Сайрамда жылыжай шаруашылығы даму үстінде

Oinet.kz 23-07-2025 17

Сайрам ауданында ауыл шаруашылығының түрлі бағыттары бойынша табысты жобалар жүзеге асып келеді. 

Screenshot_27.jpg

Соның ішінде жылыжай шаруашылығы – аудан экономикасы мен ауыл еңбеккерлерінің табысын еселейтін маңызды саланың бірі ретінде қарқынды дамып келеді.

2025 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша ауданда жылыжайлардың жалпы көлемі 82 гектарға жетті. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсім. Мамандардың айтуынша, жыл соңына дейін жылыжай көлемін 86 гектарға жеткізу көзделіп отыр. Жоспарға сәйкес, жаңа жылыжай кешендері іске қосылып, аудан тұрғындары жыл он екі ай бойы балғын өнімдермен қамтамасыз етілетін болады.

Жылыжай шаруашылығын дамыту арқылы аудан бірнеше бағытта оң нәтиже көрсетіп отыр: біріншіден, тұрғындарды сапалы әрі табиғи көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету артса, екіншіден, жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті халықтың табысы артуда. Үшіншіден, ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, өнімдерді өзге өңірлер мен елдерге экспорттау әлеуеті де күшейіп келеді.

Жалпы алғанда, жылыжай кешендерінің артуы – Сайрам ауданындағы ауыл шаруашылығының жаңашыл бағытта дамып келе жатқанын көрсетеді. Су үнемдеу технологияларын енгізу, жаңа агротехникалық әдістерді пайдалану және инвестиция тарту арқылы аудан жылыжай шаруашылығын аймақтық деңгейде жетекші салалардың біріне айналдыруда.

Сайрам ауданы алдағы уақытта да ауыл шаруашылығында, соның ішінде жылыжай ісінде серпінді жобаларды жүзеге асыруды жалғастыра бермек.

С.СӘУЛЕБАЙ

Құрылыс – қалыпты дамудың қағидасы
Көпір құрылысы – аудан әкімінің назарында
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу