Сайрам ауданында ауыл шаруашылығы санағы басталды
Санақ нәтижесінде аудандағы ауыл шаруашылығының нақты жағдайы, өндірістік әлеуеті мен даму қарқыны айқындалады.
Бұл өз кезегінде аудан экономикасының қаншалықты өскенін көрсететін маңызды көрсеткіш болмақ. Осыған орай, Сайрам ауданында 1 тамыз бен 31 тамыз аралығында өтетін ұлттық ауыл шаруашылығы санағына дайындық қызу жүріп жатыр.
Бүгін аудан әкімінің орынбасары Шухратулла Азатуллаұлының төрағалығымен осы науқанға байланысты мәжіліс өтті. Жиын барысында санақтың маңызы мен ұйымдастыру тәртібі жан-жақты түсіндірілді.
Аталған санақ онлайн форматта өтуде. Сайрам ауданы бойынша 305 заңды тұлға мен 9589 шаруа немесе фермер қожалығы қамтылуы тиіс. Алайда қазіргі таңда санақтан өткен шаруашылықтардың үлесі небәрі 8,1 пайызды ғана құрап отыр. Осыған байланысты аудан әкімінің орынбасары Ш.Убайдуллаев ауылдық округ әкімдеріне санақтың уақытылы әрі сапалы жүргізілуін қатаң бақылауға алуды тапсырды.
С.АБЫЛБЕКОВА