Құрылыс қарқыны партия бақылауында

Oinet.kz 24-07-2025 18

Сайрам ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жыл өткен сайын қарқын алып келеді. 

Screenshot_29.jpg

Аудан аумағында халық санының артуы білім беру саласындағы инфрақұрылымды кеңейту қажеттілігін туындатты. Бұл бағыттағы жұмыстардың бастамасы ретінде жаңа мектептер салу және қолданыстағы білім ошақтарын кеңейту жобалары қолға алынуда. Мұндай қадамдар тек сапалы білім беруді қамтамасыз етіп қана қоймай, аудан экономикасына серпін береді. Өйткені әрбір жаңа нысанның құрылысы құрылыс саласын дамытып, қосымша жұмыс орындарының ашылуына, жергілікті кәсіпкерлердің белсенділігінің артуына ықпал етеді.

Осындай маңызды жобалардың бірі – Жібек жолы ауылындағы Ә.Бөкейханов атындағы жалпы орта мектебіне қосымша ғимарат салу. Бұл мектеп 1971 жылы пайдалануға берілген. Жылдар бойы оқушылар саны көбейіп, білім ұясы үш ауысымды мектептер қатарына қосылған болатын. Бұл өз кезегінде ата-аналар мен ауыл тұрғындары үшін үлкен мәселе болып, олар тарапынан бірнеше рет ұсыныстар айтылды.

Халықтың өтініштері ескеріліп, мәселе «AMANAT» партиясының облыстық филиалының ерекше бақылауына алынды. Партия алаңында өткен есеп беру жиындарында және фракция отырыстарында бұл мәселе бірнеше мәрте қаралды. Облыстық деңгейдегі депутаттар тарапынан тиісті шешімдер қабылданды. Бюджеттік өтінім жасау, жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу және мемлекеттік сараптамадан өткізу бағытында облыстық білім және құрылыс басқармалары алдына нақты талаптар қойылды.

Бірлескен еңбектің нәтижесінде 300 орындық қосымша оқу корпусының, заманауи асхананың, шеберхананың және спорт залдың құрылысы басталды. Бұл нысан ауылдың білім беру саласында үлкен өзгеріс әкеледі. Оқушылардың ыңғайлы жағдайда сапалы білім алуына жол ашылып, мұғалімдердің де жұмыс жасауына қолайлы орта қалыптасады. Сонымен қатар, қосымша ғимараттың салынуы спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік беретін кең залдың болуын қамтамасыз етеді.

Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың ақпан айында басталып, бекітілген өндірістік кестеге сәйкес, 2026 жылдың І тоқсанында толық аяқталады деп жоспарлануда. Бұл – бір күннің жұмысы емес, ұзақ дайындық пен үйлесімді іс-шаралардың нәтижесі. Партияның бастамасы аясында және облыстық мәслихаттағы «AMANAT» фракциясының қолдауымен қаржы мәселесі шешімін тапты.

Сапар барысында облыстық мәслихат депутаты, партия филиалы төрағасының міндетін атқарушы Қалыйма Жантөреева құрылыс алаңында болып, атқарылып жатқан жұмыстарды зерделеді. Ол мердігер мекемеге сапаны басты назарда ұстау қажеттігін ескертті. «Бұл мектептің қосымша ғимараты – халықтың көптен күткен арманы. Бізге ең бастысы – жұмыстардың сапасы мен уақытылы аяқталуы. Әрбір ата-ананың, әрбір баланың үмітін ақтау – біздің ортақ міндетіміз» деді ол.

Партияның Сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында әзірленген Жол картасына енген бұл нысан тұрақты бақылауда. Қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету үшін арнайы партиялық бақылау бекеті ашылып, құрылыс барысы жіті қадағаланып отыр.

Нысан іске қосылғаннан кейін ауыл балалары үшін кең әрі жарық сыныптар, жаңа спорттық және технологиялық кабинеттер қолжетімді болады. Білім саласындағы осындай іргелі жобалар – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының айқын көрінісі. Бұл бастама тек бүгінгі күн үшін емес, ертеңгі ұрпақ үшін жасалып отыр.

С.АБЫЛБЕКОВА

Көпір құрылысы – аудан әкімінің назарында
Сайрамда 700-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу