Министр Түркістанда Полиция департаментінің жаңа ғимаратын ашты
ҚР ІІМ М.Ахметжанов Түркістан облысына арнайы іссапармен барып, Полиция департаментінің жаңа ғимаратының ашылу рәсіміне қатысты.
ІІМ басшысы Марат Ахметжанов киелі өңірдегі іссапарын облыс орталығы - Түркістан қаласындағы туристік полиция қызметімен танысудан бастады. Еліміздің бас полицейі туристік аймақта тұрғындар қауіпсіздігін сақтайтын полицейлерді тексерді.
Одан әрі "Конгресс-холл" салтанат сарайында Түркістан облысы тұрғындарымен кездесу өткізді. Аталған шара Ішкі істер министрлігінің әлеуметтік желідегі парақшаларында тікелей эфирде көрсетілді. Жиын барысында аймаққа тән проблемалар қаралып, өзекті тақырыптар көтерілді.
М.Ахметжанов еліміздегі қылмыс деңгейі жыл басынан бері 19%-ға төмендегенін, ал Түркістан облысы республика бойынша қылмысы ең аз облыстар қатарынан түспей келе жатқанын жеткізді. Сондай-ақ тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, өзекті мәселелері бар арызданушыларды жеке қабылдады. Оған қоса жергілікті БАҚ өкілдерімен брифинг ұйымдастырылды.
Одан әрі министрдің іссапары Түркістан облысы ПД-нің жаңа ғимаратының ашылу салтанатымен жалғасты. Марат Ахметжанов пен облыс әкімі Дархан Сатыбалды ғимараттың лентасын қиып, аралап шықты. Жалпы жаңа ғимаратта тәртіп сақшылары алаңсыз жұмыс істеуі үшін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, барлық жағдай жасалған.
Одан бөлек Полиция департаментіне тиесілі соңғы заманауи үлгідегі көліктер (Кибер-шериф пен Кордон Про-М, Автоураган) мобильді кешендер, қару-жарақтармен таныстырылды.Сондай-ақ департаменттің арнайы алаңында Мемлекеттік ту көтеріліп, жеке құрамның салтанатты саптық шеруі өткізілді. Министр әріптестерін заманауи талаптарға сай жасақталған жұмыс орнымен құттықтап, қызметтеріне сәттілік тіледі.
Министр М.Ахметжанов Полиция департаментінің құрылысын жүргізген «Авторемстрой ЛТД» ЖШС директоры С.Ералиев пен Жедел басқару орталығының сапалы құрылысы үшін «МК Технострой сервис» ЖШС директоры А.Жарылқаповты марапаттап, алғыс білдірді.
Айта кетсек, облыстық Полиция департаменті ғимараты толық заманауи техникамен жабдықталып, жиһаздары орнатылып, пайдалануға берілді. 4 қабатты ғимараттың ауданы – 15 365 м2.
470 адамға арналған Полиция департаменті ғимаратының жалпы жер ауданы – 4000 м2. Ғимарат бірнеше блоктан тұрады. Мәжіліс залы, спорт залы, тир, 30 көлікке арналған арнайы тұрақпен қамтылған.
Сондай-ақ министр М.Ахметжанов жаңа ғимараттың жанында орналасқан еліміздегі ең ірі кешеннің бірі, соңғы үлгідегі 126 монитор орнатылған Жедел басқару орталығы жұмысымен танысты. Бұл орталық арқылы облыстағы көшелер мен жолдар, барлық білім ұялары қадағалауда. Полиция жұмысының қайнар көзі саналатын орталықта «102» желісіне соғылатын қоңыраулар қабылданады. Әрбір қоңыраудың артында үлкен командалық қызмет атқарылады. Ғимараттың жалпы ауданы – 3 га.
Осылайша М.Ахметжановтың Түркістан облысына іссапары жеке құраммен өткізілген жиналыспен қорытындыланды.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі