Құқықтық мәдениетті қалыптастыру – тұрақтылықтың негізі

Oinet.kz 24-09-2025 85

4.jpg

Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң және тәртіп» қағидатын қоғамда орнықтыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдама» негізінде барлық деңгейдегі мемлекеттік органдарға нақты міндеттер жүктеліп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықтық мәдениетті көтеру, заң бұзушылықтың алдын алу бағытында кешенді шаралар қолға алынған.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде осы мәселе кеңінен талқыланды. Жиында өңір басшысы бұл бағыттағы жұмыстардың маңыздылығына ерекше тоқталып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.

«Заң мен тәртіп» қағидатының маңызы зор. Осы идеяны жүзеге асыруға арналған қоғамдық акциялар мен іс-шараларды, пікірталастарды формалды түрде емес, білікті сарапшылар мен мамандарды қатыстыра отырып, ауқымды деңгейде өткізу керек. Облыс тұрғындарына тегін заңгерлік кеңес беру акциялары жыл бойы тұрақты түрде ұйымдастырылуы қажет. Халықтың қаржылық қауіпсіздігін нығайтуға арналған профилактикалық жұмысты жандандырыңыздар», – деді Нұралхан Көшеров.

Мәжіліс барысында Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Арман Бейсенбаев пен Облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов баяндама жасады. Аталған тұжырымдама негізінде облыс көлемінде атқарылатын 55 нақты іс-шара 5 негізгі бағытқа топтастырылған. Оның ішінде Полиция департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың құзырына тиесілі 10 міндет белгіленген. Бұл тапсырмаларды орындау аясында қазірдің өзінде айтарлықтай нәтижелер бар: облыс бойынша 520 қоғамдық көмекші тартылып (382 ақылы, 119 ақысыз), олардың қатысуымен 47 қылмыстың ізі суымай ашылып, 1917 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған.

Қоғамда құқықтық сана мен мәдениетті қалыптастыру – мемлекет тұрақтылығының негізі екенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір Жолдауында баса айтып келеді. Ол 2023 жылғы Жолдауында: «Заң үстемдігі – әділетті Қазақстан құрудың басты шарты. Заң бәріне ортақ. Қоғамда тәртіп пен жауапкершілік орнығуы керек» деген болатын. Бұл қағидат бүгінде Түркістан облысында нақты іспен бекемделіп отыр.

Құқықтық сауаттылықты арттыру бойынша аудандар мен қалаларда, соның ішінде шалғай ауылдық елді мекендерде үйме-үй аралау, азаматтарға құқықтық кеңес беру, интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары кең көлемде ұйымдастырылуда. Жыл басынан бері үш мәрте «Жолда қабылдау» атты республикалық акция өткізіліп, тұрғындарға тегін заңгерлік кеңестер ұсынылды. Есірткіге қарсы үгіт-насихат жұмыстары да қарқынды жүргізіліп, бұл шараларға 76 мыңнан астам оқушы, студент, ата-ана және жергілікті тұрғын қатысқан.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында білім беру ұйымдарының маңайындағы инфрақұрылым жаңартылды: жылдамдықты шектеуге арналған 514 жол белгісі, 276 жасанды жол кедергісі орнатылып, жаяу жүргіншілер өткеліне 4 бағдаршам қойылды. Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 2100 метр болатын аяқжолдар жаңартылып, 2264 білім беру мекемесінің алдына арнайы жаяу жүргіншілер жолақтары сызылды. Бұл шаралар – жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдар.

2025 жылға қарай мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар аясында Қоғамдық даму басқармасы мен аудан, қала әкімдіктері тарапынан «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілетуге бағытталған 21 жоба жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар ішіне «Қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру», «Қаржылық сауаттылықты арттыру және борышкерлерге құқықтық қолдау көрсету», «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды әлеуметтендіру» сынды жобалар енгізілген. Осындай бағыттағы жұмыстар азаматтардың қоғам өміріне бейімделуіне және заңға бағыну мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бағытында да нақты қадамдар жасалуда. «Аманат» партиясымен бірлесіп қолға алынған «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 2024 жылдың басынан бері 17 аудан мен қалада қаржы сарапшылары тарапынан 3494 азамат онлайн, 2378 азамат оффлайн форматта оқытылып, олардың қаржылық білім деңгейін көтеруге жағдай жасалды. Бұл – қазіргі заманда азаматтардың алаяқтыққа, қаржы пирамидасына ұрынбауы үшін маңызды бастама.

Жастар мен жасөспірімдер арасында құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында 567 психо-профилактикалық жұмыс атқарылып, жалпы саны 36 210 жас қамтылған. Бұл шаралар арқылы әлімжеттік, құқықбұзушылық, тәртіпсіздік сынды келеңсіз көріністердің алдын алу көзделуде.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде «Жаңа әділетті Қазақстан» тұжырымдамасын жүзеге асыруда заңның үстемдігі мен құқықтық мәдениеттің маңыздылығын үнемі атап келеді. «Біздің басты мақсатымыз – азаматтардың құқықтарын қорғау, әділдік пен заң үстемдігін қамтамасыз ету. Заң – барлық азаматтар үшін ортақ және бірдей болуы тиіс», – деген Президенттің бұл сөзі Түркістан өңірінде нақты іс-әрекетпен жүзеге асуда.

Жалпы алғанда, Түркістан облысында заң мен тәртіп идеологиясын қоғамға терең сіңіру, құқықтық сауаттылықты арттыру, қылмыстың алдын алу, заңгерлік қолжетімділікті қамтамасыз ету секілді бағыттардағы жұмыстар жүйелі жалғасып келеді. Бұл – құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды міндеттердің орындалу барысын көрсететін айқын дәлел.


Түркістан: Балалар арасындағы құқықбұзушылық төмендеген
Әлеуметтік көмек --масылдыққа емес, мұқтаждыққа
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу