Басқарма басшысы Мұздыбеков пе әлде Далиев пе?
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірде бюджет қаржысына басталып, әртүрлі себептермен аяқсыз қалған жобаларға талдау жүргізілді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
– Әлеуметтік саланы дамыту – басым бағыттардың бірі. Проблемалық нысандардың ішінде халыққа қажеттісін, су, жарық, жолмен қамтуды бірінші шешуіміз керек. Оларды жүзеге асыру жолдарын белгілеуіміз қажет. Халық игілігі үшін басталған жобалар уақытылы пайдалануға берілсін. 2025 жылға дейін облыс түрғындары таза ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз етілуі тиіс,–деді облыс әкімі.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков басқарма тарапынан аудан, қала әкімдіктерімен бірлесе құрылған жұмысшы топ жүргізген мониторинг нәтижесін баяндандады. Мониторинг жұмыстарының қорытындысымен, облыстың әрбір елді мекенінің инфрақұрылыммен қамтылуы бойынша төлқұжаты әзірленуде. Басты мақсат – елді мекендерді ауыз сумен, сапалы электр қуатымен, табиғи газбен және кәріз жүйесімен қамтамасыз ету. Маңызды жұмыс барысын толық бақылау. Басталған жобаларды аяғына жетізіп, ел игіліне беру.
Байқағандарыңыздай, әкімдіктің таратқан мәліметінде Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков екендігі келтірілген. Ашық дереккөздерінен алынған мәліметтерге қарағанда, ол осы шілде айына дейін Жамбыл облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары болып қызмет еткен. Әкімдік бұған дейін оның басқарманың басшысы лауазамына тағайындалғаны туралы ешқандай мәлімет таратқан жоқ. Әкімдіктің ресми сайтында аталған басқарманың басшысы ретінде әлі Сәкен Далиевтің аты-жөні жазылуы тұр. Сонда бұл не жұмбақ?