Түркістан: Отбасын қолдау орталықтары құрылады

Oinet.kz 22-07-2023 223

28.jpg

Түркістан облысы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының кезекті отырысы өтті. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиынға Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева, полиция департаментінің, облыстық прокуратура, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, ішкі саясат, мәдениет, дін істері, спорт басқармалары басшылары, орынбасарлары, Түркістан облысындағы бала құқығы жөніндегі уәкіл және аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Жиынды Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев жүргізіп отырды. 

Комиссия отырысында Түркістан облыстық полиция департаменті өкілінің кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған құқық бұзушылықтар мен қылмыстар және профилактикалық жұмыстар туралы дерегі баяндалды. 

Бірнеше аудан әкімдері орынбасарлары бала құқығын қорғау бағытында атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Сонымен бірге өңірдегі келеңсіз оқиғалар талқыланып, түрлі мемлекеттік мекемелердің жұмысына сын-ескертпе айтылды. Мұндай жағдай қайталанбауы үшін жұмысты күшейту керектігі қозғалды. Пробациялық бақылау, пробациялық бақылауда жүрген тұрғындарды жұмыспен қамту, балаларға қауіпсіз орта қалыптастыру бағытында ұсыныстар берілді. Суицид, әлімжеттік, балалар құқықын қорғау бойынша мамандар пікірі тыңдалды. 

Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева саладағы кемшіліктерге тоқталып, бұл бағытта барлық құзырлы орган, мемлекеттік мекемелер бірлесе әрекет етуі керектігін жеткізді. 

– Бала құқығын қорғау, олардың бақытты өмір сүруін қамтамасыз ету – бәріміздің міндетіміз. Әр мемлекеттік мекеме, басшылар, құқық қорғау органдары мен ата-аналар өз міндеттеріне жауапкершілікпен қараулары тиіс, – деді ол. 

Түркістан облысында балалар құқығын қорғау, зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында 2025 жылға дейін 15 ауданда және 2 қалада Отбасын қолдау орталықтарын құру жоспарланып отыр. Отбасы институтын нығайту, білім мекемелерін жаңарту, оқушыларға заман талабына сай жағдай жасау, мектепте бала құқығы бойынша кеңестер беру, қосымша үйрімелерді көбейту бағытында жұмыстар күшейтіледі.


Арыста тұқымбақ ашылды
Бала құқығы дөңгелек үстелде талқыланды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу