағы жылу энергоорталықтары бекіткен тарифтің көлемі 220 теңгені құрайтыны салыстырмалы түрде айтылды.

Облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов Кентау қаласының жылу энергоорталығының дайындығы жыл сайын қаралып, жыл сайын қаржы бөлінетінін айтты. Тарифті қайта қарау мәселесінде депутаттарға толық ақпарат беруді ұсынды. Депутат Қалыйма Жантөреева энергокешеннің қалыпты жұмыс істеуін қамтуда «AMANAT» партиясы елеулі үлес қосқанын айтып, тарифті өзгерту мәселесін тұрғындарға дұрыс жеткізе білудің маңызына тоқталды. Облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев кәсіпорынның кредиторлық және дебиторлық қарыздары бойынша сауалын қойды.

1000476990.jpg

Кқтерілген тақырып шеңберінде фракция төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев көпқабатты тұрғын үйлердің жылу жүйелерін сығымдау жұмыстарының барысы, бюджеттік мекемелердің жылыту мауысымына дайындығы туралы сұрады. Депутаттар Талғат Садуов, Сүлеймен Арыстанов Кентау қаласының жылу энергоорталығына құйылып жатқан қаражат өз жемісін беретініне сенім білдірді, өзін өзі қаржыландыратын ұйымға айналарына үміт артты.  

Жиынның күн тәртібіне қойылған келесі мәселе – Түркістан облысының жылыту маусымына дайындығы туралы Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиевтің, қосымша хабарламашылар ретінде «QazaqGaz Aimak» АҚ-ы Түркістан өндірістік филиалының бас инженері Асқар Шпековтың және «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ы «Шымкент магистральдық газ құбырлары» басқармасының басшысы Сәкен Исмайловтың есептері тыңдалды.

Басқарма басшысы облыста жылумен қамтамасыз ету бойынша 7 кәсіпорын қызмет ететінін, олардың құрамында энергеттка кешен, 36 орталықтандырылған қазандық және 2083 автономды қазандықтар бар екенін айтты. Орталық жылу беру ұйымдарына алдағы жылыту маусымына 7,8 млрд. теңге қаралғанын жеткізді. Облыс көлеміндегі әлеуметтік нысандардың дайындығы туралы жеке-дара мағлұматтар беріп, бүгінгі күндегі дайындық деңгейлерін айтып берді. 

Қаралған мәселе бойынша депутаттар Мағауия Тұрысбеков пен Дулат Әбіш білім беру ұйымдарының жылыту маусымына дайындық деңгейі төмен екенін білдіріп, биыл газбен қамтылған елді мекендерде мектептердің жылу қазандықтарын табиғи газға ауыстыру өзекті болып отырғанын айтты. Ал депутат Жәнібек Сүлейменов Сарыағаш, Келес аудандарына жеткізілетін көмір бағасының қымбаттауы мәселесін көтеріп, өзектілігіне тоқталды. Фракция мүшесі Талғат Қаржауов газ құбырларына толықтырлған газ үшін ақыны неліктен газ жүргізген мердігер ұйымдар немесе қарапайым тұтынушылар төлеу керек екенін көтерді. Құбырларға газ толтыру «QazaqGaz Aimak» АҚ-ның немесе «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның тікелей міндеті екенін атап өтті. Ал депутат Уәлихан Рахиев Сарыағаш ауданы Әлімтау ауылдық округіне қарасты бірде бір елді мекенге газ жеткізілмегенін, егер бұл жоба тиімсіз болса салалық басқарма неліктен халыққа осыны ашып айтпайтынын сұрады.

Фракция мүшелерінің табиғи газ мәселесіне қатысты сауалдарына «QazaqGaz Aimak» АҚ-ы Түркістан өндірістік филиалының бас инженері мен «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ы «Шымкент магистральдық газ құбырлары» басқармасының басшысы жауап беріп, компаниялардың ресми ұстанымдарын білдірді.

Жиынның күнт тәртібінде қаралған республикалық және облыстық маңызы бар автомоиль жолдарының қысқы маусымға дайындығы және атқарылған жұмыстар туралы Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Мейіржан Джалайыров пен  «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары Ермек Рахиев ақпарат берді. 

Басқарма өкілі облыс бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзыныдығы 17692 шақырымды құрайтынын айтты. Оның ішінде 678 шақырымдық республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы мерзімде күтіп-ұстауға «ҚазАвтоЖол» РМК тарапынан 264 млн. теңге қаралып, 69 бірлік техника және 375 адам жұмылдырылатынын жеткізді. Ал 3983 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар жолдардың 1943 шақырымы бірінші кезектегі қардан тазалау учаскелері болып белгіленгенін, инертті материалдар себілетін жолдар екенін мәлімдеді. «Оңтүстік жолдары» МКК тарапынан қысқы мерзімде күтіп-ұстау жұмыстарына 123 бірлік техника, 259 адам жұмылдырылмақ. Ал аудандық маңызы бар 1726 шақырым жолдарда қар тазалау жұмыстарына 192 бірлік техника мен 320 адам қатыстырылатынын түсіндіріп өтті.

Басқарма мен «ҚазАвтоЖол» АҚ-ы өкілдеріне сауал қойған депутаттар Сауран ауданы, Еңбекшіқазақ елді мекеніндегі жол жөндеу жұмыстарын биыл толығымен аяқтау, Ордабасы ауданы, Темірлан елді мекенінде жаңадан ашылған Қажымұқан мұражайына баратын жол өткелін салу, Сарыағаш қаласының тұсындағы айналма жол мәселесі, Төлеби ауданында Ақайдар-Бірінші Мамыр жол бойына қоршаулар қою, жол асуларында инертті материалдарды құрғақ күйінде сақтауда бастырмалар орнату, Шәуілдір-Түркістан автомагистралінің кезеңдік жұмыстарын аяқтау, Отырар ауданындағы облыстық маңызы бар КХ-23 автомобиль жолын жөндеуден өткізу, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің Темірлан ауылының тұсында жол қоршауларын қою, Төрткүл ауылында бағдаршамның жиі істен шығуы мәселелерін көтерді.

Фракция отырысының қорытындысымен қаулы қабылданып, жиын барысында айтылған барлық сауалдар мен өтініштер хаттамалық тапсырма ретінде бекітілетін болды. Оның орындалуына бақылауды  «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жүргізетін болады.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Түркістан: Полицейлер тәртіп пен жауапкершілік тақырыбында басқосу өткізді
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу