Түркістан балық өндіруден көш бастап тұр

Oinet.kz 22-07-2023 237

26.jpg

Түркістан облысы балық өндіруден көш бастап тұр. Бүгінде Түркістан облысы бойынша тауарлы балық өсірумен 156 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Мемлекет тарапынан акваөсіруді субсидиялау балық шаруашылығын дамытуға оңды ықпалын тигізуде. Облыста жасанды жолмен балық өсіру саласының әлеуеті өте жоғары.

Бүгінде балық шаруашылығымен айналысушыларға мемлекет тарапынан тиісті жеңілдіктер, субсидиялар беріліп отыр. Осы орайда Түркістан облысы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен бір топ БАҚ өкілдері Созақ ауданындағы «Бабата» су қоймасындағы «Kaz.Gold.Fish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өңірдегі тауарлы балық өсіру шаруашылығының жұмысымен танысты.

Жалпы Созақ ауданында тауарлы балық өндірумен 8 шаруашылық айналысады.

«Kaz.Gold.Fish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Нұрахмет Қазақбаевтың айтуынша, 2015 жылдан бері өз жұмысын бастаған «Kaz.Gold.Fish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл 180 тонна өнім алып, күзде тағы 500 мың дана шабақ жіберіп 200 тонна өнім алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, балық өсіру кезінде пайдаланылатын азықты сатып алуға жұмсалатын шығындардың 30 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. 

«Бүгінде «Бабата» су қоймасында тауарлы балық өсірумен айналысып, жұмысымыздың жемісін көріп отырмыз. Оның ішінде дөң маңдай, ақ амур және сазан балықтары бар. 2018 жылдан бері мемлекеттен қажетті қолдаулар болып жатыр. Өткен жылы облыс әкімінің тапсырмасымен тиісті басқарма осы тауарлы балық өсірушілерді қолдап, қазір мемлекеттен субсидия беріліп жатыр. Тауарлы балықпен айналысу оңай шаруа емес, бір жылда өнім ала алмайсың. Салған шабақ үш жылдан кейін ғана өнім береді. Сол уақытқа дейін қаражат салып, шабақтарды бағып үлкейту керек. Өткен жылы облыс әкімі біздің балық жемін шығаратын зауытымыздың жобасымен танысты. Жемі болмай бұл саланы дамыту қиын. Облыс әкімінің тапсырмасымен жеңілдетілген несие беруге ұсыныс берілді. Несие берілсе енді біз балықтың жемін шығаратын зауыт салмақпыз. Жемді өзіміз шығаратын болсақ, балықтан пайда мол болар еді. Біздің балықтар экспортталатын балық емес. Қазір тек өзіміздің ішкі базарларға сатылады. Келешекте көк серке балығын да өсіруді қолға алып, балық өнімдерін қайта өңдеу зауытын іске қосуды көздеп отырмыз», - деді Нұрахмет Қазақбаев.

Қазіргі таңда ауданда жеті мекеме бірігіп, Созақ балық өнімдері ауылшаруашылық өндірістік кооперативін құрып, балықтың жемін шығаратын зауыт салуға жұмыстар жүріп жатыр. Әзірге жемді сырттан сатып алып отыр. 

Еске сала кетсек, Созақ ауданындағы «Kaz.Gold.Fish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2015 жылы 100 мың шабақ, 2016 жылы 120 шабақ, 2017 жылы 80 мың шабақ, 2018 жылы 120 мың шабақ, 2019 жылы 100 мың шабақ, 2020 жылы 400 мың шабақ, 2021 жылы 900 мың шабақ, 2022 жылы 750 мың дана шабақ салған. Ол шабақтар инкубациялары бар қожалықтардан сатып алынған. Келешекте шарушылықтың өзі инкубацияларды орнатып шабақ шығаруды да қолға алмақшы.

Облыста жоспарға сәйкес, жаңадан 30 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде 4 кәсіпкер үйіргелік аулада ашылып, жұмыстар жалғасып жатыр. Сонымен қатар, балық шаруашылығымен айналысатын 14 кәсіпкер «Түркістан ӘКК» акционерлік қоғамы арқылы 5,4 млрд. теңге көлемінде жеңілдетілген несие алу бойынша құжаттарын өткізген. Оның ішінде 4 шаруашылыққа 1,6 млрд. теңге несие беру қарастырылып жатыр. Жалпы облыста қуаттылығы жылына 15 мың тоннаға жететін 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Атап өтсек, Шардара ауданы – «Хамит» АӨК, ЖК «Жалғасбаев», «Шардара балық – 1» ЖШС, «Саодат» ЖШС, «Бәйтерек БММ» ЖШС, Сайрам ауданы – «Көмеш балық» ЖШС, Түлкібас ауданы – «First Fish Company» ЖШС.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі


Ең үлкен сексеуіл алқабы – Созақ өңірінде
Арыста тұқымбақ ашылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу