Ауылды дамыту - ортақ іс
Сайрам ауданында ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласы қарқынды дамып келеді.
Солардың ішінде Жібекжолы ауылдық округі аудан экономикасының өркендеуіне елеулі үлес қосып отырған ауылдардың бірі саналады. Округ құрамына Жібек жолы, Машат және Сихым елдімекендері кіреді.
Бүгінгі таңда округтің негізгі табыс көзі ауыл шаруашылығы болып табылады. 2024 жылы ауыл шаруашылығы саласы бойынша жалпы өнім көлемі 4,2 млрд. теңгені құрады. Бұл көрсеткіш ауыл тұрғындарының еңбексүйгіштігін, жергілікті шаруалардың жаңа технологияларды енгізіп, өнімділікті арттыруға ден қойғанын көрсетеді.
Ауыл шаруашылығымен қатар өнеркәсіп саласы да қарқынды дамуда. Өнеркәсіп өнімдерінің жалпы көлемі 488,7 млн. теңгеге жетті. Ал тамақ өнімдерін өндіруге тартылған негізгі капитал көлемі 400 млн. теңгені құрады. Бұл бағыттағы жұмыстар ауылда шағын және орта бизнестің нығаюына жол ашып отыр.
2025 жылға жоспарланған ірі инвестициялық жобалардың бірі – «CAZ Petrol» ЖШС-нің май құю бекеті. Жоба Жібек жолы ауылында жүзеге аспақ. Басшысы – Патшаев Ерлан. Құны жарты миллиард теңгені құрайтын бұл нысан биылғы жылы іске қосылады деп күтілуде. Жоба аясында 35 жаңа жұмыс орны ашылып, ауыл тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл өз кезегінде ауылдық округ қана емес, жалпы аудан экономикасының дамуына тың серпін бермек.
Жаңа май құю бекеті ауданға стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық жоба болғалы отыр. Өйткені ол бір жағынан тұрғындарға қолайлы қызмет көрсетсе, екінші жағынан аудан аумағындағы көлік қатынасының дамуына оң әсерін тигізеді. Сонымен бірге кәсіпкерлік саласын өркендетіп, бюджетке түсетін салық көлемін арттырады.
С.АБЫЛБЕКОВА