Сайрам ауданында өндіріс дамып, экономика жанданып жатыр

Oinet.kz 05-07-2025 19

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында отандық өндірісті қолдау, өңірлерде кіші және орта кәсіпкерлікті дамыту, индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыру арқылы ел экономикасының негізін нығайту қажет екенін үнемі атап өтеді. 

Screenshot_10.jpg

«Біз экономиканың әртараптандырылған, технологиялық және инновациялық сипатын арттыруымыз керек. Құрылымдық реформалар нақты өндіріске бағытталуы тиіс», – деген Мемлекет басшысының бұл тапсырмалары бүгінгі таңда өңірлерде нақты іске асып жатыр. Солардың жарқын мысалы ретінде Түркістан облысы, Сайрам ауданында орналасқан ірі өндірістік кәсіпорын – «Южный Казахстанский машиностроительный завод» (ЮКМЗ) акционерлік қоғамын айтуға болады.

Сайрам ауданы – Түркістан облысындағы ауыл шаруашылығы мен өндіріс қатар дамып келе жатқан, еңбекқор халқы бар әлеуетті аймақтардың бірі. Мұндағы экономика бір ғана аграрлы бағытпен шектеліп қалмай, жыл сайын өндіріс саласы жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Соның ішінде машина жасау сынды күрделі әрі технологиялық бағыттағы өндірістің болуы – ауданның индустриялық қуатын дәлелдейтін көрсеткіш.

1931 жылы негізі қаланған «ЮКМЗ» зауыты – Қазақстандағы машина жасау саласының қалыптасуына үлес қосқан тарихи кәсіпорын. Кеңестік кезеңнен бері жұмыс істеп келе жатқан зауыт 2000 жылы бұрынғы «Манкентсельмаш» АҚ-ның негізінде қайта құрылып, бүгінгі күнге дейін жұмысын тоқтатпай, керісінше жаңарып, кеңейіп келеді. Зауыт еліміздің ауыл шаруашылығы, мұнай-газ, құрылыс және энергетика салаларына қажетті өнімдерді шығарып отыр. Мұнда жылына 100 дана насос шығару мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда кәсіпорында 181 адам жұмыс істейді. Бұл дегеніміз – 181 отбасының тұрақты табыс көзі бар деген сөз.

Зауыттың негізгі бағыттары – су сорғыш станцияларын (СНП-500/10 типті), ауыл шаруашылығы техникаларын, полимер бұйымдарын және мұнай компанияларына қажетті құрылғыларды шығару. Әсіресе шалғайда орналасқан мал шаруашылығы кешендері мен жайылымдарда қолданылатын су көтергіш құрылғыларға сұраныс жоғары. Зауыт бұл қажеттілікті толық қамтамасыз етіп отыр.

Өндіріс орнының инфрақұрылымы да жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Жалпы жер көлемі 5,6 гектарды құрайды. Өнімділік пен логистиканы тиімді қамтамасыз ету мақсатында зауыттың жеке теміржол торабы және автокөлік кіреберіс жолы бар. Электр қуатын беретін қосалқы станция, ауыз су қабылдағыш алаңы, сапаны бақылау зертханалары, кәріз жүйесі, механикалық жөндеу шеберханасы мен инженерлік-технологиялық бөлімдермен толық жабдықталған.

Бұл кәсіпорынның тағы бір ерекшелігі – біліммен ұштасқан өндіріс орталығы болуы. «ЮКМЗ» акционерлік қоғамы Сайрам ауданындағы Оңтүстік Қазақстан индустриялды-инновациялық колледжінің құрылтайшысы. Колледжде техникалық бағыттағы 10 мамандық бойынша білім беріледі. Атап айтқанда, «Машина жасау технологиясы», «Дәнекерлеу ісі», «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету», «Полимерлік өндіріс технологиясы», «Электрмен жабдықтау» секілді бағыттар зауыт сұранысына бейімделген. Бұл өз кезегінде өндіріс пен білімнің өзара байланысын нығайтып, кадр тапшылығын болдырмауға мүмкіндік береді. Колледж студенттері зауыт базасында тәжірибеден өтіп, жұмысқа орналасуға тікелей мүмкіндік алады.

«ЮКМЗ» АҚ-ның аудан экономикасына қосып отырған үлесі зор. Біріншіден, өндірістік база жүздеген адамды жұмыспен қамтып отыр. Екіншіден, кәсіпорыннан түскен салық түсімдері аудан бюджетінің тұрақты көзіне айналды. Үшіншіден, зауыт отандық өнім өндірісі арқылы импортқа тәуелділікті азайтып, жергілікті нарықты сапалы техникамен қамтамасыз етуде. Сонымен бірге, өндіріс айналасындағы қосалқы қызметтер мен жабдықтаушы шағын кәсіпорындардың жұмыс істеуіне де жол ашуда. Яғни, ірі кәсіпорынның тіршілігі аудан ішінде мультипликативтік әсер тудырып, басқа да салалардың дамуына ықпал етіп отыр.

Президент Тоқаев отандық өнеркәсіптің негізі – нақты өндіріс орындары екенін, шағын және орта бизнестің дамуы тек осындай ірі тірек кәсіпорындармен қатар жүргенде ғана толық нәтиже беретініне назар аударып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, «ЮКМЗ» АҚ – тек өндіріс орны ғана емес, өңірлік экономиканың тірегі, білім беру мен жұмыспен қамтудың нақты шешімі, әлеуметтік тұрақтылықтың өзегі.

Сайрам ауданында осындай әлеуеті зор, экономикалық және әлеуметтік жауапкершілікті қатар алып жүрген кәсіпорындардың болуы – ел болашағына деген сенімді нығайтады. Бұл – мемлекет саясаты мен жергілікті кәсіпкерліктің ұштасуынан туған нәтижелі еңбек. Ендеше, индустриялық даму жолында үлгілі қадам жасап отырған «ЮКМЗ» зауытының тәжірибесі – республикадағы өзге де өңірлер үшін үлгі бола алады.

С.АБЫЛБЕКОВА

Ірімшік, құрт майың да Сайрамда
Сайрамда тың жобалар жүзеге асырылмақ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу