Ауылды дамыту – экономикаға серпін
Сайрам ауданына қарасты Арыс ауылдық округі ауданның дамуына тың серпін беруде.
Сайрам ауданының экономикалық әлеуетін арттыруда ауылдық округтердің орны ерекше. Соның ішінде Арыс ауылдық округі соңғы жылдары түрлі салада қарқынды дамып, ауданның өркендеуіне өзіндік үлесін қосып келеді. Халық саны 11 500 адамды құрайтын округ құрамына Қожанқорған және Нұржанқорған елді мекендері кіреді. Мұндағы тұрғындардың басым бөлігі кәсіпкерлікпен және ауыл шаруашылығымен айналысады. Жердің құнарлылығы мен қолайлы климаты ауыл шаруашылығына мол мүмкіндік берсе, кәсіпкерліктің өрістеуіне жол қатынасы мен инфрақұрылымның жақсаруы әсер етуде.
Экономикалық көрсеткіштер жылдан-жылға артып келеді. 2018 жылы өзіндік кіріс жоспары 19,7 млн теңге болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 45,6 млн теңгеге жетіп, 2,3 есеге өсті. Инвестиция тарту бағытында да елеулі нәтижелер бар. 2025 жылдың алғашқы алты айында Арыс ауылдық округі бойынша жоспарланған 147,5 млн теңгенің орнына 2 391,0 млн теңге инвестиция тартылды. Оның 2 120,9 млн теңгесі – кәсіпкерлердің жеке қаражаты, 270,1 млн теңгесі – тұрғындардың жеке үй құрылысына жұмсалған. Бұл жоспардың 16,2 есе артығымен орындалғанын көрсетеді. Қарабұлақ ауылдық округінде де оң өсім байқалады – жоспардағы 739,7 млн теңгенің орнына 3 956,4 млн теңге тартылып, жоспар 5,4 есе артығымен орындалған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Ауыл – елдің берекесі, халқымыздың тұрмысы жақсаруы үшін ауылдардың дамуына баса мән беруіміз керек» деген болатын. Бұл сөздер Арыс ауылдық округінің даму қарқынымен толық үндеседі. Округте әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту, халықты сапалы коммуналдық қызметпен қамтамасыз ету және тұрғын үй мәселесін шешу бағытында ауқымды жобалар жүзеге асуда.
Электр жүйелерін жаңарту бойынша 2025 жылы ауқымды жұмыстар атқарылды. Қожақорған ауылындағы Ж.Меңлібаев көшесінде электр бағаналарын ауыстыру, СИП кабель тарту, трансформатор орнату жұмыстары 60,94 млн теңгеге жүргізілді. Нұржанқорған ауылындағы Атамекен көшесінде де электр бағаналары жаңартылып, жаңа трансформатор орнатылды. Бұл жұмыстарға 102,55 млн теңге бөлініп, толық аяқталды. Сонымен қатар, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС инвестициялық жобасы аясында 3 шақырымдағы 120 дана тозығы жеткен электр бағаналары ауыстырылды. Ж.Хайтенов көшесін жарықтандыруға 14,9 млн теңге бөлінді.
Жол жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Қожақорған ауылындағы С.Юсупалиев және Ш.Артиков көшелерін орташа жөндеу үшін 6,2 шақырым жолға 243,175 млн теңгеге жобалық-сметалық құжат дайындалып, қаржыландыруға ұсынылды.
Табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында Қожақорған ауылындағы 34,2 гектар аумақтағы үйлердің газ жүйелерін жүргізу жұмыстары 351,933 млн теңгеге қолға алынды. Ал ауыз су мәселесі бойынша Қожақорған және Нұржанқорған ауылдарында 1 су ұңғысы арқылы 1 864 үйдің 357-сі орталықтандырылған ауыз суға қосылған, қалған 1 507 үй әлі де құдық немесе бұлақ суын пайдаланады. Осы олқылықты жою үшін 2 млрд 938,919 млн теңгеге ауыз су жүйелерінің құрылысы 2024-2025 жылдары жүргізілуде. Биыл Ж.Меңлібаев көшесіндегі 34,2 гектар жер аумағындағы үйлердің ауыз су жүйелері 211,531 млн теңгеге тартылды.
Жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары да жүйелі түрде атқарылуда. 2020-2025 жылдары 448 гектар жайылымның 345 гектары мемлекетке қайтарылған. Тұрғын үй салуға арналған жерлер де инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп келеді. Қожақорған ауылындағы 22 гектар жер учаскесі кезекте тұрған азаматтарға табысталды. Сонымен қатар, қос ауылда бас жоспарға сәйкес 120 гектар аумақта инженерлік-коммуникациялық желілер тартылуда. Нұржанқорғанда 11 көпқабатты үй салу жоспарланып отыр.
Арыс ауылдық округіндегі бұл жұмыстар – аудан экономикасының өркендеуіне қосылған зор үлес. Жергілікті халықтың тұрмысын жақсартып, ауыл инфрақұрылымын жаңарту бағытындағы жобалар алдағы уақытта да қарқынды жалғасын табады.
С.СӘУЛЕБАЙ