Сайрам ауданының әкімі қызметінен кетті
Соңғы екі жылда Сайрам ауданында ауқымды өзгерістер орын алды. Инфрақұрылымдық жобалар іске асып, жаңа әлеуметтік нысандар бой көтерді, көгалдандыру жұмыстары қарқын алды.
Бұл жетістіктердің артында аудан әкімі А. Сәбитовтің еңбегі тұрғаны анық. Оның бастамасымен аудан экономикасы жаңа серпін алып, әлеуметтік салада бірқатар маңызды жобалар жүзеге асты.
Алайда, бүгін аудан әкімі А. Сәбитов өз қызметінен кеткенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Facebook әлеуметтік желісінде жазба жариялап, тұрғындарға алғысын білдірді:
«ҚҰРМЕТТІ КИЕЛІ САЙРАМ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ! ҚАДІРЛІ ҚАУЫМ!
Бүгінгі күннен бастап басқа қызметке ауысуыма байланысты, САНСЫЗ БАПТАР мекені Сайрам ауданы әкімі қызметіндегі өкілеттігім өз мәресіне жетіп отыр.
Осыған орай, аз ғана уақыт ішінде маған білдірілген сенімдеріңіз үшін баршаңызға шынайы ризашылығымды жеткіземін!
Сайрам ауданының әкімі ретінде атқарған екі жылдық қызметімде өздеріңізбен қоян-қолтық жұмыс істеудің нәтижесінде, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған бірқатар маңызды жобалар мен бастамалар жүзеге асырылды.
Мемлекеттік қызметтегі тәжірибем мен білімімді ауданның даму жоспарының тиімді орындалуына жұмсай отырып, тұрғындар тарапынан түскен ұсыныс-пікірлерге жете мән бердім деп айта аламын.
Әсіресе, елді мекендерге инфрақұрылым тарту, санитарлық-көгалдандыру жұмыстарын жүргізу, әлеуметтік нысандар құрылысы сынды бағыттарда нақты нәтижелерге қол жеткізілді.
Сайрам – бірлігі бекем, халқы еңбекқор аудан. Аудан жұрты келген күннен бастап жылы қабылдап, бастамаларға қолдау білдірді. Өз кезегінде, жұмыс барысында мен де ауданнан өзіндік тәжірибе жинақтадым.
Барлық бастама аудан тұрғындары мен ақсақалдарының ұсыныстарын ескере отырып жүзеге асырылды. Бұл жұмыстардың нәтижесі – Сіздердің қолдауларыңыз бен бірлескен еңбектеріңіздің жемісі деп білемін.
Осы сәтті пайдалана отырып, Сайрам ауданы әкімі аппаратының кәсіби ұжымына және барша аудан тұрғындарына қызмет барысында көрсеткен сенімі мен қолдаулары үшін алғысымды білдіремін.
Баршаларыңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, алдағы бастамаларыңызға сәттілік тілеймін!» – деп жазды А. Сәбитов.
С.АБЫЛБЕКОВА