Түркістан: Балалар арасындағы құқықбұзушылық төмендеген
Түркістан облысында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында бірқатар нақты профилактикалық шаралар атқарылып келеді. Жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, балаларға қарсы жасалатын қылмыстардың жолын кесу – қазіргі уақытта мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Бұл мәселе облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында кеңінен талқыланды.
Жиынға Түркістан облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бегімхан Ахметов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мадина Мамбетова, сондай-ақ Түркістан облысы білім басқармасына қарасты психологиялық қолдау орталығының директоры Оразкүл Қолдасова қатысты. Күн тәртібінде кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету мәселелері қозғалды.
Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Бегімхан Ахметов өз баяндамасында кәмелетке толмағандармен және оларға қарсы жасалған құқықбұзушылықтар бойынша жүргізілген жұмыстарды баяндап, нақты мәліметтерді келтірді. Оның айтуынша, құқықбұзушылықтардың басым бөлігі түнгі уақытта, ата-ананың бақылауынсыз жүрген жасөспірімдер тарапынан тіркелген. Осыған байланысты «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім» атты жедел-профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Сағат 22:00-ден кейін ата-анасының немесе заңды өкілінің ертуінсіз ойын-сауық орындарында жүрген балалар үшін жауапкершілік олардың ата-анасына емес, осы мекемелердің иелеріне де жүктеледі. Бұл ретте Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 132-бабы негізінде 164 мекеме иесі жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар бала тәрбиесіне салғырт қарайтын 324 қолайсыз отбасы және құқықбұзушылыққа бейім 496 кәмелетке толмаған жасөспірім полицияның арнайы есебіне алынған.
Кәмелетке толмағандардың тәрбиесі мен құқығын қорғау мәселесіне келгенде ата-аналардың жауапкершілігі бірінші кезекте қаралады. Осы орайда Әкімшілік кодекстің 127-бабына сәйкес, бала тәрбиелеудегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 700 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл – отбасындағы бақылаудың әлсіздігі, тәрбиедегі олқылықтар мен әлеуметтік жағдайлардың тікелей салдары. Жасалған талдау нәтижесінде, қылмысқа барған 91 жасөспірімнің 4-еуі толық емес отбасынан шыққаны, 35-нің ата-анасы жұмыссыз екені анықталды. Мұндай әлеуметтік жағдайлар бала психологиясына, олардың ортаға бейімделуіне кері әсер ететіні сөзсіз.
Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев жиын барысында әрбір сала бойынша нақты тапсырмалар беріп, бұл мәселені қатаң бақылауда ұстау қажеттігін айтты.
«Биылғы 8 айды қорытып, комиссия отырысын өткізіп отырмыз. Кәмелетке толмаған балалардың арасындағы құқықбұзушылық деректері төмендеген. Дегенмен оларға қатысты жасалған қылмыстар тіркелуде. Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіз болуы мемлекеттің назарында. Арнайы заң да бар. Кейбір аудандар бұл мәселелерді бақылауға алмай отыр. Өңірімізде белсенді жастар баршылық. Кешенді жоспар түзеу керек. Құрамына теологтарды, жастар орталығы, ассамблея, полиция департаменті өкілдерін қосып, аудандарда түрлі креативті жобаларды, достық мазмұндағы шараларды көбейтіңіздер», – деді ол.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде бірнеше мәрте балалардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өткен болатын. Президент Жолдауында: «Баланың құқығы – мемлекеттің қорғауындағы қасиетті міндет. Ана мен баланың қауіпсіздігі – саясатымыздың басым бағыты болуы тиіс», – деді. Президенттің бұл тапсырмасын жүзеге асыруда Түркістан облысында қабылданып жатқан шаралар – жүйелі жұмыстың көрсеткіші.
Осы бағытта білім басқармасы да өз тарапынан бірқатар жұмыстар жүргізіп отыр. Облыстық психологиялық қолдау орталығының филиалдары бүгінде 17 аудан мен қалада құрылып, олардың штаты 66 маманға дейін кеңейтілді. Бұл – балалар мен жасөспірімдерге психологиялық көмек көрсетуді, олардың отбасылық жағдайын бақылауды күшейтуге бағытталған нақты қадам.
Сонымен қатар, 29 қыркүйектен бастап облыстағы барлық білім беру ұйымдарында оқушылар арасында жаппай сауалнама жүргізіледі. Бұл сауалнамалар балалардың эмоционалдық ахуалын, қарым-қатынас ерекшеліктерін, олардың мектеп ішіндегі немесе сыртқы ортадағы қиындықтарын анықтауға бағытталған. Буллинг пен кибербуллингпен күресу үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілген. Финляндияның тиімді тәжірибесі негізінде жасалған KiVa бағдарламасы және отандық «ДОСБОЛLiKe» жобасы іске асырылып, мектептерде нақты жұмыс атқарылуда.
Сондай-ақ, «Кибер Тұмар» акциясы, «Ата-ана бақылауы» жобасы және отбасылық құндылықтарды насихаттайтын «Менің бауырым» атты әлеуметтік бастамалар қолға алынған. Бұл жобалардың басты мақсаты – жасөспірімдердің тұлғалық дамуына оң әсер етіп, олардың ортада өзін қауіпсіз және қолдауда сезінуін қамтамасыз ету.
Жалпы, облыс көлемінде атқарылып жатқан бұл жұмыстардың барлығы бала мен ана құқығын қорғау, отбасы институтын нығайту және жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында жүргізілуде. Президент атап өткендей, «Жас ұрпақ – елдің болашағы», ал олардың амандығы мен қауіпсіздігіне немқұрайлық танытқан мемлекет – өзінің болашағына қауіп төндіреді. Осы тұрғыда Түркістан облысында қолға алынған кешенді шаралар – стратегиялық әрі әлеуметтік маңызы зор бастамалар болып табылады.