Ауыл ахуалы - қоғам дамуының көрсеткіші

Oinet.kz 17-08-2025 14

Сайрам ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосып отырған іргелі елді мекендердің бірі – Қарамұрт ауылдық округі. 

Screenshot_5.jpg

Бұл округтің тұрғындарының еңбекқорлығы, мемлекеттік бағдарламалардың жүйелі жүзеге асуы, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерліктің қатар дамуы өңірдің өркендеуіне жол ашып отыр.

Қарамұрт ауылдық округінің жалпы жер көлемі – 10 392 гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығына жарамды алқаптар, жайылымдық жерлер мен елді мекен аумақтары қамтылған. Округте бүгінде 17 мыңнан астам халық тұрады. Халық санының көптігі, ауыл шаруашылығына қолайлы жердің болуы және кәсіпкерліктің өрістеуі мұнда әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуды қажет етеді. Осы тұрғыдан алғанда, соңғы жылдары мемлекет тарапынан және жеке кәсіпкерлердің қолдауымен ауқымды жұмыстар атқарылды.

Экономика мен бюджет кіріс

2024 жылы округ бюджетінің кіріс бөлігі жоспардан асыра орындалып, 356,3 миллион теңгені құрады. Салық түсімдері бойынша да оң нәтиже бар: жоспардан 3,7 миллион теңге артық жиналды. Бұл ауыл тұрғындарының экономикалық белсенділігінің артқанын көрсетеді. Сонымен қатар, округте 26 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 525 шаруа қожалығы мен 86 жеке кәсіпкер еңбек етуде. Мұның барлығы жергілікті бюджеттің тұрақты қалыптасуына ықпал етуде.

Инфрақұрылым және абаттандыру

2024 жылы ауыл бюджеті есебінен бірқатар маңызды жобалар жүзеге асты. Атап айтқанда, ауыл көшелерін жарықтандыру, абаттандыру, трансформатор орнату, қоқыс шығару жүйесін жолға қою, қысқы кезеңде қар тазалау сияқты жұмыстар толық орындалды. Сонымен қатар, мәдениет үйі жөнделіп, тұрғындарға сапалы мәдени қызмет көрсетуге мүмкіндік жасалды.

Облыстық және аудандық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен 7 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жоспарланып, бірнеше көшенің жолдары жөнделді. Ауылдағы электр жүйесін жаңарту бағытында ескірген трансформаторлар ауыстырылып, тозығы жеткен электр бағаналары қайта орнатылды. Бұл тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға едәуір ықпал етті.

Әлеуметтік қолдау мен халықтың әл-ауқаты

Ауыл тұрғындарына көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың да көлемі жыл сайын артып келеді. 2023 жылы атаулы әлеуметтік көмек алғандар саны 253 отбасы болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 134 отбасыға дейін азайды. Бұл – тұрғындардың тұрмысы жақсарып, табыс деңгейінің өскенін білдіреді.

Сондай-ақ, округ бойынша әскерге шақыру науқаны ойдағыдай атқарылып, жыл қорытындысымен 41 азамат Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Ал халықтың әлеуметтік жағдайын зерделеу мақсатында жүргізілген «Отбасылық цифрлық карта» жобасы аясында 1488 азамат қамтылып, дағдарыс және мүшкіл деңгейдегі санаттағы тұрғындар саны 31 пайызға азайтылды.

Ауыл шаруашылығы – басты тірек

Қарамұрт ауылдық округі Сайрам ауданының аграрлық әлеуетін айқындайтын өңірдің бірі. Мұнда 3 424 гектарға дәнді дақылдар, 808 гектарға көкөністер, 560 гектарға майлы дақылдар егілді. Ал алма мен жүзім секілді көпжылдық дақылдар 301 гектар жерді қамтиды. Мал шаруашылығы да жақсы жолға қойылған: 13 мыңнан астам мүйізді ірі қара, 12 мыңнан аса ұсақ мал, 1,5 мың жылқы және 10 мыңға жуық құс бар.

Бұл бағыттағы табыс округ тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсартып қана қоймай, аудан экономикасының дамуына да зор үлес қосып отыр.

2025 жылға жоспарланған жұмыстар

Алдағы жылы Қарамұрт ауылдық округінде ауқымды жобалар қолға алынбақ. Атап айтқанда, 175 миллион теңгеге электр бағаналарын ауыстыру, Низамабад елді мекеніндегі тұрғын үйлерге электр желісін тарту үшін 401,5 миллион теңге бөлу көзделген. Сондай-ақ, Қарамұрт пен Низамабад елді мекендерінде ауыз су жүйесінің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге қаржы қарастырылды. Бұған қоса, Гүлді көшесі мен орталық ауруханадағы трансформаторларды жаңарту жоспарланып отыр.

С.АБЫЛБЕКОВА

Ауылдың абыройы – адал еңбегі
Несие – жастарға несібе
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу