Құрылыс – қалыпты дамудың қағидасы
Сайрам ауданы – Түркістан облысындағы қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі.
Аудан экономикасы жыл сайын жаңарып, әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым жүйесі жаңғыртылуда. Мемлекеттік бағдарламалар аясында салынған немесе қайта жаңғыртылып жатқан нысандар – халықтың тұрмыс сапасын арттырып, өңірдің экономикалық өсіміне тікелей ықпал ететін маңызды тетікке айналды. Осы ретте аудан әкімі Арман Сабитов құрылыс алаңдарын аралап, жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын бақылауға алды.
Жұмыс сапары аясында аудан басшысы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарға барып, құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімінде орындалу барысымен танысты. Атап айтқанда, мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория, жол және көпқабатты тұрғын үй құрылыстарының қарқыны тексерілді. Арман Сабитов аталған нысандардың сапалы әрі уақтылы пайдалануға берілуі халықтың әл-ауқатына, әсіресе жастардың білім алуына, тұрғындардың денсаулығын жақсартуға және өмір сүру жағдайын жеңілдетуге ықпал ететінін атап өтті.
Аудан әкімі мердігер ұйымдарға нақты тапсырмалар жүктеп, құрылыс жұмыстары барысында қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуын, пайдаланылатын материалдардың сапалы болуын және әр нысанның белгіленген мерзімде толық аяқталуын талап етті. Сонымен қатар, кез келген құрылыстың тек физикалық тұрғызылуы емес, оның аймақтың әлеуметтік және экономикалық дамуына қосар үлесі маңызды екенін ескертті.
Арман Сабитов өз сөзінде:
– Құрылыс – экономиканың қозғаушы күші. Әрбір салынып жатқан нысан – бұл жаңа жұмыс орындары, қызмет көрсету сапасының артуы, халықтың күнделікті өміріне жайлылық әкелетін маңызды бастама. Аудан көлеміндегі инфрақұрылым мен әлеуметтік саланың тұрақты жаңаруы – өңір экономикасының серпінді дамып келе жатқанын көрсетеді, – деді.
Сайрам ауданында соңғы жылдары құрылыс қарқыны айтарлықтай артты. Бұл – мемлекет тарапынан қолдаудың, инвесторлар сенімінің және жергілікті билік тарапынан көрсетіліп отырған жүйелі жұмыстың нәтижесі. Ауданның экономикалық дамуы – халықтың тұрмыс деңгейіне тікелей әсер ететін фактор. Сол себепті, атқарылып жатқан әрбір жұмыс ауданның келешегіне инвестиция ретінде қарастырылады.
Жұмыс сапарының соңында аудан басшысы барлық жауапты сала жетекшілеріне құрылыс жұмыстарының сапасын тұрақты бақылауда ұстап, әр жобаның тиімді әрі халық игілігі үшін жүзеге асуын қамтамасыз етуді тапсырды.
С.АБЫЛБЕКОВА