"Манкент" шипажайы – саулық мекені
Сайрам ауданы – шипалы табиғаты мен экономикалық әлеуеті қатар өркендеп келе жатқан, ел ішіндегі ішкі туризмге серпін беріп отырған аймақтың бірі.
Бұл жетістіктің бірегей мысалы – республикаға кеңінен танымал "Манкент" шипажайы. Аудан халқы ғана емес, еліміздің әр түкпірінен келетін мыңдаған адам үшін бұл шипажай – денсаулықты қалпына келтіретін ғана емес, жанға жайлы тынығу орнына айналған.
Ондаған жылдық тарихы бар шипажай бүгінде жаңарған келбетпен, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, халыққа жоғары деңгейде емдік-сауықтыру қызметтерін ұсынып отыр. Мұндағы шипалы су көздері, арнайы диеталық тағамдар, физиотерапия мен балшықпен емдеу әдістері көптеген ауруларға оң әсер етеді. Атап айтқанда, тірек-қимыл, жүйке, асқазан-ішек, тері ауруларына шипа іздегендер үшін бұл жер таптырмас мүмкіндік. Жыл сайын шипажайға еліміздің түрлі өңірінен мыңдаған азамат келіп ем-дом қабылдайды. Солардың бірі – Қызылорда қаласынан келген Күлайша Әшетқызы. Ол бұл шипажайға бірнеше жылдан бері тұрақты түрде келіп демалатынын айтады: "Менің буындарым ауырып, аяғым ауырлап жүрген еді. Бір танысым 'Манкентке бар, өте жақсы шипажай' деп кеңес берген. Алғаш рет келгеннен кейін-ақ оң нәтиже байқадым. Енді жылда келіп тұруды дәстүрге айналдырдым. Мұндағы қызметкерлер өте сыпайы, суы шипалы, тағамы жеңіл әрі дәмді. Бір аптадан кейін өзімді жеңіл сезінемін," – дейді ол алғысын жасыра алмай.
Шипажайдың беделі артып, мәдениет және әдебиет өкілдері де мұнда тынығуды жөн көреді. Белгілі жазушы, қоғам қайраткері Әкім Ысқақ та "Манкент" шипажайын ерекше бағалайтындардың бірі. Оның пікірінше: "Бұл жер – тек тәніңді емес, жаныңды да тынықтыратын мекен. Табиғаты тыныш, адамдарымен сырласуға болады. Жазушы үшін ойға шомып, шығармашылық шабыт табуға қолайлы орынның бірі – осы шипажай. Қазақ даласында осындай емдік орындар көбірек болуы керек," – деп бағасын берген болатын.
Мұндай пікірлер шипажайдың беделін айқындай түседі. Сонымен қатар, бұл мекеме аудан экономикасының маңызды буынына айналып отыр. Бүгінде жүздеген жергілікті тұрғын шипажайда тұрақты жұмыспен қамтылған. Медициналық персоналдан бөлек, тазалық қызметкерлері, аспаздар, техникалық мамандар, әкімшілік қызметкерлер – барлығы аудан халқының әлеуметтік тұрақтылығына өз үлесін қосуда.
Шипажай төңірегіндегі кәсіпкерлік нысандар да жандана түскен. Жергілікті дүкендер, дәмханалар, такси қызметтері, шағын базарлар мен ауыл шаруашылығы өнімдерін сататын орындар демалушылардың арқасында тұрақты табыс көзіне ие болуда. Осылайша “Манкент” шипажайы ішкі туризмнің тірегіне ғана емес, сауда-саттықтың, қызмет көрсету саласының қозғаушы күшіне айналған.
Аудан әкімі Арман Сәбитов бұл шипажайдың өңір экономикасына қосып отырған үлесін бірнеше рет атап көрсетіп келеді. Оның айтуынша, тек өндіріс пен ауыл шаруашылығы емес, туризм саласын дамыту да ауданды өркендетудің тиімді жолы. "Бүгінде шипажай Сайрамның брендіне айналды. Біз осы бағыттағы жұмысты жалғастырып, жол және инженерлік инфрақұрылымдарды жетілдіру арқылы емдік туризмді одан әрі дамытамыз. Бұл – жұмыс орындарын көбейтеді, инвестиция тартады, ішкі туризмді күшейтеді," – деген болатын аудан басшысы өз сөзінде.
Шипажайда соңғы жылдары инфрақұрылымдық жаңғырту жұмыстары жүріп, жаңа емдеу бөлімдері ашылды. Заманауи физиотерапиялық құрылғылармен жабдықталған залдар, жайлы жатын орындар мен санитарлық талаптарға сай асханалар – бәрі де келушілерге сапалы қызмет көрсетудің дәлелі.
“Манкент” шипажайы – бұл тек шипалы мекен ғана емес, Сайрам ауданындағы тұрақты табыс көзі, жұмыс орны, халықтың денсаулығын жақсартуға үлес қосатын әлеуметтік нысан. Оған келген әрбір қонақ бұл жерден еммен қатар ерекше әсермен қайтады. Ал бұл – нағыз сенім мен сапаның көрсеткіші.
С.СӘУЛЕБАЙ