Аудан экономикасының тірегі – ауыл шаруашылығы

Oinet.kz 25-07-2025 19

Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының берік тірегі. Бұл сала тек азық-түлік қорының негізі ғана емес, сонымен қатар жұмыс орындарын құрып, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етіп, ел игілігінің қайнар көзі болып отыр. 

Screenshot_31.jpg

Сондықтан егін мен жерге деген құрмет – болашағымызға жасалған салмақты қадам.

Аудан аумағында орақ науқаны қызу жүріп жатыр. Биылғы жылы жиын-терім әдеттегіден ертерек басталды — аграршылар мұны масақты дақылдардың пісіп-жетілуін тездеткен аптапты, қуаң ауа райымен түсіндіреді.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 2025 жылы бидай егілген алқап көлемі 19 980 гектарды құраса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 21 023 гектар болған. Арпамен 3300 гектар жер қамтылған (өткен жылы — 3326,7 га). Ең көп егіс көлемі Ақбұлақ ауылдық округіне тиесілі — 4841 га, сондай-ақ Қайнарбұлақ (954 га), Қолкент (930 га), Жібек жолы (874 га), Манкент (722 га) және Қарасу (721 га) округтері де көш бастап тұр.

Алайда алғашқы нәтижелер диқандарды алаңдатуда — түсім мөлшері былтырғыдан әлдеқайда төмен. 2024 жылы аудан бойынша 45 162,5 тонна бидай жиналып, орташа өнімділік 21,5 центнер/гектарды құраса, арпа 5 512,9 тонна көлемінде жиналып, гектарына 16,6 центнерден айналған. Биыл бұл көрсеткіштер едәуір төмен болады деп күтілуде.

Жібек жолы ауылдық округінің әкімі Д.Жиенбаевтың айтуынша: «3000 гектар ауыл шаруашылық жерлерінің 70%-ке жуығы дәнді дақылдарға тиесілі. Өткен жылы орақ шілдеде басталып, кей шаруашылықтарда түсім 20 центнерге дейін жетті. Ең жоғары нәтиже «Комбайн-2050» кооперативінде тіркелді. Биыл алдын ала болжам бойынша, ол жерде де 15 центнерден аспайды. Біздің барлық алқаптар суармалы емес, яғни табиғи жағдайларға тәуелді. Ал биылғы ауа райы бізге оң қабақ танытпады».

Осындай жағдай Қайнарбұлақ ауылдық округінде де байқалады. Ауыл әкімі Е.Дүйсебаев: «Округ бойынша 3 500 гектарға бидай, 1 000 гектарға арпа егілді. Өткен жылы бидай 15-17 центнерден жиналса, биыл 8-10 центнерден ғана күтіп отырмыз. Үздік нәтижеге Канат Мылтықбаев басқаратын «Қайнар-Астық» өндірістік кооперативі қол жеткізіп отыр. Ол жерде шамамен 3 000 гектар бидай бар. Арпаның былтырғы түсімі 12-13 центнер болса, биыл 7-8 центнердің шамасында. Яғни айырмашылық айқын. Дегенмен, техникаларымыз сақадай сай, жанар-жағармай жеткілікті — шілде соңына дейін бидайды толық қамбаға құюға үміттіміз», — дейді.

Аудандағы өзге дәнді дақыл егумен айналысатын шаруашылықтарда да жағдай осыған ұқсас. Бірақ диқандар мұңайып отыруға уақыт таппайды — алда тағы көп жұмыс күтіп тұр. Жоңышқаның екінші орымы, мал азығын дайындау, ең бастысы — күзгі егіске дайындық, ол да биыл әдеттегіден ертерек басталмақ.

Ауыл шаруашылығы — тынымсыз еңбек пен үміттің символы. Табиғи қиындықтарға қарамастан, егіншілер ертеңгі күнге сеніп, адал еңбектерін жалғастыруда.

С.ӘШЕТ

Сайрамда 700-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды
Сайрам ауданының әкімі қызметінен кетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу