Әлеуметтік көмек --масылдыққа емес, мұқтаждыққа
Түркістан облысында әлеуметтік көмекті мақсатсыз пайдалану фактілері бойынша бірқатар заңбұзушылықтар анықталды. Облыстық прокуратура жүргізген тексеру нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алу барысында 86 отбасы тарапынан заң талаптарының өрескел бұзылғаны белгілі болды. Бұл жағдайлар мемлекетке 17 миллион теңгеден астам қаржылық шығын келтіріп отыр. Әлеуметтік қолдау саясатының түпкі мақсаты – шынайы мұқтаж азаматтарға көмек көрсету екенін ескерсек, бұл фактілер қоғамда әділеттілік пен жауапкершілік қағидаттарының әлсіреуіне себеп болуы мүмкін.
Мемлекеттік саясаттың әлеуметтік бағыты – әлсіз топтарды қолдап, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Алайда бұл қолдау шараларын теріс пайдалану – мемлекеттің ресурстарын тиімсіз жұмсауға алып келеді. Прокуратура анықтағандай, өтініш беру кезінде кейбір отбасылар бір ғана мекенжайды көрсетіп, бірнеше өтініш тапсырған. Осы арқылы заңды айналып өтіп, артық төлемдерге қол жеткізген. Сонымен қатар, 56 өтінішке қатысты жалған қорытындылар жасалып, соның салдарынан 9,7 миллион теңге көлеміндегі қаржы заңсыз төленген. Бұл – жергілікті комиссия мүшелерінің немесе қызметтік өкілетін теріс пайдаланған тұлғалардың тікелей әрекетімен орын алған.
Тағы бір айтарлықтай алаңдатарлық жайт – кейбір азаматтардың өз меншігіндегі мүлікті, атап айтқанда автокөлік пен жер учаскелерін жасырғаны. 22 отбасы осындай мүліктік мәліметтерді көрcетпей өтініш берген. Сонымен қатар, 13 отбасы өздерінің нақты табыстары туралы ақпаратты толық ұсынбаған. Мұндай әрекеттер – тек заңсыз пайда табудың амалы ғана емес, сонымен қатар, шынайы мұқтаж жандардың қолына көмектің жетуіне бөгет болатын өте қауіпті құбылыс.
Мұндай жағдайлар тек бір реттік заңбұзушылық емес, жүйелі мәселелердің барын аңғартады. Осыған байланысты облыс прокурорлары тарапынан жергілікті атқарушы органдарға заңдылықты бұзушылықтарды жою және 36 миллион теңгеден астам қаржыны бюджетке қайтару туралы ұсыныс жолданды. Қазіргі таңда бұл ұсыныс қаралу сатысында, және тиісті органдар тарапынан заң бұзушылықтарды жоюға бағытталған шаралар қабылданып жатыр.
Жетісай ауданындағы жағдай да назар аударарлық. Мұнда атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж емес деген ресми қорытындыға қарамастан, жергілікті комиссия шешімімен 18 отбасыға 3,1 миллион теңгеден астам қаражат негізсіз төленген. Бұл комиссия құрамының жұмысы мен жауапкершілік деңгейінің төмендігін көрсетеді. Әлеуметтік саладағы кез келген шешім азаматтардың нақты жағдайына сүйеніп, әділдік қағидаттарымен қабылдануы тиіс.
Ал Сарыағаш ауданындағы Қапланбек ауылдық округінде жағдай тіпті күрделі. Мұнда учаскелік комиссия хатшысы мен ауылдық округ әкімінің орынбасары комиссия мүшелерінің атынан жалған қол қойып, 56 өтінішке қатысты жалған қорытындылар рәсімдеген. Мұның салдарынан тағы да 9,7 миллион теңге көлеміндегі мемлекеттік қаржы мақсатсыз жұмсалған. Бұл фактілерге қатысты да прокуратура тиісті қадағалау актілерін енгізіп, кінәлі тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде ұсыныс берген.
Мұндай келеңсіздіктер аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел халқына арнаған Жолдауларында айтқан бірқатар маңызды мәселелер ойға оралады. Президент бірнеше рет әлеуметтік көмекті тек шынайы мұқтаж жандарға ғана бағыттау қажеттігін қатаң ескерткен болатын. Ол: «Әлеуметтік қолдау науқаншылдыққа емес, әділеттілік пен нақты қажеттілікке негізделуі керек. Мемлекеттік көмек масылдыққа емес, еңбек етуге ынталандыруы тиіс», – деп атап көрсеткен еді.
Бұл – елдегі әлеуметтік саясаттың басты бағыты. Өйткені мемлекет шектеулі ресурстарды шынайы қажеттіліктерге бағыттауға міндетті. Әлеуметтік көмек жүйесін пайдаланып, жалған ақпарат беру – тек қана заң бұзушылық емес, бұл халықтың сеніміне жасалған қиянат.
Президенттің 2023 жылғы Жолдауында да: «Мемлекет қолдауға мұқтаж адамдарға ғана көмек беруі керек. Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі тиіс. Біз масылдыққа жол бермейміз», – деген сөзі нақты әрі қатаң бағытты білдіреді. Осы ұстанымды басшылыққа ала отырып, жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік көмек жүйесін қайта қарап, бақылауды күшейтуге міндетті.
Түркістан облысында орын алған бұл заңбұзушылықтардан сабақ алып, алдағы уақытта осындай келеңсіздіктерге жол бермеу үшін кешенді алдын алу шаралары қолға алынуы тиіс. Комиссия құрамдарының жауапкершілігін арттыру, мәліметтерді тексерудің бірыңғай автоматтандырылған жүйесін енгізу, қоғам тарапынан бақылау механизмдерін күшейту – қазіргі күннің нақты талаптары. Әлеуметтік көмек – қоғамдағы әлсіз топтар үшін арналған сенімді тірек. Бұл қолдауды шынайы мұқтаж азаматтар ғана алуы тиіс. Ал жалған құжатпен көмек алып, мемлекет қаржысын заңсыз иемдену – әділеттілікке жасалған опасыздық.