Сайрамда 700-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды

Oinet.kz 24-07-2025 15

Сайрам ауданындағы экономикалық даму мен еңбек нарығының жағдайы күннен-күнге жақсарып келеді. 

Screenshot_30.jpg

Жұмыссыздық деңгейін төмендету, жұмысшы мамандықтардың маңыздылығын арттыру және жергілікті тұрғындарды жұмыс орындарымен қамтамасыз ету – аудан экономикасын нығайтудың маңызды қадамдары болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаннан кейін, бұл бағытта жаңа мүмкіндіктер мен бастамалар жүзеге асырылып келеді. Осыған орай, өткен айда Сайрам ауданында орталық саябақта «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өткізілді.

Аталған шараға Сайрам аудан әкімі мен мәслихат хатшысы, «AMANAT» партиясының өкілдері, сондай-ақ аудан зиялы қауымы, колледждер мен оқу-өндірістік комбинаттар, кәсіпорындар мен өндіріс орындары, жергілікті кәсіпкерлер, жұмысшы мамандық иелері, мектеп оқушылары, жастар мен ата-аналар қатысты. Іс-шараның ұйымдастырушысы – Сайрам аудан әкімдігі мен «Еңбек мобильділігі орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Сайрам аудандық мансап орталығы» филиалы болды.

Жұмыссыздықты азайту және жастарды еңбек нарығына тарту мақсатында ұйымдастырылған бұл шара жұмысшы мамандықтардың маңыздылығын танытып, жастар мен жұмыс іздеушілерге жаңа мүмкіндіктер ұсынды. Жәрмеңкеде 700-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды, бұл аудан экономикасына жаңа күш-қуат әкелуге септігін тигізеді. Жергілікті кәсіпорындар мен өндіріс орындары, соның ішінде құрылыс, ауыл шаруашылығы, және техникалық салалардағы бос орындар ұсынылып, жұмысшыларға нақты жұмыс орындары көрсетілді.

Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов іс-шара барысында тұрғындарды құттықтап, марапаттау рәсімін өткізді. Сонымен қатар, ол жәрмеңкеде қайтарымсыз гранттар алып, өз кәсіптерін ашқан азаматтармен танысып, оларға болашақта жұмыспен қамту мәселелерінде көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Сондай-ақ, аудан әкімдігі колледждерде жұмысшы және техникалық мамандықтар бойынша жастарды даярлау жұмыстарын күшейтуді жоспарлап отырғанын жеткізді. Бұл қадамдар жергілікті кәсіпорындар мен өндіріс орындары үшін білікті кадрлар даярлап, өндірістік әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.

Жұмысшы мамандықтарының маңыздылығы артқан сайын, олардың  экономикалық өсімге қосар үлесі де ұлғаяды. Жұмыссыздықты төмендету арқылы халықтың табысы артып, тұтынушылық сұраныс өседі, бұл өз кезегінде өңірдің өндірістік және сауда салаларының жандануына жол ашады. Жәрмеңке арқылы ұсынылған жұмыс орындары – бұл тек жеке адамдар үшін ғана емес, жалпы аудан экономикасы үшін маңызды қадам.

С.АБЫЛБЕКОВА

Құрылыс қарқыны партия бақылауында
Аудан экономикасының тірегі – ауыл шаруашылығы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу