Тәртіп пен әділет бәрінен биік тұруы керек
Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз пайдалануға қарсы күрес күн тәртібінен түспей отыр. Бұл мәселе облыс басшылығының тікелей бақылауында, әрі аталған бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Өңір басшысы Нұралхан Көшеровтың тапсырмасына сәйкес, облыс аумағындағы табиғи ресурстарды қорғау, заңсыз әрекеттерге тосқауыл қою және осы саладағы заңбұзушылықтарға жол бермеу бағытында жауапты органдарға нақты міндеттер жүктелді. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – жер қойнауын пайдалануда тәртіп орнатып, мемлекеттік мүддені қорғау, сонымен қатар облыс бюджетіне түсетін кірісті ұлғайту.
Бүгінде Түркістан облысында кең таралған пайдалы қазбаларды өндірумен айналысатын 202 ресми тіркелген жер қойнауын пайдаланушы бар. Олардың қызметі 74 келісімшарт пен 128 лицензия негізінде жүргізіледі. Осы кәсіпорындардан 2022 жылдан бастап қазіргі күнге дейін облыстық бюджетке 12,3 миллиард теңге қаржы түскен. Айта кетерлігі, биыл бұл көрсеткіш артып отыр, яғни заңды жұмыс істейтін кәсіпорындардың белсенділігі өсіп, өңір экономикасына нақты пайда әкелуде.
Облыс әкімінің төрағалығымен өткен жиында жер қойнауын заңсыз пайдалануға қатысты мәселелер тағы да талқыланып, салада атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйі пысықталды. Нұралхан Көшеров өз сөзінде бұл бағыттағы жұмыстың әлсіреуіне жол берілмеуі тиіс екенін атап өтті:
"Жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларға қарсы мониторинг жұмыстары тоқтамауы тиіс. Табиғатты, экологияны қорғау маңызды. Заң талаптары қатаң сақталып, облыс экономикасының дамуына қажетті түсімдер көлемі ұлғаюы қажет. Тиісті жұмыстарды күшейтіңіздер. Осы салаға жауапты мекемелер өздеріне жүктелген міндетті сапалы атқарсын", – деді өңір басшысы.
Жиын барысында Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасовтың есебі тыңдалып, сондай-ақ бірқатар құзырлы органдар өкілдері өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Қазіргі таңда облыс әкімдігі Полиция департаменті және басқа да құзырлы органдармен бірлесіп, заңсыз әрекеттерді әшкерелеу және алдын алу мақсатында арнайы жедел мобильді топ құрған. Бұл топтың құрамында түрлі салалардың мамандары жұмылдырылып, нақты аумақтарда рейдтік шаралар ұйымдастырылуда.
Атап айтқанда, биыл 16 тамыз бен 18 қыркүйек аралығында Сауран, Сайрам, Ордабасы, Отырар аудандары мен Кентау, Арыс қалаларының аумақтарында рейдтер өткізілді. Бұл іс-шаралар барысында жүк тасымалының заңдылығын бұзған 22 ауыр жүк көлігі айыптұраққа қойылып, жүк салмағы өлшеніп, айыппұлдар салынды. Облыстық көліктік бақылау инспекциясы тарапынан аталған құқықбұзушылықтар ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 139-бабына сәйкес тіркеліп, 302 іс құжаты рәсімделді. Оның ішінде 153 құжат бойынша айыппұл салынған, ал 80 іс қосымша мәліметтерді толықтыру үшін кері қайтарылған.
Бұған қоса, Арыс пен Шымкент арасындағы тасжолда электронды таразы мен бақылау камералары орнатылған. Бұл жүйе арқылы 851 құқықбұзушылық анықталып, 751 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл – тек бақылауды күшейтудің өзімен-ақ өңірдегі тәртіпті қалпына келтіру бағытында елеулі нәтижеге қол жеткізуге болатынын көрсетіп отыр.
Сонымен қатар, 22 жер қойнауын пайдаланушының өздеріне жүктелген міндеттемелерін орындамағаны анықталып, олардың басым бөлігінің келісімшарттары мен лицензиялары мерзімінен бұрын тоқтатылды. Бұл ретте заңсыз әрекеттерге ешқандай кешірім болмайтыны, барлық құқықбұзушылықтар заң аясында бағаланатыны тағы да дәлелденді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында айтылғандай: "Заңның үстемдігі – елдегі тұрақтылықтың негізі. Тәртіп пен әділет бәрінен биік тұруы керек. Қоғамда заңға бағыну мәдениеті орнығуы тиіс. Бұл – мемлекеттің мызғымас ұстанымы." Осы үндеуге сай, Түркістан облысында да заң талаптарының орындалуы басты назарда. Жер қойнауын заңсыз пайдалану – бұл тек экономикалық қылмыс емес, сонымен бірге табиғи ресурстарға жасалған нұқсан. Сондықтан бұл бағытта әкімдік пен құқық қорғау органдарының әрекеттері – ел Президентінің тапсырмалары мен көзқарасына толық сай келеді.
Облыста жүргізіліп жатқан іс-шаралар, мониторинг, қадағалау және жедел әрекет ету жұмыстары тек бір реттік емес, жүйелі және үздіксіз сипат алуда. Бұл – өңірде заң мен тәртіпке баса мән берілетінін, кез келген заңсыздықтың тиісті жауапкершілікпен бағаланатынын көрсетеді. Мемлекет басшысының талап еткендей, елімізде әрбір салада заңның үстемдігі орнауы тиіс. Осы ұстаным Түркістан облысында нақты іс жүзінде көрініс тауып келеді.