Ауылдың абыройы – адал еңбегі
Жібек жолы ауылдық округі Сайрам ауданындағы ауыл шаруашылығы саласында алдыңғы қатарда тұрған аймақтың бірі.
Мұнда жергілікті тұрғындар мен шаруа қожалықтары егін және мал шаруашылығын қатар дамытып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсіміне өз үлесін қосып келеді. 2024 жылғы көрсеткіштер округтің ауыл шаруашылығындағы әлеуетін айқын аңғартады.
Ауылдық округте егін шаруашылығы кең көлемде өркендеген. Жалпы егістік алқабы 3 131 гектарды құрайды. Оның ішінде ең ауқымды үлесті көпжылдық дақылдар – 1 299 гектар (оның 1 239 гектары шаруа қожалықтарында, 60 гектары қосалқы шаруашылықтарда), дәнді дақылдар – 1 138 гектар, ал майлы дақылдар – 633 гектар алып отыр. Көкөніс түрлерінің ішінде қырыққабат егісі басым: жалпы көлемі 21,15 гектар болса, соның 20,69 гектары шаруа қожалықтарының еншісінде. Сондай-ақ, картоп 13,66 гектарда, қияр 10,55 гектарда, пияз 4,76 гектарда, сәбіз 2,13 гектарда өсірілуде. Бұдан бөлек асқабақ пен әртүрлі көкөніс түрлері 1,58 гектарды құрайды. Ал қызанақ пен сарымсақ егістігі биыл егілмеген. Бұл деректер Жібек жолы ауылдық округінің егіншілік саласында дақылдардың түрленуі мен ауыл шаруашылығы құрылымының жүйелі екенін көрсетеді.
Мал шаруашылығы да округтің негізгі тіректерінің бірі саналады. Мұнда ірі қара мал саны – 29 560 бас, ұсақ мал – 25 670 бас, жылқы – 5 670 бас, түйе – 210 бас, ал әртүрлі құстар – 25 543 басты құрап отыр. Жалпы алғанда, округ аумағында 54 143 бас мал мен құс бар. Бұл ауыл халқының тұрмысы мен табыс көзіне айналып, аудан экономикасына да оң әсер етуде.
Жалпы ауыл шаруашылығы саласының өркендеуі округтің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп отыр. Жібек жолы ауылдық округінде бүгінде 125 жеке кәсіпкер тіркелген. 2025 жылға жоспарланған әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш 4 200 млн теңгені құрамақ. Өнеркәсіп саласы бойынша 488,7 млн теңге межеленсе, тамақ өнімдерін өндіруге бағытталған негізгі капитал көлемі 400 млн теңгеге жетіп отыр. Бұл көрсеткіштердің барлығы ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерліктің өзара ұштасып, округ экономикасын нығайтып келе жатқанын дәлелдейді.
Әлеуметтік салада да айтарлықтай ілгерілеушілік бар. Биылдың өзінде 60 азамат жұмыспен қамтылып, жұмыссыздық деңгейі төмендеді. Сонымен қатар екі азамат 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін ашты. Бұл – ауыл тұрғындарының кәсіпкерлікке деген ынтасының артқанын және мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижелі екенін білдіреді.
Жібек жолы ауылдық округінде инвестиция тарту арқылы жаңа жобалар іске асырылуда. Биыл құны 500 млн теңге болатын ауқымды жоба қолға алынып, жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Бұл ауылдық округтің даму қарқынын арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар округте жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. 2024 жылы жеке және заңды тұлғалардың иелігіндегі 60 гектар жер анықталып, оның 50 гектары мемлекетке қайтарылған. Бұл – жер ресурстарын тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайтуға бағытталған нақты қадамдардың бірі. Жібек жолы ауылдық округінің ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктері өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты тірегіне айналып отыр. Егін және мал шаруашылығының дамуы, кәсіпкерліктің жандануы, жаңа инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы – округтің экономикалық өсімінің нақты көрінісі. Жергілікті тұрғындардың еңбекқорлығы мен мемлекет тарапынан жасалып отырған қолдау ауылдың әлеуетін арттырып, болашаққа сеніммен қадам басуға негіз болып отыр.
С.АБЫЛБЕКОВА