Экологиялық таза "Өмір" өнімі

Oinet.kz 14-06-2025 2

Инвестиция тарту, өндірісті жаңғырту, ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз ету және экспорттық әлеуетті арттыру – бүгінде өңірлік экономиканың басты даму бағыттарының біріне айналды. 

Screenshot_6.jpg

Осы орайда Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданының кәсіпкерлік әлеуеті жыл санап артып келеді. Ауданда ашылған бірқатар өндіріс орындары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, жұмыссыздықты азайтуға, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге нақты үлес қосып отыр. Солардың қатарында Жібек жолы ауылдық округінде, табиғаты көркем Машат шатқалының бойында орналасқан «Өмір» өсімдік майын өндіретін зауытты ерекше атап өтуге болады.

Аталған зауыт бүгінгі таңда жоғары сапалы, халықаралық стандарттарға сай өнім өндіруде. Мұнда күнбағыс, мақта және мақсары майлары шығарылады. Барлық өнім ISO сапа сертификатына ие, бұл өндірістің сапа менеджменті жүйесі халықаралық талаптарға толығымен сәйкес келетінін көрсетеді. Кәсіпорында қолданылатын технологиялар экологиялық тұрғыдан тиімді әрі заманауи. Зауыт тәулігіне 120 тоннаға дейін өсімдік майын өндіруге қауқарлы.

«Өмір» зауытында шығарылатын өнімдердің сапасы тұтынушылар тарапынан жоғары бағалануда. Бүгінде зауыттың дайын майлары тек ішкі нарықта ғана емес, шетелде де сұранысқа ие болып отыр. Жалпы өнім көлемінің 20 пайызы республика ішінде өткізіледі, қалған 80 пайызы көршілес және алыс шет елдерге – Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан және Қытайға экспортталады. Бұл – отандық өнімнің шетелдік нарықта да бәсекеге қабілетті екенінің айғағы. Сонымен қатар, шекара маңындағы сауданың дамуына да серпін беріп отыр.

Кәсіпорын басшысы Мирполат Урунбековтің айтуынша, қазіргі көрсеткіштермен шектеліп қалуға болмайды. Керісінше, сұраныстың күн санап артуына байланысты өндіріс ауқымын кеңейту – уақыт талабы. Осыған орай кәсіпорында қосымша технологиялық жабдықтар сатып алу, өндірістік қуаттылықты арттыру бағытында нақты жоспарлар әзірленуде. Алайда бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін қаржылық қолдау қажет. Кәсіпорын басшылығы мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие, грант және субсидиялар арқылы көмек көрсетілсе, өндіріс көлемін екі есеге арттыруға болатынын алға тартты. Әсіресе, шикізат ретінде пайдаланылатын софлора, күнбағыс және мақта тұқымдарын сатып алуға байланысты қолдау тетіктері маңызды болып отыр.

«Өмір» зауыты – өңірдегі экономиканы әртараптандырудың нақты үлгісі. Мұндай кәсіпорындардың жұмысы ауданның экономикалық дербестігін нығайтуға, жұмыс орындарын көбейтуге, бағаны тұрақтандыруға және тұтынушыларды сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл өндіріс орны ұлттық экспорттаушыларды қолдау және Қазақстанда жасалған өнімдердің беделін арттыру тұрғысынан да маңызды рөл атқарады.

Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау мен бизнес иелерінің бастамашылдығының үйлесімі – Сайрам ауданының өндірістік әлеуетін толық ашып, ішкі нарықты ғана емес, сыртқы сұранысты да қамтитын тұрақты даму жолына алып келмек.

С.АБЫЛБЕКОВА

Сайрамның өнімдеріне елдік сұраныс артып отыр
Құрылыс сапасы - партия бақылауында
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу