Сайрам ауданында экономикалық өрлеу жаңа мектептердің салынуымен ұштасып отыр
Түркістан облысындағы ең ірі әрі еңбек ресурстары мол аймақтардың бірі – Сайрам ауданы соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын еселеп келеді.
Инвестициялық тартымдылығы жоғары өңірде кәсіпкерлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы, өндіріс және білім беру салаларында ауқымды жобалар жүзеге асып жатыр. Аудан әкімдігі мемлекеттік және жеке инвестицияларды тиімді тарту арқылы тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты шараларды қолға алып отыр. Соның бір айқын дәлелі – жаңа оқу жылында пайдалануға берілетін жеке меншік мектеп құрылысы.
Атап айтқанда, Арыс ауылдық округіне қарасты Қожақорған елді мекенінде бой көтеріп жатқан «Х.Хайтенов» атындағы 800 орындық жеке меншік мектеп – бұл тек білім саласына жасалған инвестиция ғана емес, аудан экономикасының серпінді дамуының көрсеткіші.
Жуырда Сайрам ауданының әкімі Арман Сабитов нысанның құрылыс барысымен арнайы барып танысты. Аудан басшысы мердігер тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасына, белгіленген мерзімде аяқталуына және оқушыларға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы талаптардың орындалуына баса назар аударды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары бекітілген кесте бойынша жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатыр. Жоспар бойынша жаңа оқу жылы басталғанда-ақ бұл мектептің есігі білімге құштар жас ұрпаққа айқара ашылады.
Жобалық қуаттылығы 800 оқушыға арналған жаңа білім ордасы заман талабына сай заманауи үлгідегі оқу кабинеттерімен, зертханалармен, спорт және мәжіліс залдарымен жабдықталады. Мұнда балалардың жан-жақты дамуына, сапалы білім алуына және қауіпсіз ортада тәрбиеленуіне барынша жағдай жасалмақ.
Білім беру инфрақұрылымын дамыту – адами капиталды арттырудың негізгі тетігі. Бұл ретте Сайрам ауданында мемлекеттік қана емес, жекеменшік бастамалар да қолдау тауып келеді. Жеке инвесторлардың білім беру саласына тартылуы мемлекет пен бизнестің тиімді әріптестігінің жарқын үлгісі ретінде бағаланады. Мұндай мектептердің құрылуы ауданда жұмыс орындарын көбейтеді, жергілікті құрылысшылар мен мамандарға сұраныс арттырады, ал бұл өз кезегінде аудан бюджетіне қосымша түсімдер мен экономикалық белсенділіктің өсуіне ықпал етеді.
Сайрам ауданы соңғы жылдары демографиясы өсіп келе жатқан, оқушы саны жыл сайын артып отырған аймақтардың қатарында. Осы тұрғыдан алғанда жаңа мектептердің салынуы – уақыт талабынан туындаған қажеттілік. «Х.Хайтенов» атындағы мектеп – білімге салынған инвестиция ғана емес, болашаққа қаланған берік негіз.
Сайрамдағы экономикалық тұрақтылық пен өркендеудің негізінде осындай мақсатты жобалар жатыр. Ал олар өз кезегінде өңірдің келешек дамуын айқындайтын стратегиялық қадамдар ретінде бағаланады.
С.СӘУЛЕБАЙ