Сайрамның экономикалық әлеуеті талқыланды
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің аудан-қалаларға жұмыс сапары жалғасуда.
Бұл жолы аймақ басшысы Сайрам ауданына арнайы барып, бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандардың ашылу салтанатына қатысып, тұрғындардың қуанышына ортақтасты. Кейін аудан активімен кездесіп, Сайрамды дамытудың негізгі бағыттары мен экономиканы әртараптандыру мәселелерін ортаға салды.
Кеңес барысында облыс әкімі Сайрам ауданының әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанын сынға алды. Бірқатар кемшіліктерге тоқталып, жұмысты тиісті деңгейде жүргізбеген ауыл округтері әкімдеріне және жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, жұмысты ширатып, нәтижеге жұмыс істеу қажеттігін қатаң ескертті.
– Жол жөндеу, инвестиция тарту, кіріс көздерін ұлғайту, салық түсіміндегі кемшіліктерді жою – негізгі міндеттердің қатарында. Экономиканы әртараптандыру мен жергілікті жобаларды іске асыру – стратегиялық мақсат. Мемлекет тарапынан барлық қолдаулар көрсетіліп жатыр. Алайда орындалуы тиіс жұмыстарды созбалаңға салуға жол берілмейді. Осыған орай, 10 күн ішінде әрбір ауылдық округ бойынша 2025 жылға жоспарланған жобалар тізбесі мен нақты мерзімдерін көрсете отырып, салалық басқармалармен келісілген Жол картасын әзірлеуді тапсырамын. Мемлекеттік міндеттерге салғырт қараған әкімдердің тәртіптік жауапкершілігі қаралатынын қатаң түрде ескертемін, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Сонымен қатар, облыс әкімі «Таза Қазақстан» бағдарламасын сапалы және нақты атқару қажеттігіне де ерекше назар аударды.
Жиын барысында Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов есеп беріп, аудан көлемінде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды ортаға салды. Бұдан бөлек, басқарма басшылары өз салалары бойынша индикаторлардың орындалуы, жетістіктер мен проблемалар жайлы баяндама жасады. Жиын соңында облыс әкімі тарапынан нақты тапсырмалар беріліп, хаттамаға енгізілді.
2024 жылдың алғашқы 5 айының қорытындысы бойынша Сайрам ауданында жалпы өңірлік өнім көлемі 113,9 миллиард теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32,6%-ға артқан. Жалпы өнімнің 32,9%-ы ауыл шаруашылығының, ал 26,8%-ы өнеркәсіп саласының үлесінде. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 354,0 миллиард теңгеге жеткізу жоспарлануда. Өсім болжамы – 13,4%.
2024 жылдың алғашқы 5 айында ауыл шаруашылығы саласында 37,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,1% өсім барын көрсетеді. Соның ішінде: өсімдік шаруашылығында – 1,6 млрд теңге, мал шаруашылығында – 35,6 млрд теңге. Осы кезеңде 14,9 мың тонна ет, 71,8 мың тонна сүт өндірілді. Жыл қорытындысымен агроөнеркәсіп кешенінде өнім көлемін 160,0 миллиард теңгеге жеткізу көзделіп отыр.
Аудан экономикасына тартылған инвестиция көлемі де артып келеді. 5 айда ауданға 29,2 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,4 есеге көп. Айта кетерлігі, тартылған инвестицияның 73,6 пайызы – жеке инвестициялар.
Облыс әкімінің бұл сапары Сайрам ауданының әлеуметтік-экономикалық даму бағытын қайта қарауға, нақты нәтижелерге қол жеткізуге жол ашатыны анық. Айқын тапсырмалар, жүйелі жоспарлар мен нақты жауапкершілік – ауданның болашағын айқындайтын басты тетіктер болмақ.
С.АБЫЛБЕКОВА