Сайрамда ірі ет кластерінің құрылысы жүріп жатыр
Сайрам ауданы – Түркістан облысындағы қарқынды дамып келе жатқан ірі аграрлы-өндірістік өңірлердің бірі.
Аудан экономикасы жылдан жылға жаңа инвестициялық жобалармен толығып, жүздеген адамды жұмыспен қамтып келеді. Жергілікті және шетелдік инвесторлар тартылып, ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібінде тың серпін байқалуда. Сол жобалардың бірі – «Meat Magnat» АШӨК жүзеге асырып жатқан ауқымды ет өндіру кешені.
Бұл жоба – Сайрам ауданының ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа деңгейге шығуына жол ашатын ірі құрылым. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатқан нысан болашақта өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экспорттық әлеуетін күшейтеді деп күтілуде.
«Meat Magnat» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі қолға алған жоба аясында 10 000 бас ірі қара малға арналған заманауи бордақылау алаңы, мал сою цехы, салқындатқыш қоймалар мен тоңазытқыш камералар, сондай-ақ ет өңдейтін толық циклды өндірістік кешен салынады. Мақсаты жылдық қуаттылығы – 5 000 тонна ет өнімін өндіру. 50 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделуде.
Аталған жоба Түркістан облысы әкімдігінің 2023–2024 жылдарға арналған инвестициялық картасына енгізілген. Сайрам ауданында жүзеге асырылып жатқан 19 инвестициялық жобаның бірі ретінде бұл кешен аудан экономикасына қомақты үлес қосатын басым бағыттардың қатарында. Мәселен, 2023 жылдың 9 айының өзінде ауданға 38,9 млрд. теңге инвестиция тартылып, 279 жаңа жұмыс орны ашылған. Ал жоспарланған жобалар толық іске қосылғанда 886 адамды жұмыспен қамту көзделуде.
Қазіргі таңда «Meat Magnat» кешенінің құрылысы белсенді жүргізіліп жатыр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, құрылыс алаңына қажетті материалдар жеткізіліп, іргетас жұмыстары аяқталып, тіреуіш бағандар мен темірбетон құрылымдар орнатылған. Жобаның іске қосылуы аудан тұрғындары үшін ғана емес, Түркістан облысы мен көршілес өңірлер үшін де тиімді болмақ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында қайта өңдеу саласын дамыту мен ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа бағыттау туралы бірнеше рет атап өткен болатын. «Meat Magnat» жобасы осы бағытта нақты жүзеге асып жатқан индустриялық-инвестициялық қадам. Жоба аясында шығарылатын өнімдер ішкі нарықты ғана емес, сыртқы нарықты да қамтуға бағытталған.
Сайрам ауданында қолға алынған бұл жобаның жүзеге асуы – өңірлік экономикаға жаңа серпін беріп, ауыл тұрғындары үшін тұрақты табыс көзіне айналатыны анық. Ет өңдеу саласындағы бұл ірі кешен – тұтас Түркістан өңірі үшін стратегиялық маңызды нысан болмақ. Ал мұндай жобалар көбейсе, ауылдың да, қаланың да ырысы артады.
С.СӘУЛЕБАЙ