Сайрамда жоспарлар сараланып, жауапкершілік күшейтілді
Сайрам ауданында аудан әкімі Арман Сәбитовтың төрағалығымен кезекті лездемелік мәжіліс өтті.
Жиын барысында ағымдағы жылдың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері сараланып, аудан бюджетінің орындалу деңгейі мен қаржы игеру барысы кеңінен талқыланды.
Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және жауапты сала мамандары қатысты. Күн тәртібіне сай, бірінші кезекте биылғы жылдың индикаторлық көрсеткіштерінің орындалу деңгейі баяндалып, өңір экономикасының даму бағытына жан-жақты талдау жасалды.
Жиын барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өзгерістер байқалып отырғаны атап өтілді. Атап айтқанда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда және инвестиция бағыттары бойынша айтарлықтай өсім тіркелген. Бұл өз кезегінде ауданның облыстық деңгейдегі көрсеткіштер бойынша үздік үштікке енуіне ықпал еткен. Аудан экономикасында орын алған бұл серпін өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай қалыптастыруда. Сондай-ақ, инвестициялық жобалар арқылы инфрақұрылым дамып, ауыл-аймақтардың әлеуеті артып келеді.
Сонымен қатар, мәжіліс барысында аудан басшысы бірқатар салада жоспардың толық орындалмағанын сынға алды. Атап айтқанда, мәдениет, білім беру, ішкі істер және жастар саясаты бағытында бірқатар индикаторлардың төмен көрсеткіш көрсеткені қатаң ескертілді. Бұдан бөлек, кей ауылдық округтер бойынша жоспарлы жұмыстардың баяу жүргізілуі мен кейбір есептердің сапасыз орындалуы да назардан тыс қалмады. Арман Сәбитов бұл кемшіліктерге тікелей жауапты бөлім басшылары мен округ әкімдеріне нақты ескерту жасап, көрсеткіштерді жақсарту бағытында шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін баса айтты.
Жиында аудан бюджетінің орындалу жайы да кеңінен қаралды. Кіріс бөлігінің жоспары артығымен орындалғанымен, бөлінген қаражатты тиімді әрі мерзімінде игеру тұрғысынан бірқатар түйткілдер бар екені ашық айтылды. Бұл мәселеге байланысты аудан басшысы қаржының мақсатты әрі нәтижелі жұмсалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Атап айтқанда, бюджет қаржысы есебінен жүргізіліп жатқан құрылыс, жөндеу, абаттандыру және басқа да жобалардың сапасы мен уақытылы орындалуы басты назарда болуы тиіс. Сонымен қатар, қаражатты игеру кезінде заңдылық пен ашықтықтың сақталуы, мемлекеттік сатып алу үдерістерінің тиімді жүргізілуі – басты талаптардың бірі ретінде айтылды.
Жиын соңында Арман Сабитов барлық бөлім және мекеме басшыларына нақты тапсырмалар беріп, әр жұмыстың нәтижесі үшін дербес жауапкершілік артылатынын ескертті. Аудан әкімі атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталуы тиіс екенін баса айтып, әр салада жүйелі, тиімді және сапалы жұмыс жүргізудің маңыздылығына тоқталды.
– Бізге нәтиже қажет. Қандай іс атқарсақ та, ол халықтың игілігіне бағытталуы керек. Қаржыны тиімді, уақытылы әрі сапалы игеру – ортақ міндет. Әр басшы өзінің бағыты бойынша нақты жауап беруге дайын болуы тиіс, – деді аудан басшысы.
Мәжіліс қорытындысымен жауапты сала жетекшілеріне нақты мерзімдер мен көрсеткіштер белгіленіп, оларды орындау қатаң бақылауға алынатыны айтылды.
С.АБЫЛБЕКОВА