Экономиканың дамуы – ауылдың жаңа тынысы
Сайрам ауданының дамуына серпін беріп отырған маңызды салалардың бірі – ауыл шаруашылығы.
Бұл бағытта Арыс ауылдық округінің жетістіктері айрықша көзге түседі. Соңғы жылдары округ аумағында ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға елеулі үлес қосуда.
Мұндағы халықтың басым бөлігі ата кәсібін жалғастырып, егін егу мен мал шаруашылығын өркендетуде. Еңбекқор жұрттың маңдай терімен өндірілген өнімдер аудан ғана емес, облыс нарығында да сұранысқа ие.
Инвестиция тарту көрсеткіші де көңіл қуантады. 2025 жылдың алғашқы алты айының өзінде жоспардағы 147,5 млн теңгенің орнына 2 391,0 млн теңге көлемінде инвестиция тартылған. Оның 2 120,9 млн теңгесі – жергілікті кәсіпкерлердің жеке қаражаты болса, 270,1 млн теңгесі – тұрғындардың үй құрылысына жұмсалған. Бұл – жоспардың 16,2 есе артығымен орындалғанының айқын дәлелі.
Жайылым жерлерді тиімді пайдалану бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылды. 2020-2025 жылдар аралығында 448 гектар жайылымның 345 гектары мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл ауыл шаруашылығының әлеуетін арттырып, мал басын көбейтуге қосымша мүмкіндік береді.
Тұрғындарға арналған инфрақұрылым да назардан тыс қалған жоқ. Қожақорған ауылындағы 22 гектар жер учаскесі кезекте тұрған азаматтарға беріліп, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар, екі ауылда бас жоспарға сәйкес 120 гектар аумақта инженерлік-коммуникациялық желілер тартылып жатыр.
Арыс ауылдық округінің ауыл шаруашылығындағы мұндай жетістіктері – аудан экономикасының өркендеуіне қуатты серпін беріп, елді мекендердің еңсесін биіктетіп отыр.
С.СӘУЛЕБАЙ