Сайрам ауданында экономиканы әртараптандыру және құрылыс тәртібі басты назарда
Сайрам ауданы – ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және өнеркәсіп салаларын қатар дамытып, экономикасын әртараптандыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп жатқан өңірлердің бірі.
Соның ішінде инфрақұрылымды дамыту, елді мекендерді жоспарлы түрде орналастыру және құрылыс саласындағы заңдылықты сақтау – негізгі басым бағыттар қатарында.
Осы аптада аудан әкімінің орынбасары Руслан Муздыбековтың төрағалығымен өткен жиында құрылыс саласындағы бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, аудан аумағында заң талаптарын бұза отырып салынған құрылыс нысандары бойынша жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесі баяндалды. Нәтижесінде 84 нысан анықталып, олардың 45-іне қатысты тиісті құжаттар уәкілетті органға жолданған. Кейбір нысандарға айыппұл салынса, бірқатар құрылыс иелері нысандарын өз еркімен бұзған.
Жиында сондай-ақ елді мекендердің бас жоспарларына енгізіліп жатқан түзетулерге де назар аударылды. 2024 жылы 7 елді мекеннің, ал 2025 жылы 8 елді мекеннің бас жоспарларын жаңарту басталған. Қазіргі таңда бұл бағытта жобалау, тіркеу және сараптама жұмыстары атқарылуда. Аталған жұмыстармен бірнеше жобалаушы мекеме айналысып жатыр. Аудан әкімінің орынбасары жоспарлардың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуын қамтамасыз етуді жауапты сала басшыларына тапсырды.
С.СӘУЛЕБАЙ