Сайрамда тың жобалар жүзеге асырылмақ

Oinet.kz 06-07-2025 17

Сайрам ауданы кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы қатар дамып келе жатқан Түркістан облысының экономикалық тіректерінің бірі. Бүгінгі таңда ауданда ауқымды инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, жаңа жұмыс орындары құрылып, өңір экономикасы нығайып келеді.

Screenshot_11.jpg

Ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, ағымдағы жылы жалпы құны 62,3 миллиард теңгеге жуық 21 инвестициялық жоба жүзеге асырылу үстінде. Бұл жобалардың нәтижесінде шамамен 1 045 адам жұмыспен қамтылмақ. Ал өткен жылы аудан аумағында 15,5 миллиард теңгені құрайтын 11 жоба іске қосылып, 235 жаңа жұмыс орны ашылған болатын. Бұл көрсеткіштер ауданның инвестициялық климатын айқын сипаттайды.

Сайрам ауданында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны бүгінде 23 500-ден асады. Бұл – аудан халқының белсенділігін, кәсіпкерлікке деген ынтасын білдіретін жоғары көрсеткіш. Аталған сектор өндірген өнім көлемі 208 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 2,7 пайызға артқан. Бұл – нақты өсім, тіршіліктің ілгерілеуі мен кәсіптің дамуына жасалған нақты қадамдар.

Кәсіпкерлік саласының өркендеуіне мемлекеттік қолдау тетіктері де оң ықпал етуде. Мәселен, жеңілдетілген несие беру арқылы 75 жоба қаржыландырылып, іске қосылды. Бұл өз кезегінде жаңадан ашылған бизнес нысандарына дем беріп, жаңа мүмкіндіктердің бастауына айналды.

Айта кету керек, 2023 жылы Түркістан облысы әкімдігінің қаулысымен «Сайрам» өңірлік индустриялық аймағын құру туралы шешім қабылданған болатын. Қазіргі таңда аталған индустриялық аймақ аясында 126 жоба жүзеге асырылуда. Жобалардың жалпы құны 62,2 миллиард теңгені құрайды. Нәтижесінде 1 835 адамды жұмыспен қамту көзделуде. Бұл тек аудан көлемінде емес, облыс экономикасына серпін беретін көрсеткіш.

Жобалар түрлі бағыттарды қамтиды: сауда, агроөнеркәсіп, ағын су, мал шаруашылығы, егін шаруашылығы, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша бірқатар бастамалар қолға алынған. Бұл бағыттардың барлығы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға бағытталған.

Аудан басшысы Арман Сәбитов өткізген үйлестіру кеңесінде жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар беріп, әсіресе агроөнеркәсіптік сектордың әлеуетін барынша тиімді пайдалану қажеттігін ескертті. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен инвестиция тарту салалары – өңір дамуындағы басым бағыт екенін айтып, бұл бағыттарда жұмысты ширата түсуді жүктеді.

Жалпы алғанда, Сайрам ауданында кәсіпкерлік пен өндірістің даму қарқыны жоғары. Ауқымды жобалар мен нақты нәтижелер – бұл аудан халқының тынымсыз еңбегі мен мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың жемісі. Инвестициялық жобалардың табысты жүзеге асырылуы – тек экономикалық көрсеткіштер ғана емес, халықтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Сондықтан да Сайрамдағы әр бастама – ел дамуына қосылған үлес.

С.СӘУЛЕБАЙҚЫЗЫ

Сайрам ауданында өндіріс дамып, экономика жанданып жатыр
Экономиканы дамытуда маңызды қадам
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу