Сайрамда маңызды мәселелер бойынша жиын өтті
Сайрам ауданында аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы С.Дүйсебаевтың төрағалығымен өткен лездемелік мәжілісте өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін бірқатар мәселелер қаралды.
Алдымен «Таза Қазақстан» республикалық бастамасы аясында атқарылған жұмыстар қорытындыланды. Жиында берілген есепке сүйенсек, ауданда сенбіліктер ұйымдастырылып, көшелер мен арық-атыздар тазартылды, заңсыз қоқыс орындары жойылды. Бұл шаралар тек экологиялық ахуалды жақсартып қоймай тартымды орта қалыптастыруға ықпал етеді.
Мәжілісте ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жерлерді айналымға қайтару жайы кеңінен сөз болды. Жайылым мен егістік жерлердің тиімді игерілуі – ауданның аграрлық әлеуетін күшейтіп, өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өңдеу өнеркәсібінің дамуына, жергілікті халықтың табысын ұлғайтуға және ауданның экспорттық әлеуетін кеңейтуге жол ашады.
Сонымен қатар, 2025 жылғы ұлттық ауыл шаруашылығы санағына дайындық барысы талқыланды. Елді мекендердің мекенжай деректері жаңартылып, картографиялық материалдар әзірленді, санақ кабинеттері жабдықталды. Интернет жылдамдығы мен техникалық жағдайға байланысты белгілі бір қиындықтар болғанымен, жұмыстар жоспарға сәйкес атқарылып жатыр. Санақ нәтижелері болашақта ауданның ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды нақтылауға негіз болады.
С.СӘУЛЕБАЙ