Несие – жастарға несібе
Ел экономикасының тұрақты дамуы ең алдымен жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен кәсіпкерліктің өркендеуіне байланысты.
Бұл бағытта жастардың белсенділігі ерекше рөл атқарады. Экономикалық өсімге серпін беретін негізгі күш – жаңа идея мен тың бастамаларды жүзеге асыруға ұмтылған жас буын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында экономиканы әртараптандыруда шағын және орта бизнестің үлесін арттыруды баса айтып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бүгінде жастарға тиімді шарттармен несие рәсімдеу мүмкіндігі берілген. Несиенің пайыздық мөлшерлемесі – 2,5%, көлемі – 5 миллион теңгеге дейін, төлеу мерзімі – 5 жыл. Ал ауыл шаруашылығымен айналысамын, ірі қара мал өсіремін деген жастар үшін бұл мерзім 7 жылға дейін ұзартылған. Сондай-ақ несиені 1,5 жылдан соң төлеуге болады. Бұл уақыт аралығында жас кәсіпкерлер өз кәсібін жолға қойып, кіріс көзін қалыптастыруы тиіс.
Аталған бағдарлама аясында несие беру «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жүргізіледі. Корпорация несиеге өтініш берушілерден артық алым немесе комиссия талап етпейді. Осы мүмкіндікті ұтымды пайдалану үшін жергілікті жерлерде NEET санатындағы жастарға ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Несие алушы жастардың жасы 21-ден 35-ке дейін болуы тиіс және жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болуы міндетті. Микрокредит алушылар үшін негізгі борыш пен сыйақыны өтеуде жеңілдік кезеңі қарастырылған. Ол жалпы несие мерзімінің үштен біріне дейін созылады. Мәселен, 5 жылға берілген несие бойынша алғашқы 20 айда жеңілдік қарастырылған.
Жүйелі жұмыстар мен нақты ақпараттық түсіндірудің нәтижесінде өз кәсібін ашуға ниетті жастар қатары ауданымызда артып келеді. Мәселен, біздің ауданнан жоба ұсынған кәсіпкерлер жетерлік. Солардың бірі – 28 жастағы Ахрор Абдиганиев. Ол «Жастарға шағын несие беру» бағдарламасы арқылы 2,5 пайызбен 7 жылға 5 миллион теңге несие рәсімдеп, 15 сиыр сатып алған болатын. Қазіргі таңда сауылған сүтті өңірдегі дүкендер мен кәсіпорындарға жеткізіп жүр. Алдағы уақытта сиыр басын көбейткен. Жұмысшылары да бар.
Қолдарына қаржы тиген жас кәсіпкерлер кәсібін жолға қойып қана қоймай, өз отбасын қамтамасыз етіп, жергілікті нарықтағы сұранысты өтеп отыр. Бұл – бір жағынан ауылдағы жұмыссыздықты азайтуға, екінші жағынан өңір экономикасына тың серпін.
С.СӘУЛЕБАЙ