Сансыз бабтар мекенінің экономикалық әлеуеті артып келеді
Сайрам ауданы – Түркістан облысының экономикалық әлеуеті жоғары өңірлерінің бірі.
Халқының еңбекқорлығы, географиялық қолайлы орналасуы, кәсіпкерлікке бейімділігі аудан экономикасының қарқынды дамуына серпін беріп отыр. Бүгінде ауданда ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, шағын және орта бизнес қатар дамып, жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.
2025 жылдың қаңтар–тамыз айларының өзінде Сайрам ауданына шамамен 39 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш аудан экономикасының тартымдылығын айқындап отыр. Инвестицияның басым бөлігі ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, жылыжай кешендері мен өнеркәсіп орындарын дамытуға бағытталған. Аудан кәсіпкерлеріне жеңілдетілген рұқсат құжаттары беріліп, инвесторларға қолайлы жағдай жасалуда. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, жаңа өндіріс орындарының ашылуына жол ашады.
Сайрам ауданында бүгінде 69 кәсіпорын жұмыс істеп, биылғы жылдың 8 айында 29,4 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Жоспарланған межеден асыра орындалған бұл көрсеткіш нақты көлем индексін 101,5 пайызға жеткізді. Өнеркәсіп құрылымында өңдеуші сала 80,7 пайызды, электр-газ-су тарату 15,4 пайызды, ал кен өндіру 3,9 пайызды құрайды. Облыс көлемінде өнеркәсіп өнімінің көлемі бойынша Сайрам ауданы екінші орынға тұрақтап отыр. Бұл аудан экономикасының қарқынды дамуын айқын көрсетеді.
Ауыл шаруашылығына жарамды жер көлемі – 76 820 гектар. Оның ішінде 51 862 гектар егістік, 15 466 гектар суармалы жер, 2 110 гектар көпжылдық екпе ағаштар, 22 090 гектар жайылым бар. Бүгінде ауданда 8 030 шаруа қожалығы және 244 кооператив пен серіктестік жұмыс істейді. Жүзім және жеміс-жидек өсіру бағытында «Қара Казим», «Галия», «Нұрлы жол», «Айша» сынды қожалықтар өнімділікті арттыруда. Ал «Dala Fruit» пен «Алмалы-С» ЖШС-лері экспортқа бағдарланған ірі жобалар қатарында.
Аудан экономикасының өркендеуінде өнімді өңдеу мен сыртқа шығару ерекше маңызға ие. «Бірлік-4» ЖШС сыйымдылығы 16 мың тоннаға дейін жететін заманауи қоймаларға ие. Жоба аясында 500–600 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сүт өңдеу саласында жыл сайын 22 мың тонна өнім шығарылуда. Бұл бағытта ірімшік, май, қаймақ, айран сияқты өнімдерге сұраныс жоғары. Аққала ауылында сүт фермасы ашылып, 146 бас сиыр автоматтандырылған жүйемен сауынға енгізілді. Сонымен қатар, құрғақ сүт өндіретін жаңа кәсіпорын іске қосылып, жылына 900 тонна өнім шығару жоспарланған. Құны 468 млн теңгені құрайтын бұл жоба алдағы уақытта Өзбекстан мен Қырғызстанға экспортталуы мүмкін.
Алдағы кезеңде Сайрам ауданы шетелдік және отандық инвесторлар үшін тартымды аймақ ретінде қалыптасып, экспорттық мүмкіндіктерін кеңейте бермек.
С.АБЫЛБЕКОВА