Экономиканы дамытуда маңызды қадам

Oinet.kz 06-07-2025 17

Сайрам ауданында 5 мың басқа арналған мал бордақылау кешені мен ет комбинаты іске қосылды. 

Screenshot_12.jpg

Экономиканы дамытуда агроөнеркәсіптік сектордың алар орны айрықша. Осы бағытта Түркістан облысының Сайрам ауданында ірі инвестициялық жоба жүзеге асты. Ақсукент ауылында 5 мың басқа арналған мал бордақылау кешені мен жылына 10 мың тоннаға дейін өнім өңдейтін заманауи ет комбинаты ашылды.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров кешеннің жұмысымен танысып, өндірістік үдерістерді көзбен көріп, жауапты мамандармен пікірлескен аймақ басшысы кешеннің әлеуетіне оң бағасын берді. Әкім жоба ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттырып, экспорт көлемін ұлғайтуға жол ашатынын атап өтті.

Жалпы құны 8 миллиард 500 миллион теңге болатын бұл кешен 13 гектар аумақты алып жатыр. Жоба аясында 100 жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындар тұрақты табыс көзіне ие болды. Кәсіпорын жылына 5 мың бас ірі қараны бордақылап, 10 мың тоннаға дейін ет өңдеуді көздейді.

Өндіріске қажетті құрал-жабдықтар мен технологиялар Беларусь, Қытай және Түркиядан жеткізілген. Ал бордақыланатын сиыр малы жергілікті фермерлік қожалықтардан және солтүстік өңірлерден тасымалданады.

Мал сою алаңы мен ет, қан өнімдерін өңдейтін цехтар жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес толық аяқталған. Кешеннің әрбір кезеңі халықаралық стандарттарға сай жұмыс істейді.

«KAZ ECO MEAT» ЖШС-нің бұл жобасы өңірдің ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеріп, облыстың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және шетелдік нарықтарға шығуға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығын индустрияландыру жолындағы бұл ірі қадам Сайрам ауданы экономикасының өркендеуіне серпін бермек.

С.АБЫЛБЕКОВА

Сайрамда тың жобалар жүзеге асырылмақ
Сайрамның экономикалық әлеуеті талқыланды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу