Құрылыс сапасы - партия бақылауында
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында ел экономикасының әртараптандырылуы мен инфрақұрылымды дамыту туралы ерекше айтылған болатын.
Сапалы құрылыс – осы даму жолындағы маңызды бағыттардың бірі. Әсіресе өңірлердегі құрылыс сапасына бақылау жүргізу және әлеуметтік нысандардың тиімді пайдаланылуы экономиканы жақсартудың негізі болып табылады. Бұл тұрғыда Сайрам ауданының дамуында да елеулі қадамдар жасалуда, және осы бағытта партия бақылауының рөлі зор.
Сайрам ауданындағы әлеуметтік-экономикалық даму аясында құрылыс сапасы мен инфрақұрылым мәселелері басты назарда. Түркістан облысы мәслихатының депутаты, «АМАNАТ» партиясының фракция мүшесі Нұржан Жамалбеков Сайрам ауданына іс-сапармен келіп, Қарасу ауылдық округі мен Әйтеке би ауылы тұрғындарымен кездесті. Тұрғындар мен ауыл билері, қоғам белсенділерінің басты мәселелері ретінде жол және таза ауыз су тапшылығы көтерілді.
Аудандағы негізгі жолдар мен инфрақұрылым нысандарын жөндеу және жаңарту бойынша бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Мысалы, Сайрам аудандық маңызы бар КХSR-16 автомобиль жолының 8,1 шақырымдық күрделі жөндеу жұмыстары «Шымкентдорстрой» ЖШС тарапынан жүргізілуде. Бұл мақсатқа 719 миллион теңге бөлінген. Алайда жолдағы ауыр жүк көліктерінің салмағынан зақымдар пайда болды. Ауыл тұрғындарының ұсыныстарымен мердігер мекеме тарапынан жөндеу жұмыстарын қайта жүргізу жоспарланды.
Сонымен қатар, Ақсукент-2 ауылында облыстық маңызы бар КХ-3 жолының жөнделуі кезінде Әйтеке би ауылындағы жолдарда қосымша ақаулар пайда болды. Бұл жағдайды ескерген облыстық және аудандық депутаттар мердігер мекемеге жолды қалпына келтіру бойынша қосымша жұмыстар жүргізуді тапсырды. Бұл жұмыстар 2024 жылдың маусым-шілде айларында аяқталады деп күтілуде.
Аудандық және облыстық депутаттар тарапынан жол жұмыстарының сапасына мониторинг жүргізіліп, құрылыс нысандарының тексерілуі Партиялық бақылау комиссиясының бақылауында. Әйтеке би ауылында жолға арналған таразы құрылғысы орнату да жоспарланған.
Аталған мәселелермен қатар, Сайрам ауданының тұрғындары таза ауыз су мәселесін де көтерді. Бұл мәселе бойынша да облыстық мәслихат депутаты Нұржан Жамалбеков партиялық бақылау аясында «АМАNАТ» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінде тиісті шаралардың қабылданатынын жеткізді.
Сонымен қатар, Қарасу ауылдық округі, Ақбай ауылының тұрғындары да жол сапасы бойынша шағымдарын білдірді. 2024-2025 жылдары аралығында Қарасу-Ақбай орталық маңызы бар жолға асфальт төсеу жұмыстары жүргізілгенімен, қазіргі таңда жолдың сапасы талапқа сай болмағандықтан, ауыл тұрғындары мердігер мекемесіне наразылық білдірген. Мердігерге кепілдік мерзіміне сәйкес, жолдың ойылған жерлерін қайта қалпына келтіру тапсырылды.
Жалпы, Сайрам ауданында құрылыс сапасы мен әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының жағдайы партия бақылауында болғандықтан, барлық жұмыстар уақытылы және сапалы жүргізілуде. Партиялық бақылау комиссиясы, мәслихат депутаттары және құқық қорғау органдарының бақылауы нәтижесінде аудан тұрғындарының барлық көтерген мәселелері шешімін табатын болады.
С.Сәулебай