Жол – тіршіліктің күретамыры
Сайрам ауданы – аймақ экономикасының алдыңғы шебінде келе жатқан, инвестициялық тартымдылығы жоғары, өндірістік әлеуеті артқан өңірлердің бірі.
Аудан халқының әл-ауқатын арттыру, кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласын дамыту бағытында соңғы жылдары ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Осы тұрғыда жол инфрақұрылымының сапасы мен қолжетімділігі – экономикалық серпіннің негізгі тіректерінің бірі саналады.
Бүгін аудан әкімдігінде өткен лездемелік мәжіліс барысында дәл осы өзекті мәселе – жол саласына қатысты атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды. Мәжіліске аудан әкімі Арман Сабитов төрағалық етіп, жауапты сала мамандарынан есеп алды.
Жиын барысында күн тәртібіндегі басты мәселе ретінде аудан аумағындағы көлік жолдарының жағдайы, жөндеу жұмыстарының барысы және тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін талап-тілектер қозғалды. Сала мамандары аудан әкімінің алдында жолдарды орташа жөндеу, қайта жаңғырту және жаңа жол салу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы нақты ақпарат ұсынды.
Аудан басшысы Арман Сабитов өз сөзінде жол мәселесі тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететінін баса айтып, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажеттігін алға тартты. Оның айтуынша, сапалы жол – тек жайлылық емес, сонымен қатар экономикалық айналым мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің нарыққа уақытылы жеткізілуінің кепілі.
– Біз үшін әрбір тұрғынның қауіпсіздігі мен өмір сүру сапасы маңызды. Қай елдімекенде болмасын, жол мәселесі шешімін тапса, ол жерде тіршілік те жанданады, – деді аудан әкімі.
Жиын соңында Арман Сәбитов жауапты бөлім басшыларына нақты міндеттер жүктеп, жол жөндеу, қайта жаңғырту, су өткізу жүйелерін қалпына келтіру, жол бойындағы қауіпсіздік белгілерін орнату секілді жұмыстардың сапалы әрі мерзімінде орындалуын қатаң тапсырды. Сонымен қатар, әрбір жобаның тиімділігін алдын ала саралап, тұрғындармен кері байланысты күшейтуді тапсырды.
Аудан әкімінің айтуынша, жол жөндеу жұмыстары тек бюджет қаржысына қарап отырмай, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, инвестициялық қолдау механизмдері арқылы да шешімін табуы тиіс. Бұл – өңірді жан-жақты дамытуға мүмкіндік береді.
Аудан әкімдігі алдағы уақытта жол сапасына байланысты жұмыстардың барысын қатаң бақылауда ұстайтын болады. Сапасыз атқарылған жұмысқа жауаптылардан тікелей сұрау жүргізіліп, орындалған істің нақты нәтижесі халыққа тұрақты түрде жария етіледі.
Сайрам ауданы үшін жол тек көлік қозғалысының құралы емес, экономикалық даму мен әлеуметтік тұрақтылықтың айнасы іспетті. Осы бағытта атқарылып жатқан әрбір іс – болашақтың игілігіне қызмет ететіні сөзсіз.
С.АБЫЛБЕКОВА