Ірімшік, құрт майың да Сайрамда

Oinet.kz 05-07-2025 17

Сайрам ауданының Манкент ауылында орналасқан «Дауыт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – ауыл шаруашылығын қайта өңдеу саласында ерекше орын алатын, халықтың сапалы тағаммен қамтамасыз етілуіне үлес қосып отырған кәсіпорындардың бірі. 

Screenshot_9.jpg

Таза табиғи сүтті қайта өңдеп, оның ішінен брынза, ірімшік, сүзбе мен басқа да сүт өнімдерін шығаратын бұл кәсіпорын тек өнім сапасымен ғана емес, аудан экономикасына қосқан үлесімен де танымал.

Кәсіпорынның басты ерекшелігі – табиғи өнімдерді ешбір химиялық қоспасыз, экологиялық таза әдіспен өндіруі. Бұл өнімдердің барлығы жергілікті малшылардан алынатын сүттен дайындалады. Манкент ауылдық округі мен оның маңындағы ауылдардың шаруашылықтарынан сүт жинап, «Дауыт» ЖШС оны қайта өңдей отырып, сапалы сүт өнімдерін нарыққа шығарады.

Бұл кәсіпорынның аудан экономикасына қосқан үлесі зор. Атап айтқанда, «Дауыт» ЖШС тек жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып қана қоймай, сонымен қатар ауданның аграрлық секторын дамытуға септігін тигізуде. Қазіргі таңда кәсіпорында 10–15 адам тұрақты жұмыс істейді, олардың барлығы да ауыл тұрғындары, ал бұл өз кезегінде ауылда жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпал етеді.

Өндіріс көлемі де жыл сайын ұлғайып келеді. Кәсіпорын тәулігіне 8–12 тонна сүт өңдеп, оның негізінде жоғары сапалы өнімдер шығарады. Бұл өнімдер тек ауданның ішкі нарығын ғана емес, Шымкент қаласының дүкендері мен сауда орындарын да қамтып отыр. Осының арқасында ауылдан шыққан сүт өнімдері тек жергілікті тұтынушыларға ғана емес, облыс орталығындағы тұтынушыларға да танымал болуда.

Серіктестіктің тағы бір маңызды жетістігі – ол ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеудің толық циклін қамтамасыз етеді. Сүт жинаудан бастап, оны өңдеу, пастерлеу, салқындату және дайын өнімді буып-түюдің барлығы жоғары технологиялық жабдықтар арқылы жүзеге асырылады. Бұл өндіріс процесі санитарлық талаптарға толықтай сай келеді және тұтынушыға сапалы өнім жеткізуді қамтамасыз етеді.

Алдағы уақытта кәсіпорын өзінің өндірістік қуатын арттыруды, өнім түрлерін көбейтуді жоспарлап отыр. Бұдан басқа, «Дауыт» ЖШС өнімдерін тек облыс көлемінде ғана емес, басқа өңірлерге де экспорттауды көздеуде. Бұл қадам өз кезегінде ауыл кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігіне қосқан үлестерін еселей түседі. «Дауыт» ЖШС – тек жергілікті нарықты ғана емес, аудан экономикасын да дамытуға ықпал етіп отырған маңызды кәсіпорын. Ол ауыл шаруашылығын әртараптандыруға, өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға және жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға зор үлес қосып келеді. Мұндай кәсіпорындар ел экономикасын нығайтуда және ауылдың дамуына үлес қосуда маңызды рөл атқарады.

С.СӘУЛЕБАЙ

Сайрам ауданында балық шаруашылығы дамуда
Сайрам ауданында өндіріс дамып, экономика жанданып жатыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу