Сайрамның өнімдеріне елдік сұраныс артып отыр
Экономиканы әртараптандыру, отандық өндірісті қолдау және өңірлік кәсіпкерлікті дамыту – ел дамуының негізгі тетігі.
Түркістан облысында, әсіресе Сайрам ауданында бұл бағытта бірқатар нақты жобалар іске асып келеді. Индустрия, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларында кәсіпорындардың үлесі артып, ішкі нарықтағы сұранысты өтеумен қатар, республикалық деңгейде де сапалы өнім ұсынып отырған өндіріс ошақтары көбейіп келеді. Бұл ауданның экономикалық өзін-өзі қамтамасыз етуіне және жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне оң ықпал етуде.
Аймақтағы іскерлік белсенділік пен өндіріс орындарының көбеюі – осының айқын дәлелі.
Атап айтқанда, «Наурыз-5» ЖШС «Korkem» брендімен жеміс-жидек пен көкөністерді өңдеу және консервілеу ісімен айналысып келеді. Кәсіпорын 2002 жылы құрылған, бүгінде әмбебап технологиялық желімен жабдықталған. Өндірісте тәулігіне 10 тоннаға дейін түрлі консерві өнімдері – джем, паста, тұздық, маринадтар және тосап дайындалады. Компания өз рецептілері бойынша тек жоғары сапалы, табиғи шикізатты қолданады. Бұл – өнім сапасының кепілі.
2023 жылы кәсіпорын «Қазақстан Халық Банкінен» жабдық алуға 21,75% мөлшерлемемен несие рәсімдеді. Алайда «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» аясында «Даму» қоры несиенің 16,75%-ын субсидиялап отыр. Қазіргі таңда компания өнімдері еліміздің барлық өңірінде сатылымға шығып, ай сайын орта есеппен 50 тоннадан астам дайын өнім нарыққа жөнелтіледі. Барлық өнім МемСТ талаптарына сай сертификатталған.
Сайрам ауданында бұдан бөлек, құрылыс және инфрақұрылым саласы үшін аса маңызды өнім шығаратын зауыт жұмыс істейді. «Оңтүстік Қазақстан полиэтилен құбырлары» зауыты бастапқыда резеңке мен пластик бұйымдар өндірісімен айналысса, кейін су құбырлары өндірісін игерген. Зауытта бүгінде 35 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Мұндағы автоматтандырылған желілер Германияның «Крас Маффай» фирмасынан жеткізілген заманауи жабдықтармен жарақталған.
Зауыт жылына 10 мың тоннаға дейін полиэтилен құбырларын шығарады. Олардың қалыңдығы 630 мм-ге дейін барады. Дайын өнім газ, су жүйелері мен дренаждық ұңғымаларға арналған. Сонымен қатар, диаметрі 400 мм-лік поливинилхлорид құбырларын республика бойынша тек осы зауыт өндіреді. Қазіргі таңда өнім еліміздің бірнеше облысына тасымалдануда. Жылдық тауар айналымы 4 миллиард теңгені құрайды.
Өндірісте пайдаланылатын полиэтилен грануласы елімізде тек Павлодарда шығарылғанымен, ол барлық кәсіпорындардың технологиясына сай келе бермейді. Сондықтан Сайрамдағы зауытқа қажетті шикізат Өзбекстаннан жеткізілуде. Аталған кәсіпорын да ұлттық жоба аясында мемлекеттік қолдауға ие болған.
Ал Ақсукент ауылында орналасқан «BELLA MEBEL» жиһаз фабрикасы 2017 жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді. «BELLA MEBEL» – бүгінде Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі жиһаз нарығында өзіндік орны бар бренд. Компанияның негізін қалаушы Дилдора Нуриддинова алғашында Сербия мен Италиядан әкелінген жиһазды көтерме саудалаумен айналысқан. Уақыт өте келе шетелдік жиһаз үлгілерін зерттей келе, өз өндірісін ашуға бел байлаған.
Нәтижесінде бүгінде фабрикада 100-ден астам маман жұмыс істейді. Жұмсақ жиһаздың 120-дан астам түрі шығарылады. 2022 жылы компания өндірісті кеңейту және айналым қаражатын толықтыру үшін «ForteBank»-тен 21,75% мөлшерлемемен несие алған. Оның 13,75%-ын «Даму» қоры субсидиялау арқылы айтарлықтай қолдау көрсетіп отыр. Бұл кәсіпорын да «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» шеңберінде мемлекеттік қолдауға ие болған.
Осылайша, Сайрам ауданындағы кәсіпорындар тек жергілікті ғана емес, республикалық нарықта да сұранысқа ие өнімдерді шығарып отыр. Заманауи технологиямен жарақталған бұл өндіріс орындары жұмыс орындарын көбейтіп, ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз етіп келеді. Сонымен қатар, кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік бағдарламалардың нақты нәтижесін де осы жобалардан айқын көруге болады.
С. СӘУЛЕБАЙҚЫЗЫ