Мақта—экономиканың қозғаушы күші
Түркістан облысы ауыл шаруашылығында өзіндік орны бар мақта саласын тек шикізат көзі ретінде емес, тұтас өңір экономикасының қозғаушы күшіне айналдыруды көздеп отыр. Соңғы жылдары әлемдік нарықтағы мақта бағасының тұрақсыздығы, әсіресе оның арзандауы отандық диқандар мен шаруаларға айтарлықтай әсер еткені белгілі. Мақта өндірісінің табыстылығы төмендеп, шығын көбейіп, бұл саладағы кәсіпкерлердің тұрақты табыс табуына кері әсерін тигізді. Осы жағдайдан шығудың тиімді жолы ретінде шикізатты бастапқы күйінде сатпай, оны терең өңдеуден өткізіп, дайын өнімге дейін жеткізу идеясы туындады. Яғни, тоқыма кластерлерін дамыту – бұл саланы жаңа сапалық деңгейге көтерудің, сондай-ақ өңірге экономикалық, әлеуметтік пайда әкелудің нақты жолы.
Осыған байланысты Түркістан облысында халықаралық деңгейдегі инвестициялық жобалар қолға алынуда. Соның бірі – әлемдегі ірі мақта-мата өнімдерін өндірушілердің бірі саналатын Texhong Group компаниясымен әріптестік орнату бастамасы. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров аталмыш компания басшыларымен кездесіп, бірнеше маңызды келіссөздер жүргізді. Кездесуде әкім өңірде мақта кластерін қалыптастыру мен дамытуға шақырып, инвесторға жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
«Бізге мақта егумен қатар оны терең өңдейтін өндірістер қажет. Бұл бағытта Texhong сынды алпауыттармен әріптестік – біздің стратегиялық таңдауымыз. Біз сіздерге барлық қажетті мемлекеттік қолдауды ұсынамыз. Түркістан облысында инфрақұрылыммен қамтылған индустриялық аймақтар бар. Мен және осы салаға жауапты басшылар әр инвестормен жеке байланыстамыз. Кәсіптеріңізді мақтаның отаны саналатын Түркістан өңірінде дамытуға шақырамыз. Әкімдік тарапынан барлық қолдау мен сүйемелдеу болады. Мақта – біз үшін тек ауыл шаруашылығы емес, индустриялық серпіліс құралы», – деді Нұралхан Көшеров.
Кездесу барысында тараптар Түркістанда жылына 300 мың тонна мақта өңдейтін заманауи зауыттар салу туралы жоспарды талқылап, осы арқылы өңірде толыққанды мақта кластерін құруға уағдаласты. Бұл кластер тек ауыл шаруашылығы өнімін өңдеп қана қоймай, тоқыма өнімдері мен киім өндірісін де қамтитын болады. Түркістанда өндірілген мақтадан иірім жіп, мата, әрі қарай киім-кешек өндіріп, дайын өніммен әлемдік нарыққа шығу – бұл бастаманың басты мақсаты.
Texhong Group – тоқыма өндірісіндегі жаһандық көшбасшылардың бірі. Компания жыл сайын 900 мың тонна мақта өңдейді және оның өндірістік базалары Қытай, Вьетнам, Түркия, Мексика және Никарагуа сынды елдерде орналасқан. Сонымен қатар, компания иірім жіп пен мата өндірісімен ғана шектелмей, индустриялық парктерді дамыту, күн көзінен және газдан энергия өндірумен де айналысады. Texhong өндірістік қажеттіліктерін өз энергиясымен қамтамасыз етуге қауқарлы, бұл олардың тұрақты және экологиялық таза өндіріс принциптерін ұстанатынын көрсетеді.
Түркістан облысында бүгінде 150 мың гектарға жуық мақта егілуде. Соңғы мәліметтер бойынша, мақта алқаптарының көлемі 38 мың гектарға ұлғайып, жалпы 144,5 мың гектарды құрады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 470 мың тоннаға жуық шитті мақта жиналады деп күтілуде. Өңірде 25 мақта өңдеу зауыты жұмыс істейді. Алайда бұл кәсіпорындардың көпшілігі мақтаны тек бастапқы өңдеуден өткізіп, шетелге арзан бағада шикізат ретінде сатуға мәжбүр. Бұл экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Сондықтан, шикізатты толық өңдеп, жоғары қосылған құны бар өнімдер шығару – басты басымдыққа айналуы тиіс.
Осы ретте, облыста жеңіл өнеркәсіп бағытында жаңа өндіріс ошақтарын қалыптастыру қолға алынып жатыр. 2027 жылға дейін Түркістанда тоқыма кластеріне қатысты бес жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жобалар өңірдің ауыл шаруашылығы ғана емес, өнеркәсіптік әлеуетін де арттырады. Қазірдің өзінде шетелдік инвесторлар заманауи, су үнемдеу технологияларын енгізіп, элиталық мақта сорттарын өсіру арқылы мақта шаруашылығын сапалық тұрғыдан өзгертіп жатыр.
Инфрақұрылым мәселесіне келсек, Түркістан облысында қазіргі уақытта 20 индустриялық аймақ пен дайын өндірістік парк жұмыс істейді. Бұл аймақтар толық инфрақұрылыммен қамтылған. Шикізаттың молдығы, жұмыс күшінің жеткіліктілігі, жергілікті биліктің қолдауы – мұның бәрі шетелдік инвесторлар үшін Түркістанды тартымды аймаққа айналдырып отыр.
Texhong Group-тың Түркістанға келуі тек инвестиция құюмен шектелмейді. Бұл – заманауи технологиялардың келуі, экологиялық таза өндіріс стандарттарының енгізілуі, жаңа кәсіптік дағдылар мен оқыту бағдарламаларының іске қосылуы. Ең бастысы – тұрақты жұмыс орындарының ашылуы мен жастардың заманауи өндірісте еңбек етуіне мүмкіндік туғызу. Осылайша, мақта тек ауыл шаруашылығының емес, тұтас индустриялық серпілістің негізіне айналмақ.