Көксәйекте спорт кешені салынып жатыр
Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев аудандағы бірнеше құрылыс нысандарын аралады. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Аудан басшысы ең алдымен Көксәйек ауылдық округіндегі спорт кешенінің құрылысымен танысып, мердігер мекеме басшысымен кездесіп, атқарылған жұмыстарға көңіл бөлді.
Аталмыш ауданның таулы аумағына барар жол торабында орналасқан, халық саны жөнінен үшінші орында тұрған Көксәйек ауылдық округі тұрғындары спорт кешенінің қажеттігі жөнінде бірнеше рет мәселе көтерген болатын. Бұл ретте, округ халқының өтініші ескерілді, аудан әкімінің бастамасымен республикалық бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, биыл спорттық кешеннің құрылысы басталып, нысан 2024 жылы қолданысқа берілмек.
Одан бөлек, Момынай ауылдық округіндегі Мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарымен танысып, мердігер мекеме өкілдеріне құрылысты биыл көрсетілген мерзімге дейін аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, екі құрылыс нысандарының да ауласын абаттандыруға да айрықша назар аударуды тапсырды.